Шымкенттік кәсіпкерлерге өтемақы төлене бастады
Шымкенттік кәсіпкерлерге өтемақы төлене бастады
314
оқылды
Шымкентте қаңтар айының басында орын алған тәртіпсіздіктер салдарынан зардап шеккен шағын және орта бизнес өкілдеріне келтірілген шығынды өтеу жүріп жатыр. Шымкент қалалық Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев шағын және орта бизнес өкілдеріне комиссия мақұлдаған барлық өтініштері бойынша шығынды өтеу жүргізіле бастағанын атап өтті. «Өтініш білдірген кәсіпкерлердің есеп айырысу шоттарына алғашқы өтемақылар төленді. Бүгінгі таңда әкімдік тарапынан 95,9 млн теңге аударылды. Басқа бизнес нысандары бойынша тиісті аудиторлық компаниялар аудит жүргізеді», – деді ол. Еске салайық, қаңтар айында болған жаппай тәртіпсіздікке орай нысандары зардап шеккен 37 кәсіпкерден 274,8 теңге көлемінде шығын келгені бойынша хабарламалар түскен. Олардың басым бөлігі сауда объектілерін тонау, банкоматтарды бұзу, автокөліктерді, арнайы техникаларды ұрлау, жолаушылар көлігін өртеу, сонымен қатар есік-терезелерінің, дүкен терезелерінің сынуы және тағы басқа. Жалпы 28 кәсіпкердің 30 нысаны зардап шеккен. Келтірілген шығын орта есеппен 194,4 млн теңгені құраған. Осынау жұмыстарды қарау үшін арнайы комиссия құрылып, осы уақытқа дейін 41 өтініш қаралып, 14 кәсіпкердің 101 млн теңгеге көлемі бойынша өтініші қанағаттандырылды. Комиссия өз жұмысын 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін жүзеге асырады.