Екі облыс құрылса, аудандар қалай бөлінеді?
Екі облыс құрылса, аудандар қалай бөлінеді?
491
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурыздағы Жол­дауында елімізде Абай, Ұлытау және Жетісу облыстары құрылатынын айтқан еді. Президенттің бастамасы қазір Шығыс Қазақстан облысы тұр­ғындары арасында қызу талқыланып жатыр.

«Шығыс Қазақстанда қалғымыз келеді»

«Қандай аудандар Шығыс Қазақстанда қалуы керек, қай аудандар Абай облысына берілуі қажет? Бұрын жабылып қалған ау­дан­дардың қайсысын қайтадан ашу қажет?». Әсіресе, осы үш сұрақ төңірегінде талқы көп. Дегенмен де көпшілік пікірі «бұрын Семей облыс болып тұрған кездегі аудандар, сол кездегі территория сол күйі қалғаны дұрыс» дегенге саяды. Семей облысы Шығыс Қазақстанмен бі­ріктірілген 25 жылда аудан мәртебесінен айырылған өңірлердегі халықтың саны азайып, ауылдардың көпшілігінің тоз-тозы шығып кеткені белгілі. Содан да болар, бұ­рын өз алдына аудан болған өңір тұрғындары «ауданымыз қайта құрылса» деген үміттің жетегінде жүр. Мәселен, 1997 жылға дейін Шығыс Қазақстан облысының құрамында болған Самар мен Тарбағатай ауданының (Ақжар өңірі) халқы қазір «Бізді бұрынғыдай Шығыс Қазақстан облысында қалдырса» деген пікірін әлеуметтік желілерде ашық біл­діре бастады. «1997 жылға дейін Тарба­ғатай ауданының орталығы болған Ақжар өңірінде 1999 жылы 37 234 тұрғын болса, қазір 19 347 адам қалған. Айналдырған 20 жыл көлемінде 17 887 тұрғынынан айыры­лыпты. Осыдан бір жыл бұрын ғана 21 мың­дай едік, жылына 1 000 тұрғынға кеміп ке­леді екенбіз. Шекараның дәл іргесіндегі бір­неше ауылды сараласақ: Құйған ауылын­дағы 2 061 адамнан – 709, Асусайдағы 598 адам­нан – 181, Қамыстыдағы 481 адамнан 52 тұрғын қалған. Енді шекара маңынан дәл бұлай үдере көшу тоқтайды деп сенемін. Бүкіл халықтың талабы – Тар­бағатай ауданының орталығын Ақжар ауылы етіп, Шығыс Қа­зақстан облысының иелігінде қалдыру», – дейді қоғам белсендісі, Тарбағатай ауданы­ның тумасы Ермек Құрманғали. Көкпекті ауданының құрамындағы Са­мар өңірінің тұрғындары да осындай пікір­де. «Самар егер қайтадан жеке аудан ретінде ашылып жатса, Шығыс Қазақстанда қалса дейміз. Ел тілегі – осы», – дейді тұрғындар. Олардың бұған айтар уәждері, егер Көкпекті ауданымен бірге Абай облысына қосылар болса, Самар өңірі Семей қаласынан 350-450 шақырым қашықта қалады. Бұл ха­­лыққа қиындық тудырады. «Екі аудан бі­рік­тірілгеннен кейін Самар ауылының және бұрын Самар ауданына қараған елді мекендердің инфрақұрылымы құлдырады. Халық саны күрт азайды. Өңір тұрғындары құжаттарын рәсімдеу үшін Көкпекті ауы­лына 100-200 шақырым жол жүруге мәжбүр. Осыған қарамастан қазір Самар ауылында 6 мыңнан астам адам тұрады (анықтама ре­тінде Көкпекті ауылының халқы – 5 мың). Аудандық аурухана, 3 мектеп, агротехни­калық колледж, бірнеше жол жөндеу меке­месі, спорт мектебі жұмыс істеп тұр. Бү­гінде Самар аумағындағы 8 ауылдық округте халық саны 13 мыңнан астам адамды құ­райды. Самарға аудан мәртебесін беру осы өңірдің экономикалық дамуына, жаңа жұ­мыс орындарының ашылуына және жастар­дың ауылдарға ағылуына оң серпін бере­тініне сенімдіміз», – дейді Самар ауылының тұрғыны, жергілікті қауымдастық төрағасы Ержан Жүсіпов.

Мақаншы, Абыралы, Шұбартау, Жаңа Семей аудандары қайта ашыла ма?

Жергілікті тұрғындар бұрын өз алдына аудан болған Мақаншы, Абыралы, Шұбар­тау, Жаңа Семей аудандары қайта ашыл­ғанын қалайды. Мәселен, 1997 жылға дейін Семей облысының құрамында болған Абы­ралы ауданы 300 шақырым қашықтықта орналасса да, Семей қаласына қарайды. «Абы­­ралы өңірінің әлеуеті жоғары. Егер аудан 1954 жылдардағы шекарасымен құ­рылса, қазір Қарағанды облысына қарайтын Еңбек ауылының жерлері, кезінде полигонға берілген жерлердің пайдалануға жарамды 60-70 пайызы аудан аумағына қосылар еді. Бұл – 2 мың гектардан астам аумақ. Онда Қа­ра­жыра көмір кеніші де Абыралыға қосы­лады. Бұдан бөлек, өңірде алтын, күміс, қорғасын, мыс өндіретін Мейзек, Берікқара, Ақбастау кеніштері жұмыс істеп тұр. Бұлар­дың бәрі аудан бюджетіне салық төлесе, үлкен көмек болады. Абыралы аумағында уран, алтын, күміс, қорғасын, мыс, молиб­ден мен көмірдің зерттеліп, нақтыланған мол қоры бар. Бұрынғы аудан орталығы Қайнар тоғыз жолдың торабында орналас­қан. Ту­ризмді де дамытуға болады. 1991-1997 жылдар аралы­ғында аудан халқы 6 мыңнан 13 мыңға жеткен болатын», – дейді Абыралы өңірінің тумасы, зейнеткер Бағлан Ғабдуллин. екі облыс Ал Семей қаласының тұрғыны, археолог, тарихшы Айдын Жүнісхановтың пікірінше, шаһар іргесінде Семейтау деп аталатын жа­ңа аудан құрылғаны жөн. «Семейден алыста орналасқан Қайнар, Доғалаң секілді ауыл­дар қаламаңы деген мәртебеге ие болды. Бұл мәртебе ауыл халқын көптеген мемле­кеттік жеңілдіктен қағып отыр. Ауыл шаруашы­лығын дамытуға арналған бағдарламалар бұл ауылдарға қолжетімсіз. Сондықтан Се­мей қаласының іргесіне Өскеменнің шетін­дегі Ұлан ауданы сияқты аудан қажет. Ол аудан Жаңа Семей аталмағаны дұрыс. Қала іргесіндегі Семейтаумен байланыстырып, Семейтау ауданы деп атап, қайта құру керек», – дейді ол. Шекаралық аймақтағы Марқакөл, Тар­бағатай, Катонқарағай аудандарын қайта құру мәселесі көптен бері көтеріліп жүргені белгілі. Парламент Мәжілінің депутаты Ер­лан Саировтың дерегіне сүйенсек, Катон­қарағай ауданында 22 мың халықтан – 5 мың, Марқакөл ауданында 25 мың халықтан – 8 мың, Тарбағатай ауданында 45 мың халықтан 19 мың адам қалған. Жергілікті зиялы қауым өкілдері халық санының аздығына қара­мастан, ел мен жердің қа­уіпсіздігі үшін осы аудандарды қайтадан ашу қажеттігін айтады. «Елдің қауіпсіздігі бәрінен де ма­ңызды. Шекара маңын бос қалдыруға бол­майды. Бұл – ұлттық қауіп­сіздікке ті­келей қатысы бар мәселе» деп Президенттің өзі де айтты. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдаланып, Мар­қакөл, Тар­бағатай, Ка­тонқарағай, Ма­қан­шы аудан­дарын қайта­дан ашу қажет», – дейді қоғам қайраткері Түсіпхан Түсіпбеков. «Шемонаиха секілді халық саны көп, экономикасы ілгері аудандар Абай облы­сына берілгені дұрыс» деген пікірлер де айтылып жүр. «Облысты бұрынғыша бөлу дұрыс болмайды деп есептеймін. Мемлекет мүддесі тұрғысынан қарауымыз керек. Неге десеңіз, қазір сепаратизм деген нәрсе бар. Бұл – жай сөз емес. Елімізді ел деп танымай отырған азаматтар көп. Осы нәрсе ескерілуі керек. Кезінде екі облыс біріккенде, шынын айтайық, Өскемен өңірі қазақтанды. Енді ол қайта оқшауланып қалмауы керек» деген болатын жақында Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсембинов. Бұл пікірді қуаттап жатқандар да бар. Белгілі журналист Ермұрат Бәпи: «Глубокое, Таврия және Шемонаиханы Абай облысына қосып, бұрын Семейге қараған Мақаншы, Үржар, Аягөз өңірін Шығыс Қазақстанға қосқан дұрыс па деп ойлаймын. Оның мақсаты – ШҚО-дағы өзге ұлт өкілдерінің үлес сал­мағын қазақ ауылдары есебінен кеміту» деп жазды өзінің Facebook парақшасында. Ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері Тыныштықбек Әбдікәкімұлы «Орыс аудандарын көбірек Семейге қарату керек» деп пікір білдірді.

БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА

Мақала нөмірге әзірленіп жатқанда, Көк­пекті аудандық мәслихаты ауданды екіге бөліп, Көкпекті ауданын бұрынғы территория­сымен жаңадан құрылатын Абай облысына, бұрынғы Самар ауданын Шығыс Қазақстан облысына қосу жөнінде шешім қабылдады. Мұндай жиын 29 наурызда Тарбағатай ауданында да өтіп, аудандық мәслихат депу­таттары бұрынғы Ақсуат ауданын жаңадан құрылатын Абай облысына, Тарбағатай ауданын Шығыс Қазақстан облысына қосу туралы шешім қабылдаған болатын. Бұл ұсыныстар облыстық мәслихатқа жолданбақ.

Шығыс Қазақстан облысы