Украинада қалған отандастарымыз елге оралды
Украинада қалған отандастарымыз елге оралды
165
оқылды
Қазақстан Украинада қалып қойған тағы бір топ азаматын  эвакуациялады.  Бұл туралы Қазақстанның Украинадағы елшілігі өзінің Telegram  каналында жазды. «Құрметті Қазақстанның Украинадағы азаматтары, Қазақстанның Украинадағы елшілігі 2022 жылғы 28 наурыздағы жағдай бойынша Катовице қаласынан (Польша) жеті эвакуациялық рейс орындалғанын хабарлайды. Украинадан 900 Қазақстан азаматы эвакуацияланып, олардың 743-і Қазақстанға оралды. Қазір азаматтарды репатриация ұшақтарымен эвакуациялау аяқ­тал­ды. Жабық елді мекендерде қалып қойған және көрсетілген рейстермен Украинадан шыға алмаған азаматтардың өтініштері жеке тәртіпте қаралады», – делінген елшілік хабарламасында. Сонымен қатар Қазақстан елшілігі  28 наурызда Катовице қаласынан бортында ел азаматтары бар жетінші репатриациялық рейс ұшқанын да жазды. Сондай-ақ осы күндері Төтенше жағ­дай­лар министрлігі Алматыдан Поль­шаның Катовице қаласына Украина азаматтары үшін гуманитарлық көмектің кезекті партиясы салынған арнайы рейс ұйымдастырған еді. Гуманитарлық көмек жеткізген рейстер  қақтығыс аймағында қалып қойған отандастарымызды алып қайтуы тиіс болатын.