«Асыл Арман» тұрғын үй кешенінің тұрғындары Іргелі ауылын Алматы қаласына қосуды сұрап петиция жариялады. Петицияға қазір 2 мыңнан астам адам қол қойған.
Тұрғын үй қаланың батысынан үш километр жерде орналасқан. Нақтырақ айтсақ, Іргелі ауылы Алматы қаласымен шекаралас аумақта. 20 мыңнан астам адам тұратын тұрғын үй кешенінде көбіне көпбалалы, үлкен отбасылар тұрып жатыр. Сондағы тұрғындардың 80 пайызы қалаға барып жұмыс істейді.
«Тұрғын үй кешенінің тұрғындары облыста тіркелгендіктен, коммуналдық төлем қымбаттау, қоғамдық көліктердің жетіспеушілігі, мектеп пен балабақшалардың болмауы, ипотека бағдарламаларына қатыса алмау сынды көптеген қиындықпен бетпе-бет келіп отыр. Оған қоса, салынып бітпеген жол айырығы мен жаяу жүргіншілер көпірінің салдарынан тұрғындар балаларын мектепке апаруы қиындай түсті. Осыған байланысты «Асыл Арман» тұрғындарының қалаға қосылуын қолдауды сұраймыз", – делінген петиция мәтінінде.
«Асыл Арман» тұрғын үй кешенінің меншік иесі – Samruk-Kazyna Construction АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов жиын өткізіп, тұрғын үй кешенінен қалаға тікелей шығатын жолдың болмауынан тұрғындар бұрылу арқылы қосымша 10 шақырымды айналып өтуде. Салдарынан тұрғындар арасында әлеуметтік шиеленіс туындауда.
«Осыған байланысты, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-мен қала бағытына қарай №1 шығу жолының жанындағы Ташкент тасжолында жол айрығын салу кезеңінде уақытша бұру жолын ұйымдастыру мәселесі шешілді. 20 000 адамнан астам тұрғындар үшін жол жүру уақытын едәуір қысқартады. Жоспарда білім беру мекемелерін салу көзделмегенін ескере отырып, мектеп және мектепке дейінгі жастағы 6 мыңнан астам баланы білім беру мекемесімен қамтамасыз ету мәселесі тұр. Қоғам Білім және ғылым министрлігімен, Алматы облысы Қарасай ауданының әкімдігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, «Асыл Арман» жанында мектеп салу мәселесі қарастырылып жатыр», – делінген жиналыс хабарламасында.