Апат айтып келмейді. Десе де, технология дамып, ғарыш ғаламаттары ашылып жатқан заманда кез келген табиғи құбылысты алдын ала болжауға болады. Мәселе сол болжамды жасайтын тиісті орындардың өз ісіне салғырттық танытып жататынында сияқты. Осыдан келіп, қарапайым тұрғындар зардап шегіп жатыр. Айталық, осы аптаның сейсенбісінде Алматыда болған екі сағаттық дауылдан қалаға шаш етектен шығын келді. Сол күні түс қайта ауа райы аяқастынан құбылып, дауыл жел соғып, арты нөсер жауынға ұласты.
Шығын шаш етектен
Алматы қалалық төтенше жағдайлар қызметінің берген мәліметінше, 28 сәуір күні бас-аяғы екі сағаттың ішінде болған дауыл мен нөсер жауыннан 21 автокөлікке ағаш құлаған. Жеке тұрғын үйлер мен көпқабатты әкімшілік ғимараттардың шатырларының ұшуы бойынша 8 дерек тіркелген. Көпқабатты үйлердің сыртқы қаптамалары мен қасбеттері құлаған. Сондай-ақ жел екі автотұрақ қоршауын құлатқан. Онымен қоймай, троллейбус желісінің сымын үзіп, қоғамдық көліктің қызметіне айтарлықтай зиян келтірген. Шаһардағы бірнеше шағынаудан мен қала орталығы сағаттап жарықсыз қалды. Бағдаршамдар істен шығып, сол уақытта қала көшелерінде 26 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан бірнеше адам түрлі жағдайда жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Қаланың жеке секторында тұратын бірнеше үйдің ауласы мен үй іші суға толған.Кінәлі кім?
Жоғарыда айтқанымыздай, шамалы уақытқа ғана созылған аяқасты құбылыстан осыншама зардап шегуіміздің себебі неде? Ай мен күннің аманында табиғаттың болмашы тосын мінезіне төтеншеліктер неге дайын болмай қалды? Бізге жауап берген Алматы қалалық ТЖД мамандары аяқасты дауыл жел болатыны туралы хабарланбағанын мойындап отыр. Ауа райын болжайтын мекеме оларға ешқандай дауыл туралы ақпарат бермеген. «Бізге мұндай жағдайда «Қазгидромет» мекемесі алдын ала ескерту ақпаратын жіберу керек . Біз сол ақпаратқа сүйене отырып, «112» желілік қызметі немесе арнайы мобильді қосымша арқылы қала тұрғындарына хабарлама жібереміз. Алайда бұл жолы бізге қала ішінде ондай табиғи жағдай болады деген ақпар түскен жоқ. Соның салдарынан, өкінішке қарай осыншама деңгейде залал мен зардап болды», – деді қалалық ТЖД баспасөз қызметі. «Қазгидромет» мекемесіне хабарласып, ауа райының жайсыздығы туралы мәлімет бермеуіне не себеп болғанын білгіміз келді. Алайда ол мекемеден сауалымызға жауап алу мүмкін болмады.Шымбұлақта қарлы бұрқасын болған
Алатаудың баурайындағы «Шымбұлақ» демалыс аймағында адамдар аппақ бұрқасынның арасында қалып қоя жаздаған. Тау етегінде алаңсыз демалып жүрген тұрғындардың ойламаған жерден болған бұрқасыннан үсіп, көмек сұраған видеолары әлеуметтік желілерде сол мезетте таралып жатты. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Тек екі адам қатты суықтап, ауруханға түскен. Қалалық төтенше жағдай қызметі «Шымбұлақ» демалыс аймағындағы жағдайға жауап бермейтінін айтты. Себебі олардың арнайы өз қызметі бар көрінеді. «Біріншіден, бізде «Шымбұлақта» болған жағдайларға қатысты ақпарат келіп түскен жоқ. Екіншіден, ол жақта демалыс аймағының өз қауіпсіздік қызметі бар. Келушілердің өмірі мен қауіпсіздігіне толықтай солар жауапты. Өйткені ол жекеменшік нысан»,– дейді Алматының ТЖД қызметі.Құлаған ағаштардың бәрі әбден шіріген
Алдында көрсетіп кеткен залалдың статистикасындағы тал басып қалып, түрлі дәрежеде зақым келген 21 көліктің үстіне қала ішіндегі шіріген кәрі ағаштар құлаған. Бұл ақпаратты да қалалық ТЖД беріп отыр. «Оны алдын алудың жолы бар. Бірақ көзге көрінбейтін бірнеше кедергі бар», – дейді мамандар. Мәселен, қала ішіндегі қандай да бір шіріген ағашты әкімдік қызметкерлері анықтап, оны қырқуға барған сәтте сол маңайда тұратын тұрғындардың қарсылығына тап болып жатады екен. Негізінде, шаһардағы ағаштар көшедегі және аула ішіндегі деген екі категорияға бөлінеді. Біріншісіне әкімдік иелік етсе, екіншісіне пәтер иелері кооперативтері қожалық етеді. Алғашқы категория бойынша шіріген немесе басқаша қауіп төндірген талды ешкімнің рұқсатынсыз қырқып, тазарта алады. Ал аула ішіндегі ағаштарды қырқу үшін заңға сәйкес ПИК-тің рұқсаты керек. ПИК болса, рұқсатты тек тұрғындардың келісімі арқылы ғана бере алады. Өкінішке қарай, дауыл кезінде автокөліктің үстіне ағаш құлау деректері дәл осы аулаларда болып жатады. Себебі тұрғындардың көбі көлігін өз ауласына жақын маңайға қойып кетеді. Сейсенбідегі дауылдан кейін алматылықтардан түскен тынымсыз шағым қоңырауларынан кейін қалалық әкімдіктің Жасыл экономика басқармасы дауыл нәтижесінде құлаған ағаштардың салдарын жою жұмыстары бойынша рейд өткізді. Оған БАҚ өкілдерін арнайы шақырды. Рейдке қатысқан басқарма мамандары мен ғылыми қызметкерлер ағаштың құлау себептері мен қолданылып жатқан шаралар туралы біраз мәлімет айтты. Олардың айтуынша, мегаполисте мерзімі жетіп құлаудың сәл-ақ алдында тұрған кәрі ағаштар баршылық көрінеді. Бір ғана наурыз айының ішінде Алматыда 84 ағаш діңі мен ірі бұтақтардың құлау дерегі анықталған, оның ішінде 44-і автокөліктерге түскен. Шіріп тұрған талдардың көп бөлігі тұрғын үйлердің аулаларында орналасқан. Кешегідей түрлі апаттың алдын алу үшін оларды тез арада кесіп тастау керек. Табиғатты қорғау туралы заңға сәйкес, кесілген теректің орнына бірден жас шыбық отырғызылуы керек. Тұрғындар мен әкімдік инспекторлары арасындағы түсінбеушілік осы жерден туындайды екен. «Біз осындай қауіпті ағаштарды анықтап, шара қабылдау үшін аудандық әкімдіктің арнайы инспекторларын жібереміз. Олар кесуге барған кезде ПИК-тің қарсылығына ұшырайды. Себебі орнына егетін жас көшеттерді сатып алу, отырғызу, оны ары қарай суарып, күтіп-баптау шығындарын ПИК көтеруі керек. Сол себепті олар ағашты қырықтырмау үшін барын салып қарсыласады. Кейде түрлі табиғатты қорғау мақсатындағы Үкіметтік емес ұйымдарды шақырып, ұрандатып жатады», – дейді қалалық Жасыл экономика басқармасының мамандары.Дауыл өтті. Келген шығынды кім өтейді?
Бірнеше көлік тал астында қалса, тағы бірнеше үйдің шатыры ұшқан. Басқа да түрлі залалдың шығыны қалай өтелмек? Осы мәселеге қатысты тағы да ТЖД-ға сауал тастадық. «Біріншіден, көлік жекелеген адамдарға тиесілі болғандықтан, олардың шығынын арнайы сақтандыру компаниялары өтеп беруі тиіс. Бірақ бізде көп азамат сақтандырудың осы табиғи және басқа да апат түрлерінен алдын ала сақтандыру мәселесін құнттай бермейді. Егер ондай сақтандыруы жоқ болса, мүлкіне зардап келген азамат құтқару қызметінен арнайы анықтама алуы керек. Әрі қарай тәуелсіз бағалаушыларға жүгінеді. Содан кейін сотқа шағым түсіріп, келтірілген шығынды өтеп ала алады»,– дейді қалалық ТЖД баспасөз хатшысы Гүлдана Нұрымбетова. Алматы секілді климаты құбылмалы қалада қауіптің кез келген түрі болуы мүмкін. Сондай кезде салалық мекемелер салғырттық танытпай, өз ісіне жауапкершілік пен ыждағаттылық танытса, көп қатердің алдын алуға болатынын айтқымыз келеді. «Сақтансаң сақтайды» деген емес пе?Алматы