Қазақстанда қазақтың аса көрнекті ғалымы Қаныш Сәтбаев дүниеге келген 12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күні ретінде биыл оныншы рет атап өтіліп отыр. Адамзаттың ғарышты игеруінің басы саналатын аталуы дата мен ғылым күнінің сәйкес келуі кездейсоқ дүние емес тәрізді. Өйткені ғарыштың кілті ғылымда екені даусыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым саласын ұдайы дамытуға, перспективасы бар ғылыми-зерттеулерді қолдауға, ұлтымыздың зияткерлік әлеуетін арттыруға айрықша көңіл бөліп келеді. Оның ішінде ғылымды дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыру үшін негізгі рөл зерттеу университеттеріне берілуі қажеттігін атап көрсетті. «Еліміздің білім беру және ғылым саласының алдында кезек күттірмес ауқымды міндет тұр. Бұл – уақыт талабына сай болумен қатар, әрқашан бір адым алда жүріп, тың жаңалықтар ұсына білу деген сөз», – деп жоғары оқу орындарына жаңа міндеттер жүктеді. Бұл – Жаңа Қазақстанды құруға бет бұрған білім ордалары үшін кезек күттірмейтін уақыт талабы. Осы мақсатта әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті іс жүзінде зерттеу университетінің моделін жүзеге асыра отырып, қоғам мен бизнес үшін пайдалы зерттеулер мен әзірлемелер ұсынды. Бүгінде ҚазҰУ-дың ғылыми қызметін дамытудың негізгі векторы – келешегі зор жаңа ғылыми бағыттарды анықтау мен қолдау, пәнаралық және халықаралық қолданбалы зерттеу жобаларының өсуін қамтамасыз ету. Сондықтан 90 жылдық тарихы бар оқу орны еліміздің басқа университеттерінде теңдесі жоқ бірегей ғылыми-инновациялық инфрақұрылымды басқаратын ірі зияткерлік корпорацияға айналуға нақты қадамдар жасап отыр. Университетте 16 факультет пен жаратылыстану бағытында 18 институт және 21 әлеуметтік-гуманитарлық бейіндегі ғылыми-зерттеу орталығы шоғырланған. Мұның барлығы кластерлік тәсіл негізінде «идеядан коммерцияландыруға дейінгі» тиімді технологиялық дәліз қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр. Бұл орталықтарда 29 ҚР ҰҒА академигі, 59 ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, 525 ғылым докторы, 891 ғылым кандидаты, 411 PhD докторы ғылым саласындағы ортақ мүдде үшін аянбай еңбек етіп жатыр. Басты жаңалығымыз – былтыр Технологияларды коммерцияландыру орталығын құрдық. Нақты жоспарымыз – ғылыми жұмыстардың нәтижелерін жоғары технологияға және одан әрі өндіріске айналдыру, инновациялық технологиялар құру және ғылыми әзірлемелерді нарыққа шығару. Орталық алдымен университеттің коммерциялық әлеуеті бар әзірлемелерін сарапқа салады. Сонымен бірге мамандармен бірлесіп, әзірлемелерді коммерцияландыру үшін қаржыландыру көздерін іздейді. Осы арқылы университет пен бизнес арасында мазмұнды ынтымақтастық орнатып, ғылымға қосымша инвестиция тарту көзделіп отыр. Қазір ҚазҰУ-да жүзеге асырылып жатқан коммерцияландыру жобалары аясында соңғы жылдары Дүниежүзілік банк пен Ғылым қорының гранты бойынша 2 млрд теңгеге жуық қаражат тартқан инновациялық кәсіпорындар, стартап және спин-офф компаниялары іске қосылды, жоғары технологиялық өнімдердің шағын өндірісі жолға қойылды. Мәселен, университетте энергия үнемдейтін нанобөлшектері бар газ разрядты лампалар шығарылды. Нарықта кездесетін өзге де люминесцентті лампалардан бір жарым есе жоғары жарық береді, ал құны балама түрлерімен салыстырғанда арзан. Мұндай шамдарды өндіру энергия тиімділігін арттыруға арналған технологиялар нарығында отандық өндірістің үлесін арттырмақ. Сондай-ақ химия және жаңа материалдар саласындағы Nanoquqirt органикалық стимуляторлар өндірісі нарықта сұранысқа ие өнім болып отыр. Еліміздің ірі агроөнеркәсіптік кешен объектілеріндегі сынақ нәтижелері бұл стимулятор азық-түлік ретінде тұтынатын өсімдіктердің өсуін жылдамдатып және аурулар мен зиянкестерден тиімді қорғайды. Мемлекет басшысы ұсынған «Он ұлттық жоба» аясындағы басым бағыттардың бірі – «Дені сау ұлттың әрбір азаматына сапалы және қолжетімді медициналық көмек көрсету». Осы тапсырма аясында ҚазҰУ-да 2021 жылы дәрілік заттарды, құрылғыларды және әдістерді жасауда қолданбалы зерттеулерді дамыту мақсатында Қан тамырлары патологиясы орталығы құрылды. Орталық ғалымдары артериялық тамырлардың атеросклеротикалық зақымдануы, сондай-ақ веноздық жүйе аурулары проблемасын ғылыми-техникалық және тәжірибелік зерттеулермен айналысады. Орталық мамандары әзірлеген құрылғылар болашақта стендтерді нарықтан толығымен ығыстырады. Сондай-ақ орталықта COVID-19 жоюға арналған жеке портативті құрылғы әзірленіп, патенттелді. Ол науқастың демінен бөлінген ауадағы COVID-19 вирустарының тікелей таралуын жояды. Басқа да респираторлық инфекциялардың келесі адамға жұқтыру қаупін болдырмайды. Жеке портативті камерада 30-60 секунд ішінде атмосфераға COVID-19 вирустарынан зарарсыздандырылған ауа шығады. Құрылғының дизайны ықшам және қолдануға ыңғайлы. Әрі қоғамдық орындарда өзімен бірге алып жүруге мүмкіндік береді. Біздің ойымызша, бұл – экономикаға ауыр соққы болатын әртүрлі әлеуметтік шектеулерден бас тартып, пандемияның алдын алу үшін ең тиімді, арзан әрі қолжетімді тәсіл. Сондай-ақ фитохимия негізіндегі тағамдық қоспалардың шағын өндірісі ұйымдастырылып отыр. Әлемдік пандемия кезінде білім ордасының ғалымдары тұмау вирусына және коронавирусқа қарсы табиғи тұнбалар жасап шығарды. Олар – дәрілік және қоректік өсімдіктерден тұратын баламасы жоқ биологиялық белсенді қоспалар. Мұндай өнімдердің өндірісі елге импортталатын дәрілік заттардың санын азайтуға мүмкіндік береді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі ғылыми білім үдерісіне тоқталсақ, қазірдің өзінде жан-жақты зерттеулермен сабақтастыра отырып, зерттеу университетіне тән деңгейде жүргізіп келеді. Оның дәлелі – оқу ордасындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер мен талдаулардың саны мен сапасының жоғары көрсеткіштері. Оған салалық бағдарламалар аясында және шетелдік әріптестермен бірлесе жасалған халықаралық ғылыми-техникалық жобаларды жатқызуға болады. Атап айтқанда, университетіміздегі Жерді қашықтықтан зондтау орталығы Қытай ғылым академиясына қарасты Аэроғарыштық зерттеулер институтымен және SuperMap компаниясымен серіктестік орнату арқылы геоақпараттық өнімдер ұсынып отыр. Орталықта Қытай ғылым академиясына тиесілі SatSee виртуалды стансасы жұмыс істейді. Осы арқылы QuickLook режимінде қытайлық бес жасанды жер серігінен, сондай-ақ АҚШ-тың LandSat ғарыштық аппаратына ұшу траекториясын бақылай отырып, қажетті аумақтың ғарыштан түсірілген кескіндерін алады. Осылайша, ҚазҰУ-да ел экономикасының көптеген саласына едәуір өзгеріс әкелуге септігін тигізер сараптама жасалып жатыр. Мысалы, ауыл шаруашылығы, құрылыс, төтенше жағдайлар, экология, қоршаған ортаны қорғау және жүк тасымалы секілді салалар үшін аса тиімді. Әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болуға осындай инновациялық өнімдер тікелей жол ашады. Сардоба су қоймасы жарылған кезде Жерді қашықтықтан зондтау орталығының мамандары шетелдік әріптестермен бірге оперативті түрде төтенше жағдайға тап болған аумақты саралады. Нәтижесінде, GF-3 деп аталатын жасанды жер серігінің ғарыштық суреттері негізінде қай елді мекендерді су басып қалғаны қысқа мерзімде анықталды. Риддер қаласы маңында болған орман өрті кезінде ҚазҰУ мамандары ғарыштық технологиялардың көмегімен апат салдарын саралап шыққан болатын. Осы кезде Жерді қашықтықтан зондтау орталығының қызметі төтенше жағдайлар, техникалық апаттар мен климаттық катаклизмдердің салдарын жылдам сараптауға болатынын дәлелдеп берді. Бұл тиісті құрылымдар мен облыстық әкімдіктердің қызметін едәуір жеңілдететіні сөзсіз. Сонымен бірге ел дамуының «Он ұлттық басымдығы» мен бизнестің келісімшарт негізіндегі тапсырыстары бойынша жүргізіліп отырған іргелі және қолданбалы зерттеулер оқу орнының деңгейін нығайта түсті. Осы тұста университеттің барлық ғылыми-техникалық жобалары конкурстық негізде қаржылық қолдау табатынын ескерген жөн. Осылайша, 2021 жылы жаңадан құрылған ғылыми шығармашылық ұжымдар Президентіміз Қ.Тоқаев бекіткен «Он ұлттық жоба» аясында 330-дан астам ғылыми жобаны жүзеге асырды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, университетіміз ғылыми әлеуетін пайдаланып, экономиканың түрлі салаларында қордаланған мәселелерді шешуді көздейді. Мәселен, Ғылыми-технологиялық паркте қазір Нermetia illucens деп аталатын шыбындардан агросекторға өте тиімді өнімдер дайындау жолға қойылған. «Қара сарбаз» деп аталатын бұл шыбынның дернәсілдері органикалық қалдықтарды құнарлы тыңайтқышқа айналдырады. Сондай-ақ ақуызға бай мал азығын дайындауға таптырмас дүние. Бұл – әлем ғалымдарын алаңдатып отырған азық-түлік қауіпсіздігі мен экологиялық мәселелерді шешудің балама жолы. Қазір көптеген шетелдік инновациялық компания мен алдыңғы қатарлы университеттер ғылыми білім беру және коммерциялық наноспутниктерді әзірлеумен және құрумен айналысып отыр. Осы мақсатта 2018 жылғы 4 желтоқсанда ҚазҰУ-дың Al-Farabi-2 екінші наноспутнигі күн-синхронды орбитаға шығарылды. Наноспутникті Илон Масктың атақты SpaceX компаниясы ұшырды. Al-Farabi-2 наноспутнигі бүгінде өзінің технологиялық және ғылыми миссиясы бойынша жұмысын жалғастырып жатыр. ҚазҰУ ғарыштық техника және технологияларды әзірлеу бойынша ұлттық ғылыми мектеп құрудан да шет қалмады. Осы бағытта оқушылар мен студенттерді ғарыш аппаратын әзірлеу, жобалау, құрастыру, сынау және пайдалану негіздеріне оқытуға арналған ALFASAT шағын жасанды жер серіктерінің инновациялық конструкторлары ұсынылып отыр. Конструктормен жұмыс істеу кезінде оқушылар кәсіби дағдыларын ғана емес, адами қабілеттерін де шыңдай түспек. Қорыта айтқанда, ғылым – бұл халықаралық ұғым. Оның тұжырымдамасы инновациялық идеялар нарығын басқаратын, шекаралар мен мемлекеттерге бағынбайтын идеяларға негізделген. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, университеттің, институттың, кейде тіпті мемлекеттің ғылыми жетістіктеріне үш негізгі фактор алғышарт болады. Біріншісі – бір мүддеге жұмыс істейтін талантты ғылыми-шығармашылық ұжым, екіншісі – икемді басқару жүйесі, соңғысы – оқыту мен зерттеулер жүргізу үшін барынша жағдай жасау. Сондықтан ҚазҰУ үшін халықаралық ғылыми қоғамдастықпен тығыз байланыс орнатып, интернационал университет болу да аса маңызды. Университетте өткізілетін ғылыми-зерттеулер нәтижелілігінің негізгі көрсеткіштерінің бірі – ғалымдар мен профессор-оқытушылар құрамының рейтингтік халықаралық басылымдарда белсенді түрде ғылыми мақалаларының жариялануы. Өткен жылы Scopus деректер базасында жарық көрген қазақстандық ғалымдар жарияланымдарының 21 пайызы ҚазҰУ ғалымдарына тиесілі. Соңғы бес жылда университет ғалымдарынан дәйексөз келтіру саны үш есеге жуық өсті. Сонымен бірге ICI Journals Master List халықаралық деректер базасына университеттің жеті ғылыми журналы енгізілді. 2021 жылы ҚазҰУ-дың International Journal of Mathematics and Physics журналы Scopus – әлемдегі ғылыми басылымдардың ең ірі деректер базасына енгізілді. Қазір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін зерттеу университетіне трансформациялауға бағытталған инвестициялық жоба сараптамадан өтуде. Осыған сәйкес, Al-Farabi SciTech Center орталығын ашу арқылы университеттің инновациялық экожүйесін күшейту көзделіп отыр. Бұл ғылыми-технологиялар орталығының инфрақұрылымын түрлі саланың ғалымдары бірлесіп пайдалануға бағытталады. Мұның бәрі Жаңа Қазақстанды құру аясында жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Әрі ғылыми-инновациялық қызметті корпоративтік басқарудың тиімді моделін құру арқылы университеттің тұрақты дамуын қамтамасыз етпек.