"Қазып ағзасын алған": Шымкентте бейіттер аршылып жатыр
"Қазып ағзасын алған": Шымкентте бейіттер аршылып жатыр
582
оқылды

Шымкенттің Қайтпас елді мекеніндегі мазаратта бейіттер аршылып, үйілген топырағы үңірейіп ойылып жатыр. Мұны байқаған кейбіреулер "бұл әдейі істелген әрекет" деп әлеуметтік желіні шулатқан. Бірақ ауыл ақсақалдары мен дін өкілдері мүрделердің топырағын толассыз жауын ойып жіберген дейді. Бұл туралы 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасы хабарлады.

Бір айға жуық уақыт бойы күнделікті толассыз жауған жауынның салдарынан бейіттердің басы аршылып кетіп жатыр. Қайтпас елді мекеніндегі 50-ге жуық мүрденің жайы осындай. Мәйіттерге су өтіп кетпес үшін жұртшылық клеенкалармен жауып қойған. Көр қазушылар мен жергілікті жұртшылық мазар басында бейіттердің басын қайта жабуға кіріскен. Оған ауа райы да қолайлы. Шеттен топырақ тасымалдап, тағы да жауынға қалмастан, мүрделердің бетін жабуға үлгеріп қалмақ. Әу баста бұл жағдайды байқаған бәз біреулер әлдебір қаскөйлер әдейі істеген деп, әлеуметтік желіде жұрттан көмек сұраған еді. Байбына бармағандар қалың қауымның үрейін ұшырған дейді мұндағы жұмысшылар.
"Мүрденің төбесі құлаған, ал қыштары жанында тұр. Түсінбейтін адамдар көп. Олардың не айтқанын кеше естідік. Еш дене көрініп жатқан жоқ. Оны өздеріңіз көрсеңіздер де болады. Кейбіреулер қазып, ағзасын алған деп жатыр. Алла сақтасын, ондай болмаған", - деді көр қазушы Табек Давлатов.
Мидай тегіс жазық жер кезінде бидай алқабы болған екен. Көр қазушылар бейіттердің бұлай аршылуына бұл маңдағы құнарлы топырақ та себеп болуы мүмкін, дейді. Ылғал түссе бірден лайға айналатын аумақты адам жерлеуге келмейді деп, күні кеше ғана кейбіреулер мәйіттерді қайта қаздырып алуға ұмтылыпты. Тек имамдар бұған дер кезінде тосқауыл қойған.
"Бұл жерден қайтадан қазып алу керек, тағы басқадай жағдайлар жасап, қайтып ішін дұрыстаймыз деген ниетпен жүрген азаматтар болды. Ол негізі шариғатымызда құпталмайтын, Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының бұл жөнінде пәтуада да, бұны тек топырақпен қайтып көміледі. Әруақтарды, жатқан мәйіттің денесін қорлап, оны мазалауға рұқсат етілмейді", - деді Қаратау ауданының бас имамы Дастан Желеуов.
Бас имам жерлеу кезінде көр қазушылардың кейбір тұстарды ескермей қалуы мүмкін екенін де жасырмайды. Ал әкімдік енді өзге жердің топырағын алдырып, бейіттің басын сонымен бекітіп көрмек. Демеушілер есебінен ашық қалған мүрделерді осылай жаппаса, қазынадан оған қаражат қаралмаған.
"Ауданда осындай 25 мазарат бар. Соларға 29 млн теңге ақша бөлінген. Күтіп ұстау, мазараттардың шөбін ору, мусорын тазалау, талын кесу, қоршаудағы сынған жерлерін жөндеу сияқты жұмыстарға арналған ақша", - деді Қаратау ауданы әкімдігінің бөлім басшысы Нұржан Дүйсенов.
Ауыл жұрты мен дін өкілдері бұның бәрі табиғаттың ісі, дейді. Күн райы қолайлы болса, бірер күнде бейіттер түгелдей қалыпқа келтіріледі деп отыр.