«AMANAT» партиясы жанындағы республикалық қоғамдық кеңестер сайлауалды уәделердің орындалу барысына сапалы және жүйелі мониторинг жүргізумен айналысады. Олардың жиындарын әлеуметтік желілерде тікелей эфирде көрсету жоспарланып отыр. Еске сала кетейік, кезектен тыс ХХІІ съезде «AMANAT» партиясының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев партия жанындағы қоғамдық кеңестердің тиімділігін арттыру міндетін қойған еді.
«Қоғамдық кеңестердің бір-бірінің жұмысын қайталауына жол бермеу және жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында партия Төрағасының келісімімен және Саяси кеңес Бюросының шешімімен олардың саны 14-тен 9-ға дейін қысқартылып, басшылары бекітілді», – деді атқарушы хатшы Асхат Оралов кеңестердің жаңа төрағаларымен кездесу барысында.
«Біздің кеңестеріміз партияластардың сеніміне ие белсенді де беделді тұлғаларды тартып, оларды ілгерілету тетігіне айналуға тиіс. XXII Съезде партия Төрағасы «праймериз барысында партияға белсенді адамдар келіп, партияішілік бәсекелестік пайда болды. Бұл құптарлық жағдай» деген болатын. Сондықтан кеңестердің жұмысына елдің дамуына өз үлесін қосқысы келетін кәсіби мамандарды тарту қажет», – деп атап өтті Асхат Оралов.Өңірлік даму кеңесінің төрағасы Әмірхан Рахымжанов алдағы жұмыс жоспарымен бөлісті. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына шамамен 450 млрд теңге бөлінді. Осы ақшаның тиімді жұмсалуын бақылау – біздің кеңестің негізгі міндеттерінің бірі. Партияның сайлауалды уәделерін нақты іске асыру осыған байланысты», – деді ол. Өз кезегінде, Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Артур Платонов «бүгінгі таңда елімізде және әлемде орын алып жатқан оқиғалар Президент қойған міндеттерді барынша жедел орындаудың маңыздылығын көрсетеді. Еліміздің болашағы, аумақтық тұтастығы, Тәуелсіздігі және халықтың әл-ауқаты осыған байланысты», – дегенді айтты. Экологиялық кеңестің төрағасы Еділ Жаңбыршиннің пікірінше, аманаттықтарға өңір тұрғындарымен көбірек кездесулер өткізу керек.
«Халықпен кездесуде көтерілетін мәселелердің 80%-ы сол жергілікті жерлерде шешілуі тиіс. Тек 20-25% ғана заңнамаға өзгерістер енгізуге қатысты немесе орталық мемлекеттік органдардың құзыретіне кіреді. Қалған мәселелер аудан, облыс деңгейінде шешілуі керек», – деді Еділ Жаңбыршин.Айта кетейік, өткен жылдың қорытындысы бойынша республикалық кеңестер 80-нен астам отырыс өткізді. Олардың барысында 160-тан астам мәселе қаралып, орталық және жергілікті атқарушы органдарға тиісті ұсынымдар жолданды.