"Жауап алуға шақырған жоқ": Гүлмира Сатыбалдының ісіне қатысты тың мәліметтер шықты
"Жауап алуға шақырған жоқ": Гүлмира Сатыбалдының ісіне қатысты тың мәліметтер шықты
© orda.kz
235
оқылды
Белгілі кәсіпкер Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды жолды жөндеуге бөлінген қаржыны жымқырған деген күдікке ілінгенін айтқан болатынбыз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қазір бұл іске қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады. Агенттіктің ресми өкілінің айтуынша, тек олигархтың экс жұбайы ғана емес,  шымкенттік бірқатар шенеуніктер де жауапқа тартылуы мүмкін, – деп  жазады otyrar.kz   Жолға бөлінген қаржыны жымқырды деген күдікке ілінгендердің қатарында мегаполистің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының лауазымды тұлғалары мен «Ария-Жаңа Астана» компаниясының басшылылары бар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің ресми өкілінің айтуынша, аталған азаматтарға қатысты өткен жылы бюджеттен 747 млн теңге жымқыру фактісі бойынша тексеріс жүргізілуде.
«Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» ММ лауазымды тұлғалары мен «Ария-Жаңа Астана» ЖШС басшылығына, оның ішінде Гүлмира Сатыбалдыға қатысты 2021 жылы нақты орындалмаған құрылыс-монтаждау жұмыстары үшін аса ірі мөлшерде (747 млн теңге) бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды», – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Арман Тлеукенов.
Бұл ақпаратты Шымкент қалалық автомобиль жолдары басқармасы да растап отыр.
«Жалпы Қонаев 5 этап бойынша кеше әлеуметтік желілерде хабарланды, белгілі мөлшерде қаржыға байланысты тексеру жұмыстары басталды. Басқармадағы лауазымды тұлғалар - басқарма басшысы мен орынбасарына қатысты тергеу басталды. Қазіргі таңда бізден ешқандай түсінік алу және басқа да шаралар жүргізілген жоқ», – деді Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мадияр Байымбетов.
Басқарма өкілдері қазір басқа мәлімет бере алмаймыз дейді. Себебі өздері бұл ақпаратты әлеуметтік желі арқылы естіпті.