Шымкентте баспасөз қызметкеріне қысым жасап, суицидке жеткізген кім?
Шымкентте баспасөз қызметкеріне қысым жасап, суицидке жеткізген кім?
443
оқылды
Шымкентте полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мөлдір Бекеева өз-өзіне қол салды. Кеше түнде болған бұл әрекетіне департамент басшылығынан көрген қысымнан соң бардым деп жазған ол өзінің хатында. Мөлдір Бекеева кеше жедел жәрдеммен ауруханаға түсіп, қазір хал үстінде жансақтау бөлімінде жатыр. Естеріңізде болса, жуырда Мөлдір Бекееваның қол астындағы қызметкерлерге былапыт сөздер айтты делінген аудиожазбасы тараған болатын. Енді ол полиция департаментінің басшылығы көрсеткен қысымнан соң, өз еркімен жұмыстан кетіп, артынан өмірімен де қоштасатынын жазып қалдырған. Фейсбук парақшасында қалдырған жазбасында өзінің Шымкент қаласына жаңа басшы келгеннен бастап қысым көріп келе жатқанын, соңында үстінен қылмыстық іс қозғалғанын айтқан. Сонымен қатар, оған тікелей бірінші басшы себепкер деп те атап өткен. "Мен сындым... Сабырым таусылды... Шымкент қаласы Полиция департаментіндегі қызметімнен кеттім. Жәй кеткен жоқпын, үстімнен қылмыстық іс ашылған соң, кеттім!» деп бастаған ол өзінің жазбасын. Сонымен қатар, бірнеше заңсыз деректерді де қоса жариялаған. Әзірге полиция департаменті тарапынан ресми хабарлама берілген жоқ. Ал, денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі Бекееваның жағдайы ауыр екенін, әлі есін жимағанын, өзінің рұқсатынсыз басқа ақпарат бере алмайтынын жеткізді.

Шымкент қаласы