Алматы қаласы бойынша Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының бас маманы пара алғаны үшін істі болды. Салдарынан оған 1 819 740 теңге айыппұл салынды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, осы жылдың 7 сәуірінде Алматы қаласы Медеу аудандық №2 сотының үкімімен Алматы қаласы бойынша Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының бас маманы - еңбек қауіпсіздігін бақылау бөлімінің мемлекеттік еңбек инспекторы А.Қ. Қапаров ҚР ҚК 366-бабының 3-бөлігі 4-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
А.Қ. Қапаров бірнеше рет оқу орталықтарының өкілдерінен қауіпсіздік және еңбекті қорғау бойынша курстан өткені туралы сертификаттарға кедергісіз және жедел қол қойғаны үшін 150 000 теңгеге дейін пара алды, – делінген ақпараттық хабарламада.
Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, оған мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 1 819 740 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.