Жаңа пікірталас алаңын құру партия съезінде айтылған еді
– «AMANAT» партиясының TALQYLAU алаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауы талқыланды. Жиынға қатысқан партия басшылығы, Мәжіліс депутаттары, сарапшылар қауымдастығы мен қоғам қайраткерлері Жолдаудағы негізгі мәселелерге тоқталып, оны іске асыру бойынша пікірлерін ортаға салды. Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы қазір қоғамда халықтың талабы күшейгенін атап өтті. «Бұл Жолдаудың ерекшелігі – нақты бір тақырыпқа арналады. Ол – саяси реформа. Қазір саяси билік түгелдей Мемлекет басшысының қолына тиді. Қауіпсіздік кеңесі де, партия да, ассамблея да. Яғни, толыққанды саяси реформа жасауға Президенттің мүмкіншілігі кеңейді. Сосын, халықтың талабы күшейді. Бірінші кезекте әр адамның жағдайына қарау керек. Әр ауылдан бастап, бюджетті жоспарлағанда әрбір тиын әрбір азаматқа, соның өлшемі болуы тиіс. Адам – бізде барлығына өлшем. Міне, қазіргі біздегі нағыз қағида осы. Соған келе жатырмыз. Жаңа Қазақстанда ең бастысы, бәрін өзімізден бастайық. Бізде қазір елімізді жаңа деңгейге көтеруге үлкен мүмкіншілік бар, – деді Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы. Жаңа пікірталас алаңын құру бастамасы «AMANAT» партиясының XXII съезінде айтылған болатын.Саясат – жалпыға ортақ бұқаралық ұғым
– Аристотель өзінің «Саясат» кітабын ПОЛИС, яғни қала-мемлекет ұғымын сипаттаудан бастайды. Ол қала-мемлекетте саясат жалпы мәселелер бойынша қарым-қатынастың ең жоғары түрі ретінде көрсетілген. Уақыт өте келе бұл түсінік трансформацияға ұшырады, бірақ мағыналық өзегі өзгеріссіз қалды. Саясат әрқашан жалпыға ортақ, бұқаралық ұғым, өйткені ол айналамыздағы істерге қатысты күнделікті өмірдің реттелуімен өлшенеді.⠀ Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейін ортақ талқылау, келіссөздер мен диалог алаңдары саясатты ілгерілетудің негізгі инструменттері екені анық. Бұл туралы Президент те айтқан болатын: «Реформаларды әзірлеу және оны жүзеге асыру ісіне қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтарды барынша тарту қажет. Сол үшін, ең алдымен, ұлттық жобалар мен стратегиялық құжаттардың бәрі ашық талқылануын қамтамасыз ету керек. Бұл мәселе бойынша жасанды пікірталас өткізіп, көзбояушылық жасауға болмайды». Бірақ «Жолдауды талқылаудың» ескі форматынан кетіп, елімізде болып жатқан саяси реформаларды жүзеге асыру үшін бұл реформалардың қоғамда талқыланып, іс-жүзінде қалай жүргізілуі керек? Енгізу механизмдері қандай болады? Қай үлгіні қолданамыз? Кім жауапты? Қандай қауіптер бар?» деген сұрақтарға жауап жинау керек. Соңғы уақытта көптеген саяси сарапшылар түрлі алаңдарда өз ойларын айтып, саяси реформалар туралы ой бөлісіп жатыр. Ал бұл ойлардың тұтынушысы кім? Қоғамдық пікірді қалыптастырып қана қоймай, идеялардың жинақталып, шешім қабылдаушы, заң шығарушы органдарға жетуін қамтамасыз ететін алаңдар керек. Алғаш рет ұйымдастырылған «АMANAT» партиясының «TALQYLAU» алаңы осы функцияны өзіне алса керемет болушы еді. Ресурс бар. Спикерлер бар. Жақсы ойлар айтылды. Енді осы ойларды сүзгіден өткізіп, фракцияға ұсыныс жасап, заң шығару кезінде қолданылуының нәтижесін күтеміз.