Атбасарда жексенбі күні Наурыз мейрамын тойлауға әзірлік үшін жұмысқа бара жатқан әйелді көше кезген алабай ит талап тастады. Дәрігерлер өлімші халде ауруханаға жеткізілген әйелдің аяғын кесуге мәжбүр болған, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Жантүршігерлік оқиға жайлы жәбірленуші әйелдің қызы Үміт Байжұмарова хабарлады.
«Наурыз мейрамының қарсаңы болатын. Анам 21 наурыз күні таңғы сағат жетіде мейрамға әзірленуге көмектесу үшін жұмысқа кеткен. Автобус аялдамасына бару үшін оған Ульянов көшесінен өтуі керек. Осы көшеде 12-үйдің тұсынан өтіп бара жатқанда алабай тұқымды тайыншадай ит атып шығып, тұра ұмтылған. Алғашқыда ит көрші адамға шабуыл жасамақ болған. Бірақ ол жасырынып үлгерген екен. Ит анама ұмтылғанда ол қолымен басын көлегейлеп қорғана беріпті. Ит сол қолынан бас салып жұлқылап, талай бастаған.
Ит алып денесімен анамды жерге алып ұрып, қолын босатып, аяғына бас салады. Өкінішке қарай анамның жанұшыра айқайлаған даусына ешкім көмекке келмепті. Тек біршама уақыттан соң ғана иттің иесі әйел адам шығып, итті алып үйіне кетіп қалған. Артынан айқайлап жедел жәрдем шақыруын өтінген анама қолын бір сілтепті. Боран болып жатқанда анам жарты сағаттай қар үстінде жатып қалған.
Демалыс күні әрі таңертең ерте болғандықтан жүргінші адам да болмапты. Бір кезде анам бар күшін жиып, ағасына хабарласқан. Ағайым әкеммен бірге дереу жетеді. Олар анамды көрген сәтте қатты шошыныпты. Әбден таланған, қанға бөккен анамды көліктің салонына салып, ауруханаға жеткізіпті. Дәрігерлер оның аяғын кесіп тастауға мәжбүр болды. Абырой болғанда қолын сақтап қолына сым темір салып жалғап, сүйектерін біріктіріп берді. Анам қазір жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды», – дейді Үміт Байжұмарова.
Қыздың айтуынша полицияда жәбірленушіге қатысты қылмыстық құрам жоқ екенін айтқан.
"Бірақ бұл бұлай қалмау керек. Тиісті органдар мен әкімдік амал етіп, басқа адамдарға зардабы болмау үшін тиісті шара қолдануы тиіс", - дейді Үміт Байжұмарова.
Біз полицияға хабарластық. Полиция оқиға бойынша тиісті ақпаратты бермек.