Биыл астанада ақылы тұрақ көбейіп, жалпы саны 10 мыңға дейін жетеді, – деп хабарлайды 24.kz.
«Астана көлік тұрағы кеңістігінің» мәліметінше, ақылы тұрақ көлік кептелісін азайтуы мүмкін.
Ақылы тұрақтар таңғы сағат 8-ден кешкі 8-ге дейін жұмыс істейді. Тұраққа сағатына 100 теңге төлейді. Егер төлемесе, 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.
«Астана көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС директоры Шыңғыс Досыбаев: «Әр паркоматта оны пайдалану ережесі жазылған. Оның экраны сөніп тұрса, көбі паркомат жұмыс істемейді деп ойлап қалады. Шын мәнісінде, кез келген батырмаға бассаңыз, монитор қосылады. Кейін қажетті тілді таңдап, тұрақ орнының нөмірін енгіземіз. Көліктің мемлекеттік нөмірі мен тұрақ уақытын таңдаймыз. Сомасына сәйкес, тиындарды паркоматқа саласыз», – дейді.
Астанада ақылы тұрақтар 2018 жылдан бері бар. Осы айдан бастап тұрақ орны 5 мыңға ұлғайтылды. Жыл соңына дейін саны тағы екі есеге артпақ.
Алайда қала тұрғындары арасында «ақылы тұрақтан түсетін қаражат жеке компанияның қалтасын қампайтады» деген пікір де бар.
«Халыққа тегін болу керек қой. Жер жетсе де, ол үшін тағы да ақша алмақ. Қалада машина көп, орын жоқ. Біреудің бизнесі ғой. Үкіметке төлеп отырсақ жарайды дер едік. Бұл дұрыс емес», – деп санайды.