Денсаулыққа тигізетін зияны бар ма?
Денсаулыққа оразаның қандай пайдасы бар? Ең алдымен, ас қорыту жүйесі дұрысталады. Адам семіздіктен арылады. Қан қоюлануы азаяды. Яғни, холестеринді азайтады. Бүйрек, бауыр, қуық, қант диабеті, жүрек пен тамыр ауруларына да қарсы төзімділікті арттырады. Тері ауруларына да пайдасы зор. Мәселен, ораза тұтқан адамның қанында су мөлшері азаяды, яғни терідегі су құрамы да кемиді деген сөз. Бұл – терінің қуаттылығын арттырып, зиянды микробтар мен бактерияларға қарсы тұруға көмек береді. Хасан Аманқұлдың айтуынша, адамның күнәсі көп болса, рухани ауруға душар болуы мүмкін. Оның зейіні, қабілеті төмендеп, көңіл күйі өзгереді. Жүрегі қарайды, қатайды дегеннің мағынасы осында. Ораза ұстау арқылы осы қиындықтың бәрінен тазарады. Мінезі, іс-әрекеті өзгереді. Мейірімділігі артады, жомарттығы көбейеді. Ауыз бекітудің тағы бір пайдасы – асқорыту жүйесінің дем алуына мүмкіндік береді. Тамақ қорытуға арналған сөл әдеттегіден аз мөлшерде бөлінгенімен, сөл бөлу процесі қалыпты жағдайда өз қызметін атқара береді. Ораза ұстаған кезде де асқазан қышқылдық бөлуді тоқтатпайды. Сол себепті де, асқазанда жарасы бар адам ауыз бекіту кезінде абай болғаны жөн. Оразаның осындай пайдасы көп. Бастысы, дұрыс тамақтанып, дұрыс режим тұтынуда. «Негізінде, оразаны Алла Тағаланың разылығын ниет етіп ұстау шарт. Ал құлшылық мақсатында ұстаған аштық пен әдеттегі аштықтың қайсысы екені ниет етумен ғана анықталады», – дейді Хасан Аманқұл. Оның айтуынша, оразаны дұрыс ұстаса, оның денсаулыққа пайдасы тиетіні анық. «Денсаулыққа қандай пайдасы бар?» деген сауалымызға, Хасан Аманқұл бірнеше жолын айтып берді. Ең алдымен, жүрек жұмысын жақсартады. Ораза жүрек-қан тамырлары жүйесін жақсартуға көмектеседі. Өйткені 15 сағат аштық жүректің асқазанға қан жіберуге жұмсайтын күшін тежейді, сондай-ақ қандағы майдың үлесін азайтады. Екіншіден, көңіл-күйді көтереді. Ғылыми зерттеулер оразаның көңіл күйді жақсартатынын дәлелдеген. Себебі бұл мидың рухани һәм физикалық күйзеліске қарсы тұру қабілетін арттыруға көмектеседі. Ораза адамның ми жасушаларының дамуына ықпал етеді, есте сақтау қабілеті мен ойлау қабілетін жақсартады. Үшіншіден, қандағы холестерин деңгейін төмендетеді. Себебі ол қандағы майдың жиналуын азайтады. Сөйтіп жүрек-қан тамырлары жүйесін жақсартып, инсульт және инфаркт сынды аурулардың алдын алады. Төртіншіден, денедегі токсиндерді кетіреді. Күндіз бойы тамақ ішпеу арқылы адамның ас қорыту жүйесіндегі токсин қалдықтары жойылады. Себебі, ораза организмде сақталған майды ыдыратуға көмектеседі. Бұл адамның жігері мен күш-қуатын арттыруға алып барады. Бесіншіден, ас қорыту жүйесіне пайдалы. Ораза ас қорыту жүйесін мазалайтын көптеген ауруларды жояды. Атап айтқанда, ісінген ішек синдромы, асқазанның бұзылуы, ішек кебу және жоғары қышқылдықты тоқтатады, сондай-ақ ас қорыту жүйесінің мембраналарын нығайтып, оның тиімділігін арттырады. Сонымен қатар ораза ағзадағы сұйықтық тепе-теңдігін сақтауға көмектеседі. Алтыншыдан, азу, салмақ тастау. Артық салмақтан арылғысы келетіндер үшін аштық ең жақсы әдіс болып табылады. Өйткені ораза ұстаған адам аш жүреді және аз тамақтанады. Сөйтіп оның ас қорыту жүйесі демалады. Нәтижесінде асқазан тарылады да, адамның тәбеті төмендейді. Жетіншіден, ораза ұстаған адам зиянды әдеттерден арылады. Рамазан айындағы ораза темекі шегу және құрамында қанттың мөлшері жоғары тағам жеу секілді әдеттерден арылуға көмектеседі. Бір ай бойы жаман әдеттерді істемеген адам, ақыр соңында, оны толықтай тастай алады.Майлы тамақ жемеген де абзал
Көбінде жастар ауыз бекіткенде сәресін ішпей, ұйықтап қалады. Мұның да организмге тигізетін зардабы бар. Кез келген адам сәресінде тойымды әрі өте пайдалы тағамды тұтынған жөн. Тамақтанғанда бірден майлы, ет тағамдарын жеген де зиян. Оның орнына салат, сорпа ішкен ыңғайлы. Сонда ағзадағы зат алмасу процесі дұрыс жүреді. Кәсіби диетолог Салтанат Болатбекқызы ораза кезінде организм өздігінен тазаланатынын, асқазанның көлемі кішірейетінін айтып отыр. «Егер адам ораза кезінде тамақты көп мөлшерде жейтін болса, кішірейген асқазанның формасы үлкейеді. Асқазанның көлемі тұрақты болмаған соң метаболизм процесі бұзылады. Оразадан кейін де ағза ауырлықты сезінсе, асқазанда ойық жара пайда болуы мүмкін. Тұтынған тағамның бәрін бауыр сүзгіден өткізеді. Шамадан тыс тамақтану бауыр жұмысын төмендетеді. Бұл бауыр мен бүйректе тастың пайда болуына әкеледі. Сол себепті ораза кезінде тамақтануға аса мән берген абзал. Басқа уақытта дұрыс тамақтанбасақ та, ораза кезінде міндетті түрде дұрыс тамақтану керек», – дейді диетолог. Диетологтар сәресіне қант қосылмаған талқан, ботқа, құрамында ақуызы көп тамақтарды жеген дұрыс дейді. Асыңыз тойымды болуы үшін сүт немесе айран ішкен де дұрыс. Ірімшік, жұмыртқа, дәнді нан, шикі көкөністер мен зәйтүн майы қосылған салат та тойымды, әрі денсаулыққа пайдасы зор болмақ. Ауызашар мен сәресі арасында су ішкеннің де зияны жоқ. Қуырылған, ащы тамақтардан бас тартқан жөн. Сонда организмде де көп өзгеріс бола қоймайды.Айым БЕКТҰР