Алматыда Қаңтар көтерілісі кезінде ҰҚК шекара қызметінің сарбазы БТР-мен жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Бұл туралы әскери прокуратура өкілі Almaty.tv-ға берген сұхбатында мәлімдеді.
Жауынгер Мәди Советханұлы – 3 баланың әкесі, бір үйдің асыраушысы. Қаңтардағы бейберекет кезінде ол бронды көлікпен адам қағып кеткен. Қорғаушының айтуынша, күдікті 5 жылға сотталуы мүмкін. Ал айыпталушының жақындары тәртіпсіздік кезінде сарбаздың әкімдік пен телемұнараны бұзақылардан қорғағанын алға тартты.
«Рысқұлов даңғылымен келе жатқанда ол кісі қарсы беттен шықты. Біз асығыс болғандықтан байқамадық. Тек қағып өткеннен кейін тоқтап, 103 нөміріне хабарластық. Тиісті орган қызметкерлерін де шақырдық. Біздің әскери көлікте қорғаныш сеткасы бар, оның сырт киімі соған ілініп, машинаның астына түсті. Әдейі қаққан жоқпын. Байқаусызда Отан алдындағы борышымды өтеп жүргенде болды. Сондықтан әділдік сұраймын», – сарбаз Мәди Қалантаев.
Әскери қызметкердің жұбайы Мақпал Қасымбекова: «Біздің үш баламыз бар. Асыраушымыз. Халықты, үкіметті қорғаған адамды үкімет неге қорғамайды», – дейді.
Қорғаушы Айгерім Тоқмолдинова адам қаққанын растап отыр. Бірақ әскери борышын жалғастыру мен істің жан-жақты қаралуын сұрайды.
«Үш күн бойы ұйықтамаған. Сол қаңтардағы бүлік кезінде әкімдік ғимараттары мен стратегиялық аумақтарды қорғаған. 10 қаңтар кезінде террорлық шабуылға қарсы операцияға бара жатқанда байқамай адам қаққан. Негізі заң бойынша әскери ауыр техникаға жол полициясы бағыт беруі тиіс. Бірақ бұл жолы елдегі төтенше жағдайға байланысты жол полициясы қарастырылмапты», – деді қорғаушы Айгерім Тоқмолдинова.
Әскери прокуратура бұл істің қазір тергеліп, егжей-тегжейлі тексеріліп жатқандығын мәлім етті.
«Шекара әскери қызметкері Қалантаев арнайы әскери көлікпен, Рысқұлов-Тілендиев көшелерінің қиылысында, азамат Кимді қаққан. Ким жерде қаза тапқан. Алматы қаласының полиция департаменті іс қозғап, тергеуді ҚР ІІМ әскери тергеу басқармасына тергеуге жолдаған. Бұл қылмыстық іс абайсызда адам өліміне себеп болған, арнайы көлікті жүргізу қағидасын бұзу туралы фактімен, яғни Қылмыстық кодекстің 163-бабы, 3 тармағымен қылмыстық іс тергелуде», – деді Алматы гарнизоны әскери прокурорының орынбасары Тимур Андамасов.
Мәди Қалантаевқа жәбірленуші тарап кешірім берген. Ал әскери прокуратура тек тергеуден соң нақты ақпарат айтады.