Партиялың бақылау комитетінің отырысында өңірлерді газдандыруға қатысты проблемалар және интернаттарда балаларға қолайлы жағдай жасауды қамтамасыз ету мәселесі қаралды.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, өткен жылы 146 жобаны жүзеге асыру үшін 51,3 млрд теңге қарастырылып, сол жобалардың 39-ы пайдалануға берілген. Осы жылы 38 жобаны аяқтау үшін бюджеттен 45,8 млрд теңге мөлшерінде қаражат көзделген.
Бұл ретте партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында 2025 жылға дейін Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Көкшетау, Өскемен, Павлодар, Петропавл және Семей қалаларын, сондай-ақ 900 мыңнан астам халқы бар 246 ауылды газбен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
«Сарыарқа» магистралды газ құбыры белгіленген мерзімде пайдалануға берілді. Алайда тұрғын үйлерді газдандыру жұмыстарын аяқтау мерзімі үнемі кейінге шегеріліп келеді. Желілерді жоспарлау және жобалау кезеңінде де айтарлықтай кемшіліктерге жол берілгені анықталды. Салдарынан қазірдің өзінде кейбір өңірлерде газ құбырлары қуатының тапшылығы болып отыр. Газбен жабдықтау желілерін салу жобалары 2019 жылғы бағаны ескере отырып әзірленген және ол түзетуді қажет етеді. Биыл іске асыру үшін жоспарланған жобаларды пайдалануға беруді кейінге қалдыру және қаражат жеткіліксіздігі болу қаупі бар», – деді комитет төрағасы, Мәжіліс депутаты Артур Платонов.
Оның айтуынша, аталған жағымсыз факторларды болдырмау үшін бәсекелестікті дамыту, газ тасымалдау желілерін жоспарлау, жоба және пайдалануға беру процесінің барынша ашықтығын қамтамасыз ету үшін кешенді бағдарлама қажет. Одан бөлек, баға белгілеуді, газ құбыры желілерін салу және қосу тәртібі, техникалық шарттарды беру және тағы сол сияқты жұмыстарға сапалы мониторинг пен бақылау жүргізу маңызды. Сонымен қатар осы жұмысқа қоғам белсенділері мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін тарту керек.
Комитет мүшесі Мирас Шекенов бірқатар заңбұзушылық пен олқылықтарға жол берілгенін атап өтті. Атап айтқанда, Түркістан облысының Бәйдібек ауданында құбырлар тартылып біткенмен, 7 ауылға газ жүргізілмеген. Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында бүгінге дейін ауыл ішінде желілерді салуға қаржы бөлінбеген.
«Шымкентте «Асар 2» және «Алтын төбе» аудандарын газдандыру жұмыстары тек есеп беру үшін жасалған. Себебі мұнда тұрғындарға газ берілгені туралы бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жария етіп, кейін өшіріп тастаған. Қазір олардың газды қалыпты пайдалануға мүмкіндіктері жоқ», – деді Мирас Шекенов.
Өз кезегінде Энергетика бірінші вице-министрі Мұрат Жүребеков жиындағыларды газ саласындағы жұмыстардың қазіргі және алдағы жағдайынан хабардар етті. Мәселен, егер бұрын Қытайға газ жеткізуден түскен пайда QazaqGaz-дың ішкі нарықтағы шығындарын жапса, экспорт көлемі азайған кезде шығын 60 млрд теңге шамасында деп болжанып отыр.
«Халық үшін газ бағасының жыл сайын 15%-ға, коммерциялық тұтынушылар үшін 20-30%-ға қалыпты өсуін жүргізген жөн. Ал жоғары технологиялық кәсіпорындар (кеншілер) экспорттан, яғни нарықтық баға бойынша нетбэк төлейтін болады. Егер бұл шаралар қабылданбаса, алдағы уақытта ішкі нарықта субсидиялайтын ештеңе қалмайды. Бізде 2025 жылға қарай газ тапшылығы болуы мүмкін», – деді вице-министр.
Түркістан, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарындағы мектеп-интернаттардағы балаларға тиісті жағдайды қамтамасыз ету бойынша жүргізілген тексеру қорытындысы туралы «AMANAT» партиясы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Динара Зәкиева баяндады.
Мәселен, Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы С.Сейфуллин атындағы №12 мектеп-интернаты апатты жағдай да тұр. Оған 70 жылға жуық уақыт жөндеу жүргізілмеген. Мұнда 61 бала білім алғанына қарамастан, штатта екі тәрбиеші ғана жұмыс істейді. Шымкенттегі есту қабілеті төмен балаларға арналған №2 мектеп-интернатына шұғыл түрде жаңа ғимарат салу керек. Балқаш көлінің іргесіндегі Шұбартүбек ауылында ауызсу тапшылығынан жұмысы тоқтап тұрған жазғы сауықтыру лагері орналасқан. Ал суды тұщыландыратын құрылғыны сатып алу үшін 30 млн теңге қаражат қажет.
Ол бұл мәселе өткен жылдың қазан айында Партиялық бақылау комитетінің отырысында қаралғанын атап өтті. Сол кезде Білім министрлігіне, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға әрбір интернат бойынша анықталған мәселелерді шешудің нақты мерзімдері мен жолдарын қамтитын егжей-тегжейлі жоспар әзірлеу ұсынылды.
«Партиялық бақылау комитетінің арқасында 247 интернатқа арналған жоспарға қол қойылды. Біздің ендігі міндетіміз – жөндеу жұмыстарының сапасын бақылау және санитарлық техника мен жиһаз сатып алу сияқты шаруалар. Бұл процеске Білім және ғылым министрлігінің қатыспағанын айтқым келеді. Біз бұл мәселені 2 жыл бойы көтердік, соған қарамастан олар тіпті нақты ақпарат бермеді. Көптеген аймақта бұл жоспар әлі күнге дейін формалды түрде ғана жүргізіледі және бұған қатысты жұмыстар атқарылмайды. Жөндеу жұмыстарын қаржыландыруда және интернаттық мекемелердің материалдық-техникалық базасын жаңартуда айтарлықтай мәселелер бар», – деді Динара Зәкиева.
Комитет мүшесі, Мәжіліс депутаты Әлия Әбсеметова аулалардағы дәретханалар мәселесін көтерді. Білім министрлігінің мәліметінше, республика бойынша көше дәретханалары бар 167 мектеп болса, бұл көрсеткіш бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін.
«Ерекше балаларға қатысты мәселе әрқашанда өткір. Мысалы, Алматы облысының Сарқан қаласында ақыл-есі бұзылған балаларға арналған мектеп-интернат бар. Олар тұратын жерде ешқандай жағдай жасалмаған, оқу ғимараты жоқ, асхана апатты жағдайда тұр, ал дәретхана көшеде 10 минуттық жерде орналасқан. 2020 жылы жылытылған дәретхана салынды, алайда жарамсыздығына байланысты жабылып қалды. Кәріз жүйесі дұрыс емес. Уәкілетті органдардан мәселені жедел шешу үшін шаралар қабылдауды сұраймын», – деді Әлия Әбсеметова.
Осыған байланысты партияның өңірлік филиалдары мен партиялық бақылау комиссияларына интернаттық мекемелер де балалардың тұруы үшін тиісті жағдайларды қамтамасыз ету бойынша анықталған қолайсыздықтарды жою үшін егжей-тегжейлі жұмыс жоспарларын әзірлеу, оны нақтылап, өңірлерде жүзеге асыру жұмыстарына кешенді тексеру жүргізу тапсырылды. Тексеру қорытындысы бойынша заңбұзушылықтар, олқылықтарға жол берген немесе формалды қараған жағдайда кінәлі партия мүшелерін, жергілікті уәкілетті мемлекеттік органдардың жауапты қызметкерлерін партиялық жауапкершілікке тартуға қатысты тапсырма берілді.