Сенаторлар тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдады
Сенаторлар тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдады
247
оқылды
Парламент Сенатының депутаттары Ләззат Қалтаева, Динар Нөкетаева, Сұлтанбек Мәкежанов және Дана Нұржігіт, Нұртөре Жүсіп Алматы қаласында жұмыс сапарымен болды. Сапардың мақсаты – Президент Жолдауында айтылған басымдықтарды, қолға алынған реформаларды және қабылданған заңдарды талқыға салу. Сапар барысында сенаторлар бірқатар әлеуметтік, медициналық қызмет көрсететін мекемелердің тыныс-тіршілігімен танысып, ондағы қызметкерлермен, қызмет алушылармен тілдесті. Ақыл-ойы мен жүйке дерті бар адамдарға арналған «Демеу» және «Алатау», «Самал» арнаулы әлеуметтік қызметтер орталықтарында болған сенаторларға асхананың көлемін ұлғайту мәселесін жеткізді. Себебі мұндағы орын тапшылығынан қызмет алушылар бірнеше ауысымда тамақтануға мәжбүр. Одан бөлек азық-түлік бағасының көтерілуінен тамақтандыруды ұйымдастыруда сапаның төмендеуі де мүмкін. Бұл орайда орталық тамақтандыруды мемлекеттік сатып алуға иек артпай, өз күшімен ұйымдастыруға күш салмақ. «Біз мүгедектігі бар адамдардың осы санатындағы көптеген адамдар өздерінің мүгедектігінің ерекшеліктеріне байланысты өздерінің құқықтары мен қажеттіліктері туралы айта алмайтынын есте сақтауымыз керек. Сондықтан олардың құқықтарының сақталуын және тең мүмкіндіктер жасалуын бақылау өте маңызды», – деді Ләззат Қалтаева. Сапар барысында сенаторлар мүгедектігі бар балалардың ата-аналарымен де кездесті, олар балаларын «Алатау» орталығына ауыстырғаны үшін алғыс білдірді. Мұнда балаларға жайлы өмір сүру үшін жағдай жасалған. Дегенмен ата-аналар балаларының орталық қызметін 40 жасқа дейін ғана тұтына алатынын жеткізді Алматы қалалық ардагерлер үйі мен «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығының қызмет алушыларымен кездескен сенаторлар мүмкіндігі шектеулі жандарды толғандырған түйткілдер мен саланы реттейтін жаңа заңдарды толықтыру мәселелері талқыланды. Сенатор Ләззат Қалтаева Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевпен кездесіп, мүгедектігі бар алматылықтар көтерген мәселелерді жеткізді. Кездесуде әлеуметтік тұрғын үй салу және мүгедектігі бар адамдарды тұрғын үй кезегіне қою мәселесін көтерді. Сенатор Сұлтанбек Мәкежанов тұрғындармен кездесуінде: «Ең бастысы, тұрғындарға жақсы жағдай жасалғаны жөн. Әрі олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Сол себепті де біз сіздердің мұң-мұқтаждарыңызды тыңдауға дайынбыз», – деді. Парламент Сенатының депутаттары Динар Нөкетаева мен Сұлтанбек Мәкежанов Алматы қалалық клиникалық ауруханасында болып, денсаулық сақтау ұйымымен көрсетілетін қызметтің сапасына көз жеткізді. Халық қалаулылары медицина қызметкерлерімен кездесуде халыққа көрсетілетін дәрігерлік көмектің сапасын одан әрі жақсартуға арналған құрал-жабдықтармен аурухананы жабдықтау мәселелерін талқылады. Сонымен қатар сенаторлар дәл осы ауруханада күрделі жөндеуден кейін қайта пайдалануға берілген қалалық пульмонология орталығының ашылу салтанатына да қатысты.

Ш.АТЫХАН