Тұрғындардың өтініші тыңдалды
Тұрғындардың өтініші тыңдалды
299
оқылды
Кезектен тыс ХХІІ съезде пар­­тия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев партия жұмы­сын қайта жан­дандыруды тап­­­сырып, партия­ның қоғам­дық қабылдау бөлмелері ша­ғымдармен ғана емес, елді да­­мыту бойынша нақты идея­лармен келетін азаматтар үшін тартымды орынға айналуы тиіс екенін атап өтті. Осыған орай «AMANAT» пар­тиясы Қы­зылорда облыстық фи­лиа­лы­ның мобильді көшпелі қа­был­дау топтары Жалағаш, Сырда­рия, Қазалы, Шиелі, Жаңа­қор­ған аудандарында болып, шалғай елді мекен тұрғын­да­рының мәселесін тыңдады. «Сыр өңіріндегі 5 ауданның 5 елді мекенінде ұйымдастырылған мобильді топ мүшелерінің қабыл­дауына 200-ден астам азамат келіп, өтініш білдірді. Себебі ауыл тұр­ғын­дары аудан, қала орталық­та­рына келе бермейтіндіктен, осы мүмкін­дікті пайдаланып отыр. Мобильді топ құрудағы мақсат – оларға өзіміз арнайы келіп, ұсы­ныс-пікірлерін тыңдау. Бұл жұ­мыс­тар азаматтардың мәселелерін ше­шумен қатар, ауыл­дарда шо­ғырланған проблемаларды назарға алып, жүйелі шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді» деп атап өтті республикалық мобильді топ құ­рамының мүшесі, Республи­калық қоғамдық қабылдау бөлмесі мең­герушісінің орынбасары Азамат Біржанов. Жалағаш ауданының Аламесек ауылдық округі Есет батыр ауы­лында өткен қоғамдық қабылдауда Гүлсім Жаханова ауыл көшелерін жарықтандыру қажеттілігін алға тартты. Зейнеткердің айтуынша, ауыл­да 13 көшенің 3 көшесінен бас­қаларына жарық жүргізілмеген. Осы мәселеге орай Жалағаш ау­данының әкімі Асылбек Шәменов былай деді: «Есет батыр елді мекенінде ау­дандық бюджеттен 1 млн теңгеге Көкпая көшесі жарықтандырылып, 1,4 млн теңгеге Ақарық көшесінің шамдары жаңартылды. Көтерілген мәселе шешілмей қалмайды. Ал­дағы уақытта «Қара бура» ЖШС демеушілігімен Ақарық көшесіне 25 баған, «Өңірлерді дамыту» бағ­дарламасы аясында Әбішов кө­шесіне 20 баған қойылып, жарық шамдары орнатылады», – дейді әкім. Бұдан бөлек, қабылдау бары­сында ауыл тұрғындары тарапынан ішкі көшелерді жөндеу, ауызсу, жа­йы­лым жер, егістік жерлерде рота­цияның сақталуын қатаң бақылауға алу мәселелері көтерілді. Әрбір өтініш бойынша жауапты тұлғалар мен орындау мерзімдері белгіленеді. Көшпелі қабылдау барысында мобильді топ өкілдері І топ көз мү­гедегі Жартай Ешмахановтың үйі­не соқты. Қос жанарынан айыры­лып, қабылдауға келе алмаған тұр­­­ғын өзінің өтінішін жерде қал­дыр­май, іздеп келген аманат­тық­тарға ризашылығын білдірді. «Ауылға келіп, ауыл азамат­тарының жағдайымен танысып жатқан «AMANAT» партиясының өкілдеріне ризашылығым шексіз. Мұндай көшпелі қабылдаулар біз секілді үйден шыға алмайтын аза­маттар үшін көкейіндегі мәселесін жеткізуге үлкен мүмкіндік. Менің партияға алғыстан басқа айтарым жоқ. Қызыма жұмыс іздеп көмек сұрадым, оған орналасуына ықпал етті. Түрлі әлеуметтік көмектер көрсетіп жатыр. Бұл партияның көп игілігін көріп отырмыз. Біз­дер­ді мүгедек деп назардан тыс қал­дырып жатқан жоқ. Еңбек­терінің жемісін көрсін» ,– деді ол. Аманаттықтар, сондай-ақ Сыр­дария ауданына қарасты Іңкәрдария ауылында болып, тұр­ғындар өтінішіне құлақ түрді. Ауыл тұрғындары білім ордасына күрделі жөндеу, интернет жылдамдығын көтеру, жас кәсіпкерлерге кепілсіз және төменгі пайызбен несие қарастыру сияқты ұсыныстарын жеткізді. Осы күні «AMANAT» партия­сының мобильді бригадалары Шие­лі ауданындағы Жөлек, Жаңақорған ауданындағы Қандөз, Қазалы ауданындағы Бекарыстан би елді мекендерінде де қабылдау өткізді. Жөлек ауылдық округі тұрғындары Жуантөбе елді ме­ке­нінде ауызсу жоғын айтып шағым­данса, Қандөз ауылының тұрғын­дары елді мекенді газдандыру, Бекарыстан би тұр­ғындары мал басының жыл санап көбеюі мен қуаңшылық жағдайын алға тартып, қыс мезгілінде мал ішетін судың қиындық тудыруына байланысты су ұңғымасын қазу мәселелерін көл­денең тартты. Ауыл тұрғын­дарының айтуынша, Кеңес үкіметі кезінде қазылған 7-8 бұлақ бар. Олардың су өткізу қабілеті төмен­деген. Енді бұл бұлақтарды қайта қазғанмен, экономикалық тиім­ділігі жоқ. Мобильді топ мүшесі, облыс­тық партия филиалының Атқару­шы хатшысы Л.Төрешова барлық өтініштер партияның жіті бақы­лауында болатынын атап өтті. «AMANAT» партиясының қо­ғамдық қабылдау бөлімделеріне жыл басынан бері тұрғындардан 800-ден астам өтініш түсіп, олардың 60 пайызы оң шешілді. 298 азаматқа заңнамалық тұрғыда кеңес берілді. Бүгінгі мобильді қа­былдаулар барысында азаматтардан түскен өтініштер шешімін тапқан­ша партияның тікелей бақылауын­да болып, нақты жұмыстар істеледі. Мұндай қабылдаулар алдағы сәуір және мамыр айларында облыстағы шалғай 20 елді мекенде ұйымдас­тырылады. Мобильді қабылдаулар жыл соңына дейін барлық аудан­дарды жалғасатын болады»,– деді Атқарушы хатшы.