Көктемнің алғашқы айы аяқталуға жақын. Алайда «бір күні жылға азық» болатын осынау мезгілде еліміздің түрлі аймақтарында шаруалардың арасында дән себу жұмыстарына даярланып үлгермейтіндердің қарасы қалың. Рас, теріскейдегі қардың көбесі әлі сөгілмеді, сондықтан астықты өңірлерде егін егу науқаны әлі бастала қойған жоқ. Ал күнгей аймақтарда диқандар дала жұмыстарын бастап кетті. Бірақ шаруалардың қолын байлайтын мәселелер де аз емес.
Миллиардтар бөлінген маусымдық жұмыс
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Айдарбек Сапаров көктемгі дала жұмыстары үшін барлық жағдай жасалғанын айтады. Оның сөзінше, биыл егіс алқаптарының құрылымы 23,1 млн гектарды құрайды. Бұл былтырға қарағанда 125 мың гектарға көп. Жемшөп дақылдарының алқабы да едәуір ұлғайтылып, 3,6 млн гектарды құрады.
Министрлік тұқым қорлары 100% әзірленіп, сараптамаға 1,5 млн тонна жаздық дақылдар тұқымы келіп түскенін жеткізді. Оның 90%-ы қажетке жарамды көрінеді. Ал соңғы 5 жылда тұқым өндірушілерді егіс техникасымен қамтамасыз ету 89,4%, егін жинау 92%, тұқым тазалау 81,4%-ға дейін өскен. Егіс науқанын жүргізу үшін 144 мыңнан астам трактор, 4,7 мың бірлік өнімділігі жоғары егіс кешендері, 77 мың тұқым сепкіш, 221 мың топырақ өңдеу құралдары бар. Сондай-ақ Айдарбек Сапаров егіс жұмыстарын жүргізуге өңірлердің дизель отынына қажеттілігі 400 мың тоннаны құрағанын жеткізді. Минералды тыңайтқыштарды енгізу көлемі – 659 мың тонна. Барлық өңірлерге минералды тыңайтқыштар жөнелтілген. Қазір 56 мың тонна, оның ішінде оңтүстік өңірлерге 16,9 мың тонна тыңайтқыш тиелген. Қоймаларда импорттық тыңайтқыштар да бар. Әкімдіктер тарапынан субсидиялауға 27 млрд теңге бөлінсе, пестицидтерді субсидиялау бағдарламасына 29,7 млрд теңге қарастырылған. Бұл егіс алаңын 100% өңдеуге мүмкіндік беретін көрінеді.
Министрліктің берген мәліметіне сенсек, миллиардтар бөлінген маусымдық жұмысқа дайындық жоғары деңгейде. Ендеше аймақтағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер неге базына айтады?
Көктемгі дала жұмысына кедергі көп
Жақында өңірлерге барған Мәжіліс депутаттарына шаруалар көктемгі дала жұмыстарына мемлекеттік қолдау шараларының жоқтығын айтып шағымданған еді. Одан бері де біраз уақыт өтті. Айтуларынша, аймақтағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің мұңынан министрлік мүлде бейхабар. Фермерлердің сөзіне сенсек, жеңілдетілген жанар-жағармай жетіспейді. Бағасы да қымбат. Минералды тыңайтқыштардың және қосалқы жабдықтардың бағасы былтырмен салыстырғанда 2-3 есеге көтерілген. Егіс тұқымының жоқтығы да қолбайлау болса, әлгі айтқан «Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгі дала жұмыстарының қаржыландыруы әлі күнге дейін басталмаған. Ағын су тапшылығы жылдар бойы айтылып келе жатыр. Соңғысы министрліктің субсидия бағдарламалары бойынша тұрақты ұстанымы жоқ.
Қазақстан фермерлері қауымдастығының атқарушы директоры Әкбар Мәуленов министрлік мамандары айтып отырған 400 мың тонна арзандатылған дизель отыны шаруаларға жеткенше мың құбылатынын айтады. Литрі шамамен 200 теңгемен сатылатын жанар-жағармай нарықтағы бағадан 15-20 пайыз арзан. Дегенмен тасымалдау кезінде шаруалар да нарықтағымен бірдей бағада алады. «Жеңілдетілген дизель отынын бөлетін операторларды әкімдіктер өздері айқындайды. Бұл әдіс шаруалар үшін тиімсіз. Себебі операторлар фермерлерді көрсе, кірпідей жиырылады. Сол үшін фермер өзіне қажетті көлемдегі дизель отынын қалаған жанар-жағармай бекетінен алуы керек. Ары қарай алынған отынның белгілі бір көлемін субсидиялау жағын қарастыру қажет. Бұл фермерлерге қомақты көмек болатын еді», – дейді Әкбар Мәуленов. Сондай-ақ ол тұқымның сапасын тексеру де ақсап тұрғанын жеткізді. Оның үстіне, субсидияланатын тыңайтқыш мәселесі де шешімін таппаған. Бөлінген қаражат былтырмен, арғы жылғы бағамен қалыпты. Тыңайтқыш бағасы екі есе қымбаттады. «Техниканың өзін жылына кем дегенде 10-15 пайыз жаңалау керек. Өкінішке қарай, қазір жаңалану деңгейі 6-7 пайыз ғана», – деп отыр қауымдастықтың атқарушы директоры.
Қауымдастықтың Атырау облыстық филиалының төрағасы Мұрат Сарманов егіншілер өз тыңайтқыштары мен дәндерін алып, дала жұмысына кірісіп кеткенін айтады. Әйтсе де, техниканы бұған дейін көршілес облыс пен Ресейден алып келген атыраулық фермерлердің биыл басы қатып отыр. Өйткені көрші елден техника алу жағы қиындауы мүмкін, ал өздерінің материалдық базасы тозған. Қарапайым электр энергиясы, газбен жабдықтау техникаларына қатысты мәселелер шешілмеген. «Өнім сақтайтын қоймалары жоқ. Оларды салуға қаржылық жағдайлары келмейді. Өйткені несиелік қарыздар қолжетімсіз. Пайызы көп», – дейді Мұрат Сарманов. Былтыр өңірдегі шаруалар су тапшылығын әбден тартқан. Суға кеткен шығынды субсидиялау келесі жылға дейін қалғаны ғана көңілге медет.
Маңғыстау облысындағы «Меру-Ману» шаруа қожалығының басшысы Әділбек Сағындықов өңір халқы шығыны көп әрі өнім жоқтықтан егінмен айналысқысы келмейтінін жеткізді. Жерді жалға алатын қырғыздар жабайы егіншілікпен айналысады екен. Олар ұңғыдан суды айдап суарады. Ал топырақты жұмсарту үшін сепкен селитра күлі халыққа зиян. Қыс бойы егіннен қалған шаң ауылды көмеді. Мал шаруашылығымен айналысатын шаруалар өз күнін өзі көріп жатыр. Үкіметтен бір тиын алмай халық болып жинаған 100 мың долларға жаңбыр жауғызатын құрылғы алынған. Соның арқасында биыл облыста жаңбыр жауып тұр. Оның өзі сәуір мен мамырға ғана. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдік «құрылғының қажеттілігін көрген соң қарасатындарын» айтыпты. Былтырғы қуаңшылықтан 70 пайыз малынан айырылған маңғыстаулықтар мал басына берілетін субсидияның барын, ол үшін қандай құжат жинау керегін де білмейді екен. Себебі субсидия туралы ақпарат халыққа толық жетпеген.
Каналға қашан қан жүгіреді?
Жері құнарсыз Маңғыстау облысы ғана емес, Алматы облысының шаруалары да жергілікті әкімдіктің жылда беретін уәдесіне сеніп келеді. «Еңбек» КХ басшысы Бейбіт Ғабдуллин субсидиядан бұрын талай жылдан бері айтыла-айтыла жауыр болған Үлкен Алматы каналын сумен толтыру мәселесі шешімін таппай келе жатқанына қынжылыс білдірді. «Дайын тұрған каналға су жібере алмай отырғанда, субсидияны айтудың өзі біртүрлі. Былтыр 40 см жерге төледім, алғаным 10 см. Биіктігі 30 см болатын жерді суара алған жоқпын. Су жетпеген соң ойдағыдай өнім ала алмадым», – дейді Бейбіт Ғабдуллин.
Жердің жәннаты есептелінетін Жетісу жерінде ағын су тапшылығы шаруалардың мұңына айналған. Өңірдегі ортақ мәселені бірнеше қожалық иесі тиісті мекемелер мен Мәжіліс депутаттарына да айтқанды. Бірақ нәтижесі шамалы. Өйткені суғару каналдардың дайындығы тасбақаның жүрісіне салынып келеді. «Қайта жөндеу жұмысы жүргізіледі» деп бұзып тастаған суғару каналдың жұмысын жауаптылар соңына дейін жеткізбепті. Әсіресе, Талдықорған қаласының ішіндегі ауыл шаруашылығына арналған каналдардың жағдайы нашар. Айталық, Балықты өзенінің су сақтау деңгейі жоғары бола тұра қойма салу мәселесі әлі кешеуілдеп жатыр. Салдарынан өзеннің суы Балқашқа ағып, шаруалар жаз бойы сусыз отыруға мәжбүр.
Тыңайтқыш тапшы, техника тозған
Министрлік тұқым мен тыңайтқыш молынан екенін айтқанымен, өңірлерде тапшылық жоғары. Тиісінше бағасы да қымбат. Ал субсидиялау соңына жетпеген. Амал жоқ, кейбір фермерлер қолдағы барына қанағат етуге мәжбүр. Кейбіреулері қыс бойы жиналған сиырдың көңін тыңайтқыштың орнына қолданып жатыр. Себебі тыңайтқыш тапшы. Бағасы да қымбат. Оны тасымалдау да арзан емес. Жанар-жағармайдың бағасы да қымбаттап кеткен.
Елімізге келетін тыңайтқыштың көбісі Ресейден жеткізіледі. Көршідегі қазіргі жағдайдан кейін отандық шаруаларға тыңайтқышқа қол жеткізу қиындап тұр. Ал «Қазфосфат», «ҚазАзот» сияқты тыңайтқыш өндіретін отандық агрокомпаниялар өнімдері қымбат болғандықтан, ішкі нарықта сұранысқа аз. Мәселен, «Жер-Ана» шаруа қожалығы бұрын маусымдық жұмысқа бір вагон тыңайтқыш алып келсе, биыл бұл арманға айналып тұр. «Қазір ресейлік тыңайтқыштар қымбат бағаға Еуропаға кетіп жатыр. Күніміз өзімізде өндірілетін тыңайтқыштарға қарап тұр. Бірақ ол бүкіл фермерге жетпейді. Жетіспеушілік бағаның өсуіне алып келді. Екі жылдан бері тыңайтқыш ала алмай отырмын. Сондықтан өнім де азайды. Несиеге алайын десем, ары қарай ақталарына сенім жоқ. Тыңайтқышты алғаныммен, су жоқ, ескірген техникамен қарызға батып қалуым мүмкін», – дейді қожалық басшысы Әнуар Мұратұлы.
Оның үстіне, техникаларды сатып алу мен жалдауда да шешімін таппаған мәселе шаш етектен. Әнуар Бөкенов ауыл шаруашылығы техникаларының тозығы жеткенін айтады. 2016 жылдан бастап тиісті жерлерге хат жолдағанмен, әзірге тұшымды жауап жоқ. «Заманауи инновациялық технологияны пайдаланбасақ, біздің жұмысымызда нәтиже болмайды. Қырық жылғы техникамен жұмыс істеу үлкен шығын. Ескірген техниканы жөндету мен құрал-саймандарын сатып алу қымбат. Алматы облысындағы 300-ден аса қожалықтың техникасы 80 пайызға ескірген. Техника сатып алайық десек, пайыздық мөлшерлемесі үлкен», – дейді қожалық басшысы.
Мемлекет басшысы көктемгі егіс науқанына мемлекеттік қолдау шаралары ешкімді әуре-сарсаңға салмай, дер кезінде жасалуға тиіс екенін айтып еді. Бірақ биылдың емес, былтырдың субсидиясын жарты жылдан бері ала алмай жүргендер бар. Ал алдыңғы аптада Президент егіс науқанын сапалы өткізу басты мақсат екенін тағы айтты. Алайда шаруалардың мұңы жоғарыға жетпейтін сияқты. Әлде ауыл шаруашлығындағы күрделі мәселелерді шешуге келгенде салаға жауапты шенділер салғырттық таныта ма, кім білсін?!