Елордада алғашқы Талдау мектебінің оқыту курсы аяқталды. Мұндай Мектеп құру туралы бастаманы Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелері көтеріп, оны Палата Төрағасы Мәулен Әшімбаев қолдаған еді. Жобаға қатысу үшін 260-тан астам өтінім келіп түсті. Конкурстық комиссияның қарау нәтижесінде алғашқы топқа 40 адам іріктеліп алынды.
Өткен екі айдың ішінде Талдау мектебінің тыңдаушылары талдау қабілетін арттыру және аналитикалық материалдар даярлау тәсілін жетілдіру бойынша дәрістер тыңдап, білім алды. Оқыту курсы теориялық және тәжірибелік кезеңнен тұрды. Дәріс оқуға белгілі қазақстандық және шетелдік сарапшылар шақырылды. Олар жобаға қатысушыларға аналитика жасаудың түрлі тәсілдерін үйретіп, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Мектептің алғашқы кезеңін қорытындылаған Мәулен Әшімбаев әлемдегі қазіргі ахуалға назар аударып, соған байланысты барлық салада аналитика жасаудың маңызы арта түскенін айтты.
«Қазіргі таңда әлемде геосаяси ахуалдың шиеленісе түскенін көріп отырмыз. Жыл басында біз де қауіпсіздігімізге төнген күрделі сын-қатермен бетпе-бет келдік. Мұның бәрі халықаралық қатынас, ішкі саясат, саяси және әлеуметтік-экономикалық болжам жасау сияқты түрлі салада аналитикалық тәсілді күшейтудің маңызды екенін көрсетеді. Сондықтан Талдау мектебі дер кезінде қолға алынған және қажетті жоба болды деуге толық негіз бар», – деді Сенат Спикері.
Аталған Мектеп аға буын аналитиктердің тәжірибесін жастарға үйретуге және олардың талдаудың қыр-сырын меңгеруіне ықпал етті. Мәулен Әшімбаев бұл – жобаның негізгі міндеттерінің бірі болғанын атап өтті. Сондай-ақ Сенат Төрағасы Мектептің тағы бір маңызды тұсы ретінде осы саладағы әріптестердің бір-бірімен байланысуын, кәсіби коммуникацияның қалыптасуын және нетворкингтің кеңеюін айтты.
«Бұл Мектеп түрлі саладағы жас сарапшылардың өзара коммуникация алаңына айналды. Қазіргі таңда көптеген жобалар салааралық сипатқа ие. Бұл өте маңызды бағыт. Сіздер осы уақыт аралығында білімдеріңізді арттырып, қабілеттеріңізді шыңдап, мол тәжірибе жинадыңыздар деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Іс-шара соңында Сенат Төрағасы курс тыңдаушыларына сертификаттар тапсырып, алдағы уақытта Мектеп жұмысы түрлі форматта жалғасатынын жеткізді. Ал, алғашқы кезеңге қатысқан сарапшылар Парламент Сенатының заң шығару жұмысына және Палата іске асыратын басқа да түрлі жобаларға жұмылдырылады.