Шығыс Қазақстанда 108 елді мекенді су басу қаупі бар
Шығыс Қазақстанда 108 елді мекенді су басу қаупі бар
313
оқылды
Қазір өңірдегі төтенше жағдай саласының қызметкерлері тасқынның алдын алу жұмыстарымен шұғылданып жатыр. Өйткені Шығыс Қазақстанда 108 елді мекенді су басу қаупі бар. Облыстық Төтенше жағдай департаменті өкілдерінің айтуынша, аймақтағы 23 мың тұрғын су алу қаупі басым жерлерде тұрады. «Қазір өңірде үйлерді су басу фактісі тіркелген жоқ. Дегенмен арқаны кеңге салуға болмайды. Облыстың оңтүстік өңірлерінде тасқын қаупі сейілді деуге болады. Ал Катонқарағай, Глубокое, Көк­пек­ті, Алтай аудандары мен Риддер, Өскемен қалаларында тасқын қаупі бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Бұл енді ауа райына да байланысты. Сондықтан барлық қызмет тас түйін дайын», – дейді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысы Алексей Штыкель. Өңірде тасқынның алдын алу шараларына 200 миллион теңгеге жуық қаражат бөлініп­ті. 104 мың қап құм, 6 мың тонна инертті материалдар, 690 тонна жанар-жағармай әзірленіпті. Эвакуациялық бекеттер даярланып, 399 мың текше метр қар шығарылып, 3 908 су өткізу құбыры тазартылып, 588 шақырым арық пен арна, 578 көпір ретке келтіріліпті. Жақында Ертіс, Үбе, Бұқтырма және Күршім өзендерінде 15 жарылыс ұйымдастырылыпты. Төтенше жағ­дайлар департаментінің мамандары 1 сәуірде Бесқарағай ауданында еріген қар суын сору жұмыстарын жүргізіпті. 2 сәуірде облыс әкімінің орынбасары, облыс прокурорының орынбасары, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысы баста­ған топ тікұшақпен «Өскемен–Глубокое–Шемонаиха–Бородулиха» бағыттары бойынша әуеден барлау жасап қай­тыпты. Олардың сөзіне сен­сек, облыс аумағының 66 пайызын әлі қар басып жатыр. «Кішірек өзендерде мұздардың ери бастағаны байқалады. Өскемен және Шүлбі су қоймасы аралығындағы жағалауларда мұз жиналған. Шүлбі су қоймасының өзінде тұтаса, шоғырланған мұздар көзге түсті. Шемонаиха ауданы аумағындағы өзендерде мұздың көбесі сөгіле бас­таған», – дейді облыс әкімінің орынбасары Нұржан Жұмә­ділов. Төтенше жағдайлар департаменті мамандары хабарлағандай, өңірде үйлерді су басу фактісі тіркелмегенімен, кейбір үйлердің аулаларына су жайылған. Ал Глубокое ауданының Прапорщиков ауылының тұрғыны Наталья Ивашкинаның үш бірдей жылыжайын су басып,   қаңтар айынан бері күтіп-баптап өсірген көкөністері жарамсыз күйге түсіпті. «Жылыжайдағы су деңгейі әуелде бір метрге жуық­­тады. Аяқастынан шы­ғын­ға баттым. Жылыжай іші бір-екі айсыз құрғамайды», – дейді бағбан. Бұл ауылда жалғыз жылыжай ғана емес, көптеген аула мен қора-қопсы су астында қалған. «Жылда – осы. Ауыл іші көлкіп кетеді. Дүкенге нан алуға бара алмай қалған кездер де болды. Жыл сайын жырға айналған мәселемізді әкімдікке айта-айта шаршадық», – дейді ауыл тұрғыны Сара Қалелова. Әкімдік демекші, Глубокое ауданының әкімі Эльдар Тұмашинов кеше жылыжайлары су астында қалған ауыл тұрғынына қайырымдылық қоры арқылы көмек көрсетілетінін жеткізді.

Шығыс Қазақстан облысы