Солтүстік Қазақстан облысында Наурыз тойы қып-қызыл төбелеспен аяқталды. Бұлақ ауылы округі әкімдігінде 43 жастағы тұрғынды жеті жігіт жабылып сабаған. Төбелеске ауыл әкімі де қатысқан дейді таяқ жеген азаматтың туыстары, - деп хабарлайды КТК арнасы.
"22 наурыз күні біздің елде әкімнің кабинетінде, әкімнің ұйымдастыруымен көп арақ ішу шарасы болды. Сол жерде төбелес басталып, жеті-сегіз кісі жабылып менің баламды ұрып тастады. Мен барып айырып алғанша, тоқтаусыз хабар келіп, екі-үш сағат бойы ұрған. Қазір балам ауыр халде ауруханада жатыр", - деді жәбірленушінің әкесі Серкелбай Тыныбеков.
Оңбай таяқ жеген Нұрлыбек Тыныбеков сот-медициналық сараптамадан өткен. Дәрігерлер оның қабырғасы, мұрны, көз маңайындағы жұқа сүйегі және қол шыбықтары сынған дейді. Баласын ұрып жатқанын сол жерде болған жігіттердің бірі әкесіне телефонмен хабарлаған.
Серкелбай ақсақал келсе, үстіндегі жейдесі де жоқ баласы әкімдіктің ішінде ес-түзсіз жатқан. Ауыл әкімі Болат Бейсенбаев та, оның қызметкерлері мен бірнеше ауыл жігіттері де сол жерде болған. Айтуынша, әкімдік ғимаратында Наурыз мерекесін тойлағандар арақ ішіп, Нұрлыбекті соққыға жыққан.
Қазір мемлекеттік қызметкерлердің әкімдік ғимаратындағы әрекетіне қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталған. Ал ауыл халқы қол жинап, әкімді қорғауға көшіпті. Тоғыз ай бұрын ғана сайланған Болат Бейсембаев төбелеске таяқ жеген жігіттің өзі кінәлі, дейді.
"Әкімдікке ішімдік әкелген. Біздің байқауымызша, өте мас күйде болды. Ішімдік ішкен. Бізді арандатып, шық деген әрекетімізге көнбеді. Ғимарат ішінде құлап, сүрініп, шығара алмай әлек болдық. Содан кейін осындай жағдай болды. Бізге арыз жазып жатыр, маған, менің әріптестеріме арыз жазып жатыр", - деді Бұлақ ауылы округінің әкімі Болат Бейсембаев.