Мақсат ЖАҚАУ,
саясаттанушы:
– Саяси алаңға зәру болған қоғамға жаңа диалог алаңы «TALQYLAU» келді. Бастамашы – «AMANAT» партиясы Қоғамдық саясат институты. Алғашқы отырысын көрдік, Президент Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Қазақстан халқына Жолдауының тақырыбынан басталды. Қатысушылар депутаттар, сарапшылар, қоғам қайраткерлері, журналистер «қаңтар оқиғасынан» кейін аттың басын жіберіп қойып пікірлерін ортаға салып жатыр екен. Модераторы Мәжіліс депутаты Саясат Нұрбек мырза болды. Жүргізуі жақсы демократиялы, бірақ пікірсайыс форматын жетік білетін әріптесіміз, партия хатшысы Ринат Кертаев жүргізсе деген тілегіміз бар. Өйткені parleні яғни сөйлеуді қатырады ғой Саясат ағамыз, дегенмен бар энергиясы мен уақытын Парламент қабырғасында жұмсаса маңыздырақ шығар деген ой еріксіз келеді екен.
Негізі, қазақ талқылауды жақсы көреді ғой, осындай алаңды, жалпы саяси өмірді жаңғырту қажет. Ал енді осыған мүдделі болсақ, мейлі «популистер шығады, жұртты алдайтын шешендер шығады» деп алдын ала белсенді топтың райын қайтарып, оларға ен тағуға асықпау керек. Бүгінгі электорат ақымақ емес, уақытында «байлаусыз шешен берекесіз сөз айтса», оны да анықтар, «от ауызды, орақ тілді, шешен – көптің анасы» болса, оны да анықтар.
«TALQYLAU» алаңының форматына келесі жолы зуммен әр аймақтан сарапшылар қосылса екен, қазір екіден-бірі зуммен түрлі ток-шоуларға қатысу мүмкіндіктері кең етек алды ғой. Сонда жан-жақты аймақтық масштабты қатысуға болады.
Бүгінгі пилоттық алаңда жақсы пікірлер болды. Соның тоқетерінде, депутат Берік Әбдіғалиев ағамыздың сөздері «бүгінгі жағдайда, сөздің де берекесі кеткен заман болды ғой» дегені орынды айтылды. Рас, мүжіп айта беруге болады, бірақ Жолдау сонысымен орындалып кетпейді ғой.
Халық қазір нақты қадамдарды, әрекеттерді көргісі келеді. Егер тікелей эфирдегі фейсбукпен, ютубтағы сұрақтарға қарасақ, «нақты не істейсіңдер, партияның қандай бастамасы бар, не қысқа мерзімде өзгереді?» т.с.с. сауалдар жетіп артылып жатыр. Міне, осы ретте модератордың сөзіне қосылуға болады, форматты конструктивті нақты әрекеттердің желісіне қарай талқылайтын сарынға аударуға болады. Ол АПФ бола ма, Линкольн-Дуглас форматы бола ма, жекпе-жек форматы бола ма, бірақ сөз бен істің көрінісі болатын саяси пікірлер алаңы болуы шарт. Керек десеңіз, мемлекеттік арнада талқылайтын деңгейде шықса, тіптен жақсы.
Жалпы, «ақиқат талқылауларда пайда болады» деген грек философтарының сөзімен тәмамдасақ, көшеде, митингілерде айқайлап, нәтижесіз көп жағдайда қордаланған мәселелерді көтергенше, осындай саяси мәдениеттілікке тәрбиелейтін, күрмеулі проблемалардың шешімін бірге іздейтін «TALQYLAU» сияқты түрлі пікірлердің тоғысатын алаңы ауадай керек. Бастама дұрыс, тек сапалы болғай...
Асхат САДЫРБАЙ,
журналист:
Жаңа пікірталас алаңын құру партия съезінде айтылған еді
– «AMANAT» партиясының TALQYLAU алаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауы талқыланды.
Жиынға қатысқан партия басшылығы, Мәжіліс депутаттары, сарапшылар қауымдастығы мен қоғам қайраткерлері Жолдаудағы негізгі мәселелерге тоқталып, оны іске асыру бойынша пікірлерін ортаға салды.
Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы қазір қоғамда халықтың талабы күшейгенін атап өтті. «Бұл Жолдаудың ерекшелігі – нақты бір тақырыпқа арналады. Ол – саяси реформа.
Қазір саяси билік түгелдей Мемлекет басшысының қолына тиді. Қауіпсіздік кеңесі де, партия да, ассамблея да. Яғни, толыққанды саяси реформа жасауға Президенттің мүмкіншілігі кеңейді. Сосын, халықтың талабы күшейді.
Бірінші кезекте әр адамның жағдайына қарау керек. Әр ауылдан бастап, бюджетті жоспарлағанда әрбір тиын әрбір азаматқа, соның өлшемі болуы тиіс. Адам – бізде барлығына өлшем. Міне, қазіргі біздегі нағыз қағида осы. Соған келе жатырмыз.
Жаңа Қазақстанда ең бастысы, бәрін өзімізден бастайық. Бізде қазір елімізді жаңа деңгейге көтеруге үлкен мүмкіншілік бар, – деді Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы.
Жаңа пікірталас алаңын құру бастамасы «AMANAT» партиясының XXII съезінде айтылған болатын.
Индира РЫСТИНА,
саясаттанушы:
Саясат – жалпыға ортақ бұқаралық ұғым
– Аристотель өзінің «Саясат» кітабын ПОЛИС, яғни қала-мемлекет ұғымын сипаттаудан бастайды. Ол қала-мемлекетте саясат жалпы мәселелер бойынша қарым-қатынастың ең жоғары түрі ретінде көрсетілген. Уақыт өте келе бұл түсінік трансформацияға ұшырады, бірақ мағыналық өзегі өзгеріссіз қалды. Саясат әрқашан жалпыға ортақ, бұқаралық ұғым, өйткені ол айналамыздағы істерге қатысты күнделікті өмірдің реттелуімен өлшенеді.⠀
Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейін ортақ талқылау, келіссөздер мен диалог алаңдары саясатты ілгерілетудің негізгі инструменттері екені анық.
Бұл туралы Президент те айтқан болатын: «Реформаларды әзірлеу және оны жүзеге асыру ісіне қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтарды барынша тарту қажет. Сол үшін, ең алдымен, ұлттық жобалар мен стратегиялық құжаттардың бәрі ашық талқылануын қамтамасыз ету керек. Бұл мәселе бойынша жасанды пікірталас өткізіп, көзбояушылық жасауға болмайды».
Бірақ «Жолдауды талқылаудың» ескі форматынан кетіп, елімізде болып жатқан саяси реформаларды жүзеге асыру үшін бұл реформалардың қоғамда талқыланып, іс-жүзінде қалай жүргізілуі керек? Енгізу механизмдері қандай болады? Қай үлгіні қолданамыз? Кім жауапты? Қандай қауіптер бар?» деген сұрақтарға жауап жинау керек.
Соңғы уақытта көптеген саяси сарапшылар түрлі алаңдарда өз ойларын айтып, саяси реформалар туралы ой бөлісіп жатыр. Ал бұл ойлардың тұтынушысы кім? Қоғамдық пікірді қалыптастырып қана қоймай, идеялардың жинақталып, шешім қабылдаушы, заң шығарушы органдарға жетуін қамтамасыз ететін алаңдар керек.
Алғаш рет ұйымдастырылған «АMANAT» партиясының «TALQYLAU» алаңы осы функцияны өзіне алса керемет болушы еді. Ресурс бар. Спикерлер бар. Жақсы ойлар айтылды. Енді осы ойларды сүзгіден өткізіп, фракцияға ұсыныс жасап, заң шығару кезінде қолданылуының нәтижесін күтеміз.