Тыйым тапшылыққа, тапшылық қымбатшылыққа әкелді
Тыйым тапшылыққа, тапшылық қымбатшылыққа әкелді
© коллаж: Еркебұлан Дуйсеболатов
414
оқылды
Ресей өзінің көптеген өнімі­нің экспортына тыйым салғандықтан, Қазақстанда кейбір тауардың тапшы­лығы басталды. Бірінші кезекте қант пен қағаздың қат екені сезіл­­­­ді. Ал тапшылық соңы қымбатшылық екені бесенеден бел­гілі. Ендеше Қазақ­стан Ресейге қай тауар түрлері бо­йынша кіріптар? Оларды қалай алмастыра аламыз? Бұл тығырық­тан шы­ғу­дың жолдары қан­дай?

Шекер ме екен, бал ма екен?

Ресей ішкі нарығы тарығып қалмауы үшін ақпан айының басында бидай мен шекер экспортына тыйым салған болатын. Тамыз айының соңына дейін Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне жіберуді тоқтатты. Ал Ресейдің қанты біздің ең көп тұтынатын өніміміз, яғни импорттың 48 пайызы. Сондықтан таяуда Сауда және интеграция министрлігі тұрақтандыру қорлары мен сауда желілеріндегі шекер қоры тек үш айға жетеді деп хабарлады. Ресейден бөлек бізге дайын шекер өнімі мен шикізаты Бразилия, Беларусь және Мексикадан келеді. Олардың үлесі – 10 пайыз. Сондай-ақ төрт қант зауытымыз бар. Олар былтыр 277 мың тонна өнім өндірген. Ал Қазақстан жыл сайын 500 мың тонна шекер тұтынады, оның 150 мың тоннасы өндірістік кәсіпорын еншісінде, қалған 350 мың тоннаны тұтынатын сіз бен біз. Мәселен, былтыр 300 тонна шекер импорттаппыз, оның 210 тоннасы, яғни 70 пайызы Ресейдікі. Тапшылық үрейі бағаға әсер етіп, соңғы бір аптада ол күрт қымбаттап кеткен. Нұр-Сұлтан қаласындағы «Астаналық» базары­нан оның 1 келісін 650 теңгеге сатып алуға болады. Ал оның жанындағы «Шапағат» коммуналдық базарында – 350 теңге. «Қазір қант тапшылығы жоқ. Бар қор үш айға жетеді, сондықтан да Үкімет отандық өндірушілерді қолдауға жедел кірісті. Олардың айналымдағы қаражатын арттыру мақсатында жеңіл мөлшерлемемен несиелер берілмек. Өз кезегінде сауда орындары да оның бағасын көтермей ұстап отыр», – дейді Сау­да және интеграция министрлігінің ресми өкілі Әлішер Өмірзақ. Бұл шаралар ішкі нарықты қамтуға қаншалықты жететіні белгісіз. Сондықтан да Үкіметтің ендігі бір жоспары – Бразилиядан келетін импортты арттыру. Әйтсе де, оны тасымалдауда проблема жоқ емес. Бұл жағдайды дүрліктірмей ұстап тұру үшін қысқа мерзімге арналған шаралар болса, ұзақ­мерзім­ді шаралар қатарында жергілікті өндірісті арттыра түсу жос­пары бар. Павлодарда, Шуда зауыт салу жайы сөз болуда. Егістік алқа­бын ұлғайту, субсидия көлемін сақ­тап қалу да қарастырылып отыр. Қанттың шикізаты қызылша өнімін өсіру өте көп үлкен еңбекті талап ететін және оңтүстік өңірлерде биыл су аз екенін ескерсек, бұл жоспардың ойдағыдай жүзеге асатынына сене беруге болмайды. Оның үстіне, шекер – биржалық тауар санатына жатады. Сондықтан оның бағасы волотильді сипатқа ие және доллардың бағамына тікелей байланысты. Ендеше «Шекер ме екен, бал ма екен, Арзаны оның қайда екен?» деп әндетер күн де алыс емес секілді.

Ресейге салынған санкцияның салқыны бізге де тиді

Биылғы қаңтар айында еліміз өңделген және консервіленген көкөністің 81,8, сүт өнімдерінің 15,6, қатты түрдегі сүттің 80,2, сарымайдың 32,1, ірімшік пен сүзбенің 46,3, сүт және қою қатықтың 64, қанттың 64,2, макарондар және оған ұқсас ұн өнімдерінің 14,9, шай және кофенің 70,1, ашытқының 50,1, киімнің 99,7, аяқкиімнің 97,6 пайызын шеттен импорттапты. Қазақстан 30 шақты елден тауар алдырады десек те, жыл басындағы импорттың басым бөлігін орыс көршіміз жіберіпті. Жалпы, екі жылдың ішінде мұндағы көрсеткіш 27 пайыздан 40 пайызға өсіп отыр. Көршімізден негізінен машина құрастыру жабдықтары, химия өнеркәсібі өнімдері, металдар мен олардан жасалған бұйымдар, минералды өнімдер, сонымен қатар шикізаттық емес азық-түлік тауарлары, ағаш, целлюлоза-қағаз бұйым­дары, түрлі бағалы металдар, текстиль және аяқкиім экспортталады екен. Қалай болғанда да, бұл – жақсы тенденция емес. «Біз мұндай жағдайға қалай жеттік дейтін болсақ, бұл – тарихи қалыптасқан аспект. Ресей біздің байырғы көршіміз және экономикалық ірі серіктесіміз. Оның жақсы жағы жа, жаман жағы да бар. Міне, бұл жолы біз ортақ әріптестігіміздің дағдарысты циклін бастан кешіп отырмыз. Бейнелей айтқанда, Ресейдегі жарылыстардың жарықшақтары бізге келіп тиіп жатыр. Әйтсе де, бұл бізге тарихи сабақ болды. Соңғы 10 жылда жүргізген экономикалық аз векторлы саясатымыздың зардабын тартып отырмыз. Ұзақ жылдар бойғы оқиғалар мен жағдайлардың желісі бізді ортақ нарықтық кеңістіктің тұтқыны еткен еді. Себебі ауыр салмақтағы спортшы мен жеңіл салмақтағы спортшының бәсекесі секілді, экономикамыздың әлжуаздығы айқындала түскен еді. Енді екінші жағынан, белгілі бір дәрежеде бұл біз үшін жақсы болып та отыр. Өйткені міндеттемелер мен жауапкершілік жүгі жеңілдей бастады. Мемлекет бір вектордан көп векторға, импорттан импорт алмастыруға көшу керек екенін және ішкі нарықты қанықтыру баға саясатын реттеуге мұрындық болатынын түсінді. Енді біз осы жолы жазықсыз зардап шеккенімізге бұлданып, оның тәуекелін нақақ бірге тартқанымызды себеп етіп, ортақ нарықтық кеңістіктен толықтай болмаса да бас тарта аламыз. Әйтсе де, оған 3-4 жыл керек. Өйткені инфрақұрылым, логистика, транзит тұрғысынан біз Ресейге тәуелді екенімізді ұмытпауымыз керек. Оларды реттеу бір күннің шаруасы емес», – дейді экономист Алмас Чукин.

Тыйым – саяси қадам

Ресейдің экспортқа тыйым салуында экономикалық та, саяси да мән бар. Өйткені олар өзінің жетекші басымдығын пайдаланып, нарықта тапшылық тудыру арқы­лы, әлемде баға қымбаттасын, өзге елдер Ресейге салынған санкцияға наразылық білдірсін деген астар да бар. Әсіресе, оның бидайына мұқтаж Азия, Африка мемлекеттері айқай-шу көтерсін деген пиғыл жатыр. Тіпті, Африка елдерінде және Ауғанстанда аштық басталуы мүмкін деген де болжам жасалды. Оның қаншалықты шындыққа жанасатынын уақыт көрсетер. Бірақ әзірге мұндай саяси қадамның нәтижесі сезіліп жатқан жоқ. Керісінше, көршіміздің өзінде тапшылық басталып, бір келі қанттың бағасы 40 рубльден 140 рубльге дейін өскен. Тіпті, бір адамға тек үш қорапшадан артық бермеуге шектеу қойылған. Ол жарты келі жобасында. Сондықтан ресейліктер Кубадан тростник қамыр тасуға көшкен. «Аштық басталады деп ойламаймын. Өйткені Ресейдің бидай экспортының орнын өзге елдер баса алады. Бұл бастапқыда логис­тикалық, ұйымдастырушылық қиындықтармен өтуі мүмкін, бірақ кейіннен нарық қайтадан қалпына келеді. Мәселен, Қытай мен Үндістан ірі экспортерлер. Бізге де осы бағытта бірқатар мүмкіндік туып тұр. Бірақ біз әуелі ішкі нарықты жарылқап алғанымыз дұрыс. Бүгіннің өзінде біз оны толық жаба алмай отырмыз. Қазір қағаз бен қант қымбаттап жатыр. Бірақ ол қолдан жасалған әрекет деп санаймын. Қанша жерден тұрақтандыру шаралары жасалар болса да, бағаның қымбаттау тенденциясы жалғаса беретін бо­­­­­ла­ды», – дейді экономист Асылбек Күздеубаев. Маманның айуынша, қазіргі жағдайдың жақсы жағы да бар. Тапшылық дегеніміз – ішкі нарықта бос кеңістік пайда болды, яғни орын босады деген сөз. Сол орынды отандық өндірушілер басып қалып үлгеруі тиіс. Ал мемлекеттің нарыққа араласа бергені дұрыс емес. Мысалы, банктерге осы уақытқа дейін қыруар қаржымен қолдау көрсетіп келгеннің салдарынан олар бәсекеге қабілетсіз болып шықты. Сол секілді нарық өзін-өзі реттеу керек. Мемлекет тек реттеушілік миссиясын атқарып, бизнеске қолайлы жағдай жасауы тиіс. «Ресейдің санкциясының бізге кесірі тікелей тиіп жатқанының бір көрінісі – металлургия саласында жатыр. Мәселен, Соколов-Сарыбай комбинаты руданы Магнитогорскке жеткізеді. Ал Екібастұз жыл сайын Ресейге 5 млн тонна көмір экспорттайды. Енді Ресей Еуропадағы тапсырыс берушілерінен айырылып қалғаннан кейін, тездетіп басқа өткізу нарығын таппаса, онда оларға біздің жеткізетін ресурстар керек болмай қалады. Сондықтан бізге де жаңа нарықтар іздеп, көп векторға көшуіміз керек», –дейді экономист Алмас Таласұлы. Қорыта келгенде, Қазақстан үшін биылғы дағдарыстың салдары ауыр болмақ. Экономика тым шөгіп кетпесе де, ауыр күйзелісті бастан өткеру ықтималдығы жоғары. Әйтсе де, соншалықты қорқынышты ештеңе жоқ. Өйткені Ресейдің одақтық қақпанынан құтылу мүмкіндігі туды. Мұны Кеңес Одағының ыдырауының кіші моделі деуге болады. Ең бастысы, Үкімет халықтың әл-ауқатын әлсіретіп алмауы тиіс. Ел аман, жұрт тыныш болса, нарық әлі-ақ қалпына келеді.