Вова ағайды көмекке шақыратынын мәлімдеген журналист өзіне полиция хабарласпағанын айтты
Вова ағайды көмекке шақыратынын мәлімдеген журналист өзіне полиция хабарласпағанын айтты
© AR
Әлеуметтік желідегі пікірінен кейін басы дауға қалған журналист Любовь Панова болған оқиғаға қатысты өз ойын айтты. Журналист желідегі дау кезінде "Вова ағайды көмекке шақыратынын" жазған, – деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Бұл жағдайдан кейін Алматы қаласының полициясы Любовь Пановаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүретінін мәлімдеген еді.
"Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 174-бабында көзделген қылмыс белгілерімен, яғни ұлтаралық алауыздықты қоздыру бойынша қылмыстық іс сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Қылмыстық іс бойынша алдын-ала тергеуді өткізу Алматы қаласы полиция департаментінің Тергеу басқармасына жүктелді", – делінген хабарламада.
Кейін журналист жұмыс істеген радиостанция Пановамен қызметтік қарым-қатынасын үзгенін хабарлады. "Любовь Панованың әлеуметтік желідегі пікірі біздің радиостанцияның саясатымен еш байланысы жоқ", - деп мәлімдеді "Еуропа Плюс Қазақстан". Ал Панованың өзі ұлтаралық алауыздықты қоздырды деген айыпты жоққа шығарды.
"Мен ұлтшылдық пікірге жауап бердім. Мені қазақтарды, Отанымды жек көреді деп айыптап, елден кетсін дейді. Менің әкем – қазақ, балам – қазақ. Қазақ достарым өте көп. Сондықтан мені не үшін айыптағылары келетінін білмеймін. Менің ойымша, олар алауыздықты қоздырып отырған секілді", – деді Любовь Панова.
Журналист қызметтен өз еркімен кеткенін де айтты.
"Жұмыстан кету туралы шешімді мен өзім қабылдадым. "Русское радио" мен "Еуропа Плюс Қазақстанға" жасалған шабуылды тоқтату үшін өз еркіммен арыз жаздым. Маған түрлі жағымсыз пікірлер айтылды. Жағдайды ушықтырмау үшін жұмыстан шығу туралы арыз жаздым", –  деп түсіндірді ол.
Сондай-ақ Панова полиция хабарласпағанын айтты.
"Құқық қорғау органдарынан ешқандай ескерту болмады, ешқайда шақырған жоқ. Сондықтан қылмыстық істің қозғалғанынан хабарсызбын", – деді.