ҚОСЫМША ҚЫЗМЕТТЕРДІ МӘЖБҮРЛЕП ТАҢУ – ЗАҢСЫЗ
Тағы бір мысал, тұтынушы тұрмыстық техника дүкенінен сатып алған тоңазытқыштың компрессоры көп ұзамай істен шыққан. Ол тауарды дүкенге қайтадан тапсырып, төлеген ақшасын қайтарып алғысы келгенімен, сатушы бұдан бас тартқан. Сервис орталығы берген тексеру және техникалық қорытынды актісінде тұтынушы тоңазытқышты пайдалану шарттарын бұзбағаны және жөндеуден, яғни компрессорды ауыстырудан бас тартқаны тайға таңба басқандай жазылған. Компрессордың о баста ақаулығы болғаны да дәлелденген. Тексеріс барысында сатушы тұтынушының құқығын бұзғанын мойындап, сату-сатып алу шартын бұзуға келісті. Тұтынушының 136 мың теңгесі қайтарылды. Ләзім Мияшева түсіндіргеніндей, тауардағы ақаулықтар тек сатып алушының келісімімен ғана жойылуы тиіс. Ал тауарды айырбастағысы немесе ақшасын қайтарып алғысы келсе, сатушыға жазбаша наразылықпен жүгінуге құқылы. Егер сатушы оның өтінішіне он күн ішінде жауап бермесе немесе тұтынушының талаптарын орындауды қажет деп таппаса, тұтынушы аталмыш департаментке немесе сотқа жүгіне алады. Ләзім Мияшева осындай құқықбұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын да атап өтті. Мұндай айыппұл төлегендер де баршылық. Мысалы, 2021 жылы ірі кәсіпкерлік субъектілерінің біріне жоспардан тыс тексеру нәтижелері бойынша тұтынушының талабына уақытылы жауап бермегені үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 190-бабы 6-тармағы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 145 850 теңге айыппұл салынды. Соған қарамастан сатушылар тұтынушы құқығын таптауды неге азайтпай отырғаны белгісіз. Бұл аздай, саудагерлер соңғы кезде тұтынушы құқығын бұзудың тағы бір амалын ойлап тауыпты. Мәселен, тұрмыстық техника не гаджет сатып алушылар қосымша шартқа қол қоюға мәжбүрленетін көрінеді. Мәселен, смартфон сатып алушыға әртүрлі қосымшаларды немесе кепілдік көрсету қызметін қосымша ақыға сатып алу зорлап міндеттеледі. Сөйтіп, тұтынушы смартфон бағасына қоса басқа да шығындарға ұшырайды. Бұл да болса, құқықбұзушылық. Өйткені тұтынушының еркін шарт жасасуға құқығы бар. «Сауда орталықтарының қызметкерлері смартфон сатып алушыларға акция бойынша тегін қосымша жүктеп беру туралы қызмет ұсынады. Тегін дегенге көпшілік бірден келісіп, келісімшартты оқымастан қол қоя салады. Шын мәнісінде, бұл қызмет ақылы болып шығады. Бұл – айласын асырғысы келген сатушылардың қулығы, сатып алушыларды алдау деп санаймын. Қазір осындай шағымдар бойынша да сот жүріп жатыр. Сондықтан келісімшартқа қол қоймас бұрын, оны мұқият оқуға кеңес беремін», – дейді Надежда Дубовая. Заңда бір тауарларды сатып алуды өзге де тауарларды міндетті түрде сатып алумен байланыстыруға, сондай-ақ тауар сатып алуды кепілдік міндеттемені орындау шарты ретінде тануға тыйым салынған.БАҒА СӘЙКЕССІЗДІГІ
Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысында соңғы кезде түбіртек пен сөреде көрсетілген бағаның сәйкессіздігі тым жиілеп кетті. Мұны сатушылар сөредегі бағаларды ауыстыруға үлгермейтінімен түсіндіріп ақталады. Алайда департамент басшысы Ләзім Мияшева түсіндіргендей, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға сәйкес, сатушы тауардың бағалар зат таңбасымен ресімделген, сауда нысанының витриналарында көрсетілген құнына сәйкес сатуға міндетті, ал тұтынушы сол бағамен сатып алуға құқылы. Бұл ретте ол кассалық чекті әр кез мұқият қарауға, баға сәйкессіздігі анықталса, дереу дүкен әкімшілігіне жүгінуге кеңес береді. Тіпті, құқықбұзушылық дерегін растау үшін тұтынушының фото және бейнетүсірілім жүргізуге де хақысы бар екенін айтады. Алайда іс жүзінде супермаркеттердің әкімшілігі фото-бейне түсірілімге тыйым салып тастаған. Мұндайға жол берілсе, күзетші тез арада жетіп келіп, түсірілген жазбаны өшіруді талап етеді. «Сатушы бұзушылықты ерікті түрде жоймаса, тұтынушы бұзылған құқықтар мен заңды мүдделерді қорғау үшін уәкілетті мемлекеттік органға және сотқа жүгінуге құқылы», – дейді департамент басшысы. Бірақ мұндайға көпшілік уақытын шығындап, жүйкесін жұқартқысы келмейді. Сондықтан тұтынушылар құқығын қорғау қауымдастығы көптеген дауды медиациялық жолмен шешкенді жөн көреді. «Арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін» жол табылмаған жағдайда ғана сотқа жүгінуге мәжбүр. Облыс орталығының кейбір дүкендерінде төлем карточкалары арқылы есеп айырысқан кезде тауар бағасына 3-5 пайыз үстемеақы қосу «сәнге айналды». Ал қолма-қол ақшамен есеп айырысушыларға дәл сол тауар арзан бағаға сатылады. Бұл – тұтынушы құқығын бұзу және оларға қысым жасайтын талап. Қалай есеп айырылысқанына қарамастан, тауар бағасы бірдей болуы тиіс.ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТСЫЗДЫҚ – БАСТЫ СЕБЕП
Сатушы өз тауарлары мен қызметі туралы ақпаратты қазақ және орыс тілдерінде беруге міндетті. Бұл талап былтыр желтоқсан айының соңында енгізілді. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өнеркәсіптік саясат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар қабылданып, соған сәйкес «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға толықтырулар енгізілді. Енді бір ғана тілде не шет тілінде берілген ақпарат берілмегенмен тең болып есептеледі. Бұл ретте де Петропавлда заң талаптарын белден басып жүрген дүкен иелері жетерлік. Осы келеңсіздікті түзету мақсатында департамент «AMANAT» партиясының еріктілерімен бірлесіп, рейдтер жүргізуді қолға алмақшы. Кейбір сауда орындарында тауар туралы ақпараттың қазақша аудармасы мүлде сын көтермейді. Бұған облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы да назар аударады. 30 жылдан астам уақыт бойы тұтынушылар құқығын қорғаумен айналысып келе жатқан Солтүстік Қазақстан «Тұтынушылар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Надежда Дубовая көптеген дүкенде сатушы туралы еш ақпарат жоқ екенін айтады. Сондықтан кейде жауапкерді тауып алу қиынға соғатын көрінеді. «Мұндайда құқық қорғау орындарына жүгінсек, «бұл азаматтық-құқықтық қатынастарға жатады» деген жаттанды жауап аламыз. Егер жауапкерді таба алмасақ, кімді сотқа беруіміз керек? Осы орайда құқық қорғау органдарымен тығыз байланыс орнату қажет. Онсыз мұндай дауларды аяқтау мүмкін емес. Прокуратура да тұтынушылар құқығын қорғау ісін қадағалауы тиіс деп санаймын», – деген тілегін білдірді құқық қорғаушы. Надежда Дубоваяның пікірінше, тұтынушы құқығының жиі бұзылуына, ең алдымен сатып алушылардың құқықтық сауатсыздығы себеп. Сондай-ақ кейде сатушылардың да заңды білмейтіні немесе біле тұра белден басатыны да бар. Сонымен қатар құқық қорғаушы сот жүйесін жетілдіру керек деп есептейді. Департаментке жеткізілген ұсыныстар негізінде Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылар құқықтарын қорғау комитеті заңға өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар жасап, сатушылар мен сатып алушыларға әдістемелер әзірлеп жатқан көрінеді. Сарапшылар бұдан соң тұтынушы құқығын таптау деректері азаяды деген үміт бар екенін айтады.Солтүстік Қазақстан облысы