Соңғы кездері әлемде болып жатқан оқиғалар адамзат баласының өзара бейбіт өмір сүруді әлі де үйренбегенін, саясаткерлер түрлі мүдде жолында қантөгіске барудан қашпайтынын тағы да көрсетті. Бәлкім, содан да болар, қарудың жаңа түрлері де жиі пайдаланылып жатыр. Өкінішті, әрине. Жалпы, соңғы жылдары әлем елдерінде қаруланудың жаңа кезеңі басталғандай көрінеді. Бұқараның да заманауи қаруларға деген қызығушылығы артып келе жатқан сыңайлы. Тіпті, ұрыс даласынан түсірілген бейнелерді қоғамда қалыпты қабылдай бастағандардың қарасы көп. Соғыста адам өліп жатқанына назар аударатындар қатары да сирегендей көрінеді. Әрине, біз қателесуіміз мүмкін, бірақ соңғы екі-үш жылда қару-жарақ нарығында пайда болған өзгерістер соғысты кинодағыдай еткен-ау деп тұспалдаймыз. Біздің пайымдауымызша, мұның барлығы қару-жарақ өнеркәсібіндегі жаңа техологиялардан басталды.
Гипердыбыс зымыраны қандай қару?
Жуырда Ресей армиясы Украинаға қарсы гипердыбыстық «Кинжал» зымырандарын қолданды. Кемі екі рет. Біреуін 17 наурызда, екіншісін 19 наурызда атты. Сөйтіп, ресми Мәскеу ұзақ жылдар бойы әлемге өзінің супер қаруы ретінде таныстырып келген зымыранын іс жүзінде қолданды. Әрине, жарнамасы жер жарған гипердыбыстық зымырандардан әлеуетті қарсыластардың сескенетіні рас. Өйткені дыбыс жылдамдығынан бірнеше есе тез ұшатын зымырандарға тосқауыл болатын қару әзірге жоқ. Сондықтан гипердыбыстық зымырандар ядролық қарулардан кейін тежеуші факторға ие құралға айналған сыңайда еді. Сарапшылар әзірге Ресей мен Қытайда гипердыбыстық қарулар бар екенін, АҚШ әзірлеп жатқанын айтады. Әдетте ең қолайлы жағдайда дыбыс жылдамдығы 1 224 шақырым/сағат болса, гипердыбыс одан кемі 5 есе жылдам болуы керек. Демек, гипердыбыстық зымырандар 6000 шақырым/сағат жылдамдықтан кем ұшпауы керек. Ал мұндай зымыранды әуе және зымыран шабуылына қарсы қорғаныс күштері тоқтата алмайды. Сондықтан ондай қарумен атқылаған жағдайда қирату күші мол болмақ. Теориялық тұрғыда солай. Алайда Украинада ресейліктердің «Кинжал» гипердыбыстық зымырандарын қолдануы атышулы қарудың көздеу дәлдігі тым жоғары емес екенін, тек ірі нысаналарды жойып, халықты үрейлендіруге жарайтынын байқатқандай болды. МиГ-31 немесе ТУ-122М3 ұшақтары алып ұшуға қауқарлы саналатын бұл зымырандардың теңіз күштеріне арналған нұсқасына ресейліктер «Циркон» деген ат қойғаны бар. Білетіндер Ресейдің Солтүстік теңіз флотындағы кемелерде мұндай қару бар екен. Алайда 27 ақпанда Түркия Солтүстік теңіз флотына тиесілі «Адмирал флота Касатонов» фрегатын Қара теңізге өткізбеді. Ал бұл кемеде біз айтқан «Циркон» зымырандары бар еді. Сонымен қатар Украинада ресейліктер «Искандер» тактикалық зымырандарын көптеп пайдаланып жатқаны жайлы мәліметтер бар. Батыс барлаушылар ресейліктердің Украина қалаларына 160-тан астам «Искандар» зымыранын атқанын мәлімдегені бар. Әдетте тактикалық деп аталғанымен, бұл зымырандар да дыбыстан жылдам ұшады. Тіпті, гипердыбыстық зымыран қатарына да қосуға болады. Сонымен қатар ядролық оқтұмсық алып ұшуға да қауқарлы саналады. Бірақ ресейліктер оған ядролық оқтұмсық таққан жоқ. Қазір Ресейдің түрлі аймағында «Искандермен» қаруланған 14 бригада бар екені айтылады. Оларда жалпы саны 700-ге жуық зымыран бар деседі. Бірақ бұл зымырандардың құны қанша екені белгісіз. Өйткені Ресей де, Қытай да гипердыбыстық зымырандарды сататыны жайлы мәлімет таратпады.Дронның ең мықтысы Bayraktar ма?
Заманауи соғыста адамсыз ұшақтын қондырғылар, роботтар қолдану қалыпты жағдайға айналып бара жатыр. Соңғы үш жылда түріктің Bayraktar TB2 дронының атағы жер жарып тұр. Әсіресе, Таулы Қарабақ пен Сирияда бұл құралдың өте тиімді екені байқалды. Қазір украиналықтар да бұл құралды кеңінен пайдаланып жатыр. Бірақ ұрыста адамсыз техниканы қолдануды дамыған елдер ертерек бастаған еді. Мәселе, АҚШ 2000 жылдардың басынан бері пилотсыз ұшатын аппараттарды ұрыста қолданып жүр. Мұндай құралдары арқылы Ауғанстанда, Иракта көптеген әскери операция ұйымдастырылғаны бар. Содан да болар, әлемнің 100-ге жуық мемлекеті пилотсыз ұшатын аппараттарға иелік етіпті. Әрине, барлық елде шабуылдаушы дрондар жоқ, бірақ барлауға арналған пилотсыз ұшатын қондырғылар бар. Қазақстан да осы тізімнен тыс қалған жоқ. Қазақ Қарулы күштерінде SkyLark барлаушы, Wing Loong барлаушы-шабуылдаушы дрондары бар. Енді оған отандық инженерлер жасаған «Шағала» дроны қосылуы мүмкін. 2023-24 жылдары Қазақстан Қарулы Күштері түріктің Anka S шабуылдаушы дрондарын сатып алуы ықтимал. Әрине, соңғы келісімге қатысты қазақстандық тарап тіс жармағанымен, түріктер бірнеше рет мәлімдеме жасаған. Тіпті, 80 млн долларға 6 дана Anka S алынатыны жайлы мәліметтер де тараған. Бұл ақпараттың анық-қанығына көз ұзамай көзіміз жетіп қалуы мүмкін.Жаяу әскердің «қолғанаты»
Украинадағы соғыс, әлбетте ең алдымен КСРО және Ресей қаруының сынақтан өтіп жатқан алаңы екенін мойындаған дұрыс. Өйткені ондағы шешуші рөлді кеңестік үлгідегі танктер, ұшақтар, тікұшақтар мен зымырандар, зениттік кешендер атқарып тұр. Ресейлік техниканың да көбі ескі екенін, жаңаларының өзі кеңестік мектептің жалғасы екенін ескерсек, Украина жерінде батыстың ірі қарулары жоқ. Бірақ танкке, ұшақ пен тікұшақтарға, қанатты зымырандарға қарсы қолданылатын батыстық үлгідегі қарулар тәжірибеден өтіп жатқаны рас. Әсіресе, қатардағы жаяу әскерге, арнайы мақсаттағы топтарға таптырмайтын қару көп. Батыстың 27 мемлекеті Украинаға көптеген қару-жарақ беріп жатыр. Солардың арасында FGM-148 Javelin, NLAW, Stinger, Starstreak тәрізді заманауи қарулар бар. Алғашқы екеуі көбіне танктер мен бронды көліктерге қарсы қолданылса, соңғылары әуеден төнетін қауіпке қарсы пайдаланылады. FGM-148 Javelin-нің бағасы кемі 204 мың доллар, 6 дана зымыраны қосылса, 600 мыңнан асады. NLAW одан арзан. 27 мың доллар. Алайда көбіне бір-ақ рет қолданылатын үлгілері пайдаланылады. Ал Stinger құны 250 мың доллар, ал Starstreak кешенінің құны 130 мың долларға бағаланады. Бірақ соңғысы Stinger-ге қарағанда әлдеқайда жаңа. Әрине, бұл қарулардың көбін АҚШ, Ұлыбритания мен НАТО-ға мүше өзге елдер шығарады. Бірақ мүмкіндігі жағынан олардан артық болмаса да, жуықтайтын өзге қарулар да бар екенін айтқан дұрыс. Бірақ жарнама жетіспейді. Мәселен, батыс елдері Stinger-ді айналымға енгізген кезде КСРО-да «Игла» дейтін зениттік қару пайда болған. Бірнеше түрі шығарылды. Бірақ кәсіби әскерилер болмаса, көп ешкім білмейді. Әлемде оны сатып алушылар қатары да көп емес. Демек, заманауи қару соғыс құралы ғана емес, коммерциялық табыс әкелетін тауарға айналды деген сөз. Бүгінде түрлі аймақтық қақтығыста қолданылып жатқан қарулар оларды өндірушілерге зор табыс әкеліп жатыр. Ал «тежеуші қарулардың» жөні басқа.