Есірткі шегіп, еркін жүрмек
Есірткі шегіп, еркін жүрмек
© коллаж: Әсел Балтақызы
786
оқылды
Елімізде есірткі шегіп, есіргендерге жаза жеңіл­демек. Енді аз мөлшерде қолданатын және сақ­тай­тындар қылмыстық емес, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сонда ақша­сын аямай «ақ ажалды» сатып алатындар мен у сау­далап ұртын майлай­тындар қолға түссе, айып­пұлмен құтыла ма? Бұл ау­ру түрімен ауыра­тын­дар­ды азайтудың ор­нына, керісінше героин, ма­ри­хуа­на құлдарын қап­тат­пай ма? Биыл тек екі айда Ішкі істер органдары 378 есірткі қылмысын анықтады. 7 есірткі зертханасын жойылды, 420 келіден астам есірт­кі, оның ішінде 196 келі гашиш, 213 келі марихуана және 6 келіден астам синтетика тәркіленді. Соны­мен қатар былтырдан бастап «пи­ралерон» (жылдамдық), мефедрон (меф) және синтетикалық канна­биноидтердің (спайс) заңсыз ай­на­лымымен айналысқандарды қыл­мыстық жауапкершілікке тар­ту үшін бір грамның өзі жеткілікті. Ал бұрын «синтетика зертхана­шы­ларын» жазаға тарту үшін «ақ ажалдың» салмағы 50 грамнан кем болмауға тиіс еді. Елімізде есірткі бизнесімен қанша күрес жүргізілсе де, нашақорлардың саны көбей­месе, азаяр емес. Мәселен, 2018 жылы Қаза­қ­станда 20 мыңнан астам нашақор тіркелсе, 2022 жылдың 4 ақпанын­дағы дерек бойынша, Республи­калық психикалық денсаулық ғы­лыми-практикалық орталы­ғында 110 423 адам есепте тұр. Бұл айналдырған 4 жылдың ішінде елдегі нашақорлардың саны үш есеге өскенін көрсетеді. Жақында ғана Алматыда Telegram канал арқылы есірткі сатқан ер адам ұсталды. Есірткі сатты де­ген күдікке ілінген Алматы қала­сының 29 жастағы тұрғынынан құ­рамында түрлі-түсті ұнтақ тә­різді заттары бар 15 қаптама, элек­тронды таразы, сондай-ақ «ско­рость» және «мефедрон» синте­тикалық есірткі заттарын жарна­малау және сату туралы дербес компьютердегі мәліметтер табы­лып, тәркіленді. Сондай-ақ көлі­гінен де бірнеше шөп салынған қаптама табылған. Осы секілді «кристалл», «ваннаға арналған тұз» деген түрлі атау жамылған синте­тикалық заттардың дәурені жүріп тұр. Жасөспірімдер үшін син­тетикалық есірткі еркін саудада, қолжетімді және арзан. Qiwi-әмиян, криптовалюта онлайн тө­лемдері арқылы тауарды «байла­ныссыз», бір-бірімен кездеспей сатып алып жүр. Бұл ғана емес, «курьер, закладчик» ретінде жасөс­пірімдерді жұмысқа тарту да жо­йыла қойған жоқ. Жастар есірт­кінің бағасы арзан, қолжетімді, дозасы жеңіліне үйір. Ал енді аз мөлшерде қолданған және сақта­ған адамдар қылмыстық емес, әкім­шілік жауапкершілікке тар­тылатынын жақында ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл де­партаментінің басқарма басшысы Бақытжан Әмірханов мәлімдеген еді. Яғни, елімізде есірткінің жеңіл түрін қолданғандардың жазасы да жеңіл болады. Күшіне енсе, екі тарап та мәселені ақшамен шешіп, әрі қарай еркін есірткі шегіп, қа­расораның саудагерлері де жал­ғанды жалпағынан басып жүре бермей ме? Біздікі бер жағы, ал одан да ашық әрекетке көшіп, есірткіні заңдастырған елдерде нәтиже қалай? 2013 жылы Уругвайда мари­хуана толықтай заңдастырылды. Заң бойынша 18 жасқа толған Уруг­вай азаматы дәріханадан айы­на бір рет 40 грамға дейін есірткі сатып ала алады. Оған қоса, уруг­вайлықтарға үйінде алты түп қа­расора (480 грамм марихуана алы­натын көлемде) өсіруге рұқсат етіл­ген. Елдің сол кездегі пре­зи­денті Хосе Мухика есірткі сауда­сы­нан түскен қаржымен мемлекет қазынасын толтыруды мақсат тұтқан. Бір қызығы, марихуананы қолжетімді қылған соң героин мен кокаинның өтімділігі төмендеп, есірткі сатумен айналысатындар Уругвайдан кете бастапты. Сөйтіп, есірткінің астыртын жолмен таралуына тосқауыл қойылған. Канада да марихуананы заң­дастырған алғашқы мемлекет­тердің бірі. Елдің премьер-ми­нистрі Джастин Трюдо парламент шешімін құптай отырып: «Енді қылмыскерлер пайдадан қағы­лады. Бүгін біз жағдайды өзгерт­тік», – деп мәлімдеді. Бұл шешімге қарсы шыққандар балалар мен жасөспірімдер бұдан былай есірт­кіні оңай иеленеді және оның сал­дары ауыр болады деген. Заң бойынша, канадалық марихуана сатушы компаниялар каннабисті жұрттың қалай қолданатынын қадағалауы тиіс. Нидерланд та «шөп» шегуді заңдастырған ел. Есірткіні қолда­нуды қатаң жазамен тоқтатуға тырысқаннан гөрі бақылауда ұстау оң нәтиже берді. Нидерланд толеранттылық саясатын ұстанып, есірткінің жеңіл түрін (мысалы, марихуана және гашиш) 18 жастан асқандарға қолдануға рұқсат берді. Сонымен қатар «шөп» сатып алған адам оны пайдалануға ғана құқы­лы, қайта сатуына тыйым салы­нады. Егер үйде өсірсе, бір адамға 5 грамға дейін қарасора немесе қарасора өсімдіктерін сақтауға рұқсат бар. Мөлшері артық болса, айыппұл немесе жаза қолда­ныл­мауы мүмкін, бірақ есірткі тәркі­ленеді. Бұл елде марихуана ашық­тан-ашық сатылады. Алайда ма­рихуанаға рұқсат еткеннің кесірі­нен жезөкшелік пен біржынысты некені заңдастырған елде қоғам­дық өмірден шет қалған тұтас бір буын өсіп келеді. Осы секілді есірт­кіні заңдастырып, жазаны же­ңілдеткеннен кейін кері нәтиже көрсеткен елдер де бар. Мәселен, АҚШ-тың марихуа­наны медициналық мақсатта қол­дануға рұқсат берген штаттарында каннабистен жасалған дәрі-дәр­мекті ішіп алып, көлік жүргізу фак­тісі көбейген. Бұл үрдіс ком­мерцияға айналып кеткен. Темекі мен ішімдік өндіретін белгілі ком­паниялар құрамында каннабисі бар өнім шығаруға миллиондап инвестиция құйған. Коммер­ция­лық индустрия тек қаржы табуды көздеп, бұған ересектерді ғана емес, жасөспірімдерді де тартуға кіріскен. Есірткі сататын дүкен­дер­дің саны MacDonald’s пен Starbucks-тің мейрамханаларынан асып түскен. Сонымен, марихуананы заң­дас­тырған мемлекеттердің бәрі бас­қа проблемамен бетпе-бет ке­леді, енді оларда героиннің орнын метадон (қанға ине арқылы енгі­зілмей, жұтыла салатын синтети­калық есірткі) басып бара жатыр. Яғни, белгілі бір есірткіні қабылдап жүрген нашақорлар есірткінің ауыр түрін, яғни героинді іздеп, көшеге шығып кеткен. Есірткінің ауыр түрінен бастап кеткен бірде-бір нашақор жоқ. Бәрі де жеңіл тү­рін татып көруден басталатынын нарколог Құмарбек Мәкейұлы да растап отыр. «Біздің елімізде бұл – басты мәселе. Себебі есірткінің жеңіл түрін шеккен адам уақыт өте келе ауырын көргісі келеді. Артынша соған байланып қалады. Бағасы 2-3 мың теңге. Тіпті, соның өзін ерітіп, тамырға енгізеді. «Син­тетиканың» дәмін бір рет татып көрген жастардың болашағы онда­ған жылға тәуелділік пен ауыр азапқа толы болады. Синтетикалық есірткілер адамға марихуана мен анашамен салыстырғанда 10-15 есе қатты әсер етеді. Бірте-бірте апатия мен депрессияға ұшырай­ды, оқуға, жұмысқа деген қызығу­шылығын жоғалтады. Керісінше, адамда ұйқысыздық, өз-өзінен дүр­лігу, паранойя, есту галлюци­нациясы және делирий, дисфория пайда бола бастайды», – дейді Құ­марбек Мәкейұлы. Яғни, көз алдына әртүрлі қауіпті елес көрінеді. Түрлі да­уыс естіледі. Сондықтан олар со­дан қорқып, үрейленіп, өзіне не­месе қоршаған ортадағы адамдарға қауіп төндіреді. Мәселен, Ресейде дәл осы «жегіқұрттың» кесірінен жылына ең кемі 10 мың адам өз-өзіне қол жұмсап, биік ғимараттан секіріп, өмірін оңай қияды екен. «35 жастамын. Ішіп отырған су­сыныма есірткі сияқты дүниенің араласқанын ес жиғанда бір-ақ аңғардым. Алкогольді сусын іш­песем де, масайып қалдым. Ерте­ңіне тағы да дәмін татқым келіп тұрды. Бұрын ешқашан есірткі қолданбағанмын. Бір рет дәмін татып, бірнеше күн оны іздеп, қиналғаннан кейін орталыққа жү­гіндім», – дейді елорда тұрғыны Ардақ Амангелдиев. Әлемде айналдырған бір ап­таның ішінде есті алар синтетика­лық есірткінің 10 шақты жаңа түрі шығарылады. Олардың құрамы мен формуласы кез келген жерде еркін саудалау мақсатында ұдайы өзгеріп отырады. Жауапкер­шілік­тен жалтару мақсатында олар өз өнімдерінің құрамына неше түрлі жаңа қоспаларды қосады. Олардың адам ағзасына қалай әсер ететініне тәжірибе жүргізіп жатқан ешкім жоқ. Қолдан жасалған есірткі­лер­дің кейбір түрін адам қолданса, 1-2 жыл ғана өмір сүреді. Жасөспі­рімдер қолданса, тіпті ауыр. Синтетикалық есірткіге әуес­тен­ген адамдардың қатарының артуы есірткі түрінің қолжетім­ді­лі­гінің кесірінен болып отыр. Оның себебі есірткіге негіз бо­латын қоспалардың көбін кез кел­ген дәріханадан еркін сатып алуға болады. Оларды өнім жасауға үй­рететін бейнероликтер әлеумет­тік желілерде толып жүргені де өкінішті. «Заңды қатаңдату керек деп есептеймін. Себебі есірткі қолда­натындар жеңілінен бастайды. Бұл дәлелденген. Заңға қайшы жұмыс істесе, салдарын білсе, сескенеді. Сондықтан қандай мөлшерде болсын, әкімшілік жауапкер­ші­лікпен құтылмауы керек. Орнына заңды одан сайын күшейту қажет. Синтетикалық есірткінің арзан және уыты героиннен екі есе күшті болуы қауіпті», – дейді Алматы қаласы психикалық денсаулық орталығының директоры Сапар Рахменшеев. Біріккен Ұлттар Ұйымының есірткі және қылмыс жөніндегі бас­­қармасының (UNODC) «Есірт­кі туралы бүкіләлемдік баянда­ма – 2019» деп аталатын баяндама­сында жантүршігерлік деректерді көзіміз шалып қалды. Яғни, атал­ған жылы есірткіге тәуелді болып қалып, медициналық жәрдемге мұқтаж нашақорлар саны 30 мил­лионнан 35 миллион адамға дейін көбейген. Бұл аралықта есірткі қолданудан бір жарым миллионнан аса адам бақилық болыпты. Соның ішінде ең көп қолданылғаны – каннабис, ал ең қауіптісі – опиум. Опиумды қолданудан өлгендер саны өзге есірткі түрлеріне қара­ғанда әлдеқайда көп болып шық­қан. Мамандар Қазақстандағы есірт­кі тұтынушылар саны есепте тұрғандардың санынан 7 есе көп болуы мүмкін деп болжам жасап отыр. Қорытындысында, есірт­кі­нің артында ел тұр. Инеге отыру да дәл осы бір рет байқап көруден бас­талатынын ұмытпау керек сияқты.