Шымкентте веложолдар опырылып жатыр
Шымкентте веложолдар опырылып жатыр
235
оқылды
Үшінші мегаполисте былтырғы жылдың екінші жартысында ғана салынған веложолдар қирап жатыр. Мемлекет қазынасынан бөлінген миллиондар желге ұшты. Бар-жоғы бір қысқа шыдамаған  вело және жаяу жүргіншілер жолының құрылысын  қандай мекеме жүргізіп еді? Бұл  туралы қалалық әкімдікте өткен баспасөз брифингінде айтылды. Шымкент қаласында салынып жатқан жаңа әуежайға баратын жол бойындағы веложолақта велосипедпен жүрмек түгілі  жаяу жүрудің өзі қауіпті болып тұр. Көп жері көтеріліп, төселген асфальт айырылып жатыр. Құрылысы былтыр қазан айында ғана аяқтал­ған, мемлекет қазынасынан  122 млн теңге кеткен бұл веложолақтың қазіргі сиқы сұрықсыз. Жол мамандарының айтуынша, 4,5 шақырым жолдың 628 метрі опырылып түскен. Демек, опырылып, ойдым-ойдым болып қалған  628 метр жолдың шығыны шамамен 6-7 миллион теңгенің жобасында. Яғни, 6-7 миллион теңге желге ұшты деген сөз. Билік өкілдері бірақ оған жол салған компания емес, кәріз жүйесін жүргізген мекеме кінәлі деп санайды. Сондықтан бұл веложол кәріз жүйесінің мердігері «ЭнСаф» ЖШС тарапынан ретке келтірілмек. Себебі бұл мердігер мекеме кәріз жүйесін жүргізгенде лабораториялық сынамаларында жол салатын жер қабаты тығыздығы сай екені анықталған. Әр нығыз­далған жердің зертханадан өткені жөнінде қағазы бар.  «Корпорация Береке» ЖШС осынау көрсеткіштер негізінде жол құрылысын жүргізіпті. «Таңертең сол жерде болдым. Ол жерде «Береке» компаниясы да, «ЭнСаф» компаниясы да болды. Қазір ол жерде құлап кеткен жердің барлығын көтеріп жатыр. «ЭнСаф» компаниясы қайтадан нығыздап, өз есебінен жаңадан асфальт салады. «Береке» корпорациясының бұл жерде ешқандай жауапкершілігі жоқ. Олар бұл жұмысты бітіруге 2 ай сұрады, бірақ оларға бірінші мамырға дейін аяқтауды тапсырдым», – деп атап өтті Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов.  Мақсұт Пернебайұлы енді осынау жолдың сапалы салынуы үшін әр үш күн сайын барып, қадағалап тексеріп тұрмақ.  Егер бекітілген мерзімге дейін қалыпқа келтірмесе, компанияны сотқа береміз деп тастүйін отыр. Сонымен қатар жиында қала басшысының орынбасары жолды күтіп-ұстауға Шымкенттің бюджеті жетпейтінін айтып қалды. «Жолды әр бес жыл сайын жөндеуден өткізіп отыру қажет. Бірақ бұл мәселе қаржыға келіп тіреледі. Сондықтан кейбір көше шұрық тесікке айналып жатқаны рас» деді Мақсұт Исахов. Одан бөлек, сапасыз жолдың салдарынан көлікке зақым келсе, оның шығынын жол салған мердігер мекеме өтеп беретінін де атап өтті. Айта кетейік, Шымкентте соңғы жылдары жол салу жұмыстарына ерекше назар аударылған. Бірақ жоғарыдағыдай кем-кетіктер болып тұратыны жасырын емес. Осы сала басшыларының үстінен тексеру шараларының жүруі соның бір дәлелі болса керек. Мәселен, жуырда қолына кісен салынған белгілі кәсіпкер Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды жолды жөндеуге бөлінген «қаржыны жымқырған» деген күдікке ілінгені туралы ақпарат тараған болатын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қазір бұл іске қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады. Агенттіктің ресми өкілінің айтуынша, бұл жағдай бойынша кәсіпкердің экс жұбайы ғана емес, шымкенттік бірқатар шенеунік те жауапқа тартылуы мүмкін. Жолға бөлінген қаржыны жымқыру күдігіне ілінгендердің қатарында мегаполистің Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының лауазымды тұлғалары мен «Ария-Жаңа Астана» компаниясының басшылары да бар екен. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің ресми өкілінің айтуынша, өткен жылы бюджеттен 747 млн теңге жымқыру фактісі бойынша аталған азаматтарға қатысты тексеріс жүргізіліп жатқан. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Арман Тлеукенов атап өтті. Сондай-ақ қала басшысының тапсырмасымен құрылған  құрамында Көлік және автомобиль жолдары басқармасы мен «жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК қалалық филиалының мамандары бар комиссия сегіз мердігер компания орындаған жол жұмыстарының сапасын тексеріп, кемшіліктерін анықтаған.  Атап айтқанда, 310 шақырымдық салынған және жөнделген жолдың 2,8 шақырымында кемшілік болыпты. Мамандар жөнделген 980 ұңғыманың 21-ін сапасыз болғандықтан, қабылдамай қойған. Қай салаға қаржы көбірек бөлінсе, сол саланың артынан үлкен шу шығатыны белгілі...

Шымкент қаласы