Шетке кеткен қаржыда көптің көз жасы бар
Шетке кеткен қаржыда көптің көз жасы бар
234
оқылды
Шетелге капиталдың жылыстатылуы жөнінен Қазақстан әлемдік «жиырмалыққа» кірді. Фирмалар банктерден 1,73 триллион теңгені ше­шіп алған. Оның кейін қайда кеткенін айқындау қиын, себебі элек­трон­дыға қарағанда сөмке-шабадандар толы шытырлаған қар­жы­ның қозғалысын қадағалау күрделі. Банктер де «күдікті тран­зак­ция­лар» көбейіп кеткенін айтып, дабыл қағып жатыр: олардың 179 ха­бар­ламасы негізінде 21 қылмыстық схема ашылған. Салада не бо­лып жатыр? Ел басшылығының шетелге әкетілген капиталды қай­тару тапсырмасының орындалуына не кедергі?

Күрес тетіктері күшейтілді

Таяуда, 6 сәуірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурор Берік Асыловты қабылдағанда басты бір тақырып ретінде шетелден активтерді қайтару ісі бойынша қолға алынған шаралар талқыланды. Бас прокурордың мәліметін­ше бүгінде резонанс тудырған қылмыстық істер бойынша күдікті-фигурант­тардың қылмыстық жолмен жинаған капиталды елден жасырын әкетуі деректерін анықтау үшін осыған жол ашқан схемаларға талдау жасалады. Дерек­көз­дерден белгілі болғандай, заңсыз жылыстатылған капиталды орал­туға бірнеше орган жұмыл­дырылған көрінеді, оның ара­сында Бас прокуратура, Антикор, Қаржылық мониторинг агенттігі бар. Ел ішіндегі қаржы қозғалысына да бақылау күшейтілген. Қаржы мониторингіне жататын опера­циялар туралы хабарлама беруге міндетті «Қаржы мониторингі субъектілерінің түрлері» айқын­далды. Ондағының бәріне «қыл­мыстық жолмен алынған кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мақсатында» ішкі бақылауды ұйымдастыру міндеті жүктелген. Қазір тіпті валюта айырбастау пункттерінің өзі ірі көлемде валюта сатып алған адамдардың дерегін тиісті орынға ұсынып отырады. Клиентті идентификациялау ша­ралары қабылданатын көрінеді. Сондай-ақ «күдікті операцияларға» не жататынын анықтау үшін олар­дың нышан-белгілері нақты ай­қындалды. Ол критерийлер қатып қалған дүние емес, соңғы үрдіс­терді, әшкереленген схемаларды ескеріп, тұрақты негізде өзектен­діріледі. Бұл жөнінде «Кірістерді жы­лыстатуға және терроризмді қар­жыландыруға қарсы іс-қимыл са­ласын дамытудың 2022-2026 жыл­дарға арналған» жаңа тұжырым­дамасы жобасында атап өтілген. Банктер күдікті тұлғалармен немесе компаниялармен істес бо­лудан бас тартады, олардың есеп­шот ашу, ақша шешіп алу, ақша аудару және басқа өтініштерін қа­нағаттандырмайды. Талаптың кү­шей­тілуі нәтижесінде 2018 жыл­дан бері бас тарту деректерінің саны 3 есеге артқан. Қолданыстағы іс­кер­лік қатынастарды доғарудың 2018 жылы – 496, 2019 жылы – 1 089, 2020 жылы 1 538 дерегі тір­келген. Бұдан бөлек, іскерлік қа­тынас орнатудан бас тартудың 2018 жы­лы – 451, 2019 жылы – 1 293, 2020 жы­лы 1 196 дерегі белгілі болды. Қылмыстық ақшаны қолма-қол қаражатқа айналдырудың жо­лын кесу үшін банктерге арналған «Қауіпті тұлғалардың бірыңғай тізілімі» (Унифицированный реестр рисковых лиц) жасалды. Күдікті және сомасы шекті ша­мадан асқан қаржылық опера­циялар туралы барлық ақпарат жа­бық байланыс арнасымен тіке­лей қаржылық барлау органына жіберіледі. Тек 2021 жылдың өзінде 2 мыңнан астам субъект сондай операциялар жөнінде хабарлама жолдапты. Қаржылық мониторинг агент­ті­гінің дерегінше, қазіргі уақытта лас қаражатты «тазалауға» қарсы күрестің қажетті инфрақұрылымы түзілді. Келіп түскен хабарлама­лар­ға терең әрі кешенді талдау жүр­гізу үшін заманауи компью­терлік жабдықтардан, озық бағдар­ламалардан тұратын инфрақұ­ры­лым іске қосылды. «Бірыңғай ақ­параттық талдамалық жүйе» құ­рылды: ол қаржы және қаржылық емес сектор ұйымдарынан тоқ­тау­сыз, лек-легімен «құйылатын» ха­барламаларды онлайн режимде алуға, талдауға және сақтауға мүмкіндік береді. Атап өту керек, жыл сайын қар­жылық барлау құрылымдарына 1–1,7 миллионға (!) дейін хабар­лама келіп түседі. Ел қазынасын талан-тараж ету­шілерге күреске жұмылғандар үйлесімді жұмыс істемесе, бәрі бе­кер. Қаншама жемқор ондаған миллиард қаржыны қалтасына басып, шетелге тайып тұрды. Бұл ретте құқық қорғау органдарының қаржылық барлау материалдарын пайдалану тиімділігі жыл сайын артып келеді екен. Қаржылық бар­лаушылардың анықтаған маңызды ақпаратын құқық қорғау орган­дарының пайдалану үлесі 2017 жылғы 37,8%-дан енді 52,6%-ға дейін өскен. Қазақстанның құқық қорғау органдары әлемнің 160-тан астам қаржылық барлау органын бірік­тіретін «Эгмонт» тобының қорғал­ған желісін белсенді пайдаланады. Соңғы 3 жылда шетелдік қаржы­лық барлау құрылымдарына Қа­зақстаннан 800-ге жуық сұраныс жолданды. Өз кезегінде шетелден 300-ге жуық сұраныс түскен. Қазақ еліне мұндай құпия ақпарат алма­суда әсіресе, Ресей, Түркия, Кипр, Латвия, АҚШ, Беларусь, Нидер­ланд, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан және Гонгконг белсенді.

Схема, схема, схемалар...

Жалпы, еліміздің әр өңірінен, әрбір қаржы мониторингі субъек­тісінен түсетін мәліметтер «кө­лең­келі операцияларды ашуға, банктік шоттардағы ақша айналымда­рының тапсырылған салық есеп­терімен сәйкеспеушілігін анық­тауға» мүмкіндік береді. Бұл сон­дай-ақ тәуекелді операцияларға жедел ден қоюға, сыбайластарды әшкерелеуге, әрбір айыпта­лушы­ның рөлін, ұйымдасқан қыл­мыс­тық топтардың жаңа мүшелерін анықтауға көмектеседі. Қаржылық мониторинг агенттігі екі жылда, 499 хабарламаны талдау кезінде кірістерді ірі көлемде жылыс­та­тудың 45 қылмыстық схемасын ашқан көрінеді. «Бұрынғыға қарағанда кейінгі жылдары сапалы ақпарат бағыт­таудың өсу динамикасы байқалады. Мәселен, егер 2018 жылы екінші деңгейлі банктердің 137 хабар­ламасы негізінде 5 қылмыстық схема ашылса, 2019 жылы 83 ақ­парат – 19 схеманы, 2020 жылы – 179 ақпарат 21 қылмыстық схе­ма­ны анықтауға сеп болды», – деп мәлімет берді агенттік. Айтқандай, бұрыннан кең та­ралған схема бойынша меморган немесе ұлттық компания әлдебір жалған фирмамен келісімге оты­рады да, оның әлдебір қызметі үшін миллиардтарды аударады. Ізінше әлгі компания бар ақшаны банктен шешіп алады. Меморган не квазимемсектор кәсіпорны алданған сыңай танытып, «жосық­сыз жеткізушіні» сотқа береді. Ол кезде жалған кәсіпорын жабылып, айыпты тұлғалар сөмкелер толы ақшамен бірге табанын жалты­ратып үлгереді. [caption id="attachment_191831" align="alignleft" width="1200"]шател қаржы © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Бұған тосқауыл қою үшін заң­ды тұлғаларға есепшотындағы ақ­ша­сын шешіп алуға шек-лимит қо­­йылды. Яғни, екі кәсіпорын өза­ра есептескісі келсе, қыруар қар­жы­ны кеңселеріне портфелмен та­сымай, банк шотына аударуы шарт. Осы шектеудің арқасында соңғы 5 жыл­да алғаш рет банктерде заңды тұл­ғалар шешіп алған қаржы сомасы 37%-ға кеміпті. Әйтпесе, жыл өткен сайын тек артып бара жатты. Деген­мен заңды тұлғалар, фирма-ком­па­ниялар қолма-қол ақшаға айнал­ды­ратын сома көлемі бәрібір қо­мақ­ты: бес жыл бұрын 2,75 трил­лион тең­гені құраса, кейінгі жыл­дың көрсет­кіші – 1,73 триллион теңге. Қылмыстық қаржыны заңдас­тырудың және ақша ұрлаудың бір жолы – жеткізілмеген тауар «жет­кізілді», көрсетілмеген қызмет «көрсетілді» деп рәсімделетін шот-фактуралар арқылы жүзеге асы­рылады. Жалған шот-фактура­ларды жазып беру фактілері бо­йынша қылмыстарды әшкерелеу соңғы жылдары 1,5 есеге ұлға­йыпты: 2019 жылғы 269 істен 2020 жылы 417 іске дейін. Мұндай қыл­мыстық істердің ішінде аяғына дейін жеткізілген істердің үлесі 30%-дан 57%-ға дейін өсті (2019 жылы 396 істің 118-і, 2020 жылы 693 істің 393-і). Қылмыстық жол­мен қолма-қол ақшаға айналды­рылатын және жалған шот-фак­тура шығарумен айналысатын 87 қылмыстық топтың қызметі тоқ­татылды. Тұтастай алғанда, капиталды жылыстатудың сан мың тәсілі бар, оның басым көпшілігі – заңды. Мысалы, қазақстандық бизнесмен әлдебір елге инвестиция салу түрін пайдаланады. Немесе отандық ком­пания шетелдегі серіктес-контрагентімен контракт бекітеді: бұл сыртқы экономикалық қызмет аясына жатады, импорт статис­тикасына кіреді. Қазақстанда тапқан барлық та­бысын сыртқа таситын экпорт­таушыларды да, импорттаушы­ларды да мұндай «бармақ басты, көз қысты» тірліктері үшін қыл­мыстық қудалайтын тиісті бап Қылмыстық кодекстен көп жыл бұрын алып тасталды. Оның үстіне сыртқы экономикалық қызметпен айналысатын субъектілер кон­трактілерге қатысты берешек со­масы көрсетілетін декларацияны да өз бетінше толтырып, тапсыра салады. Алайда бұл құжаттан бо­рыштың не үшін қалыптасқанын анықтау мүмкін емес. Салдарынан қазақстандық компания алдын ала ақысын төлеген тауар-жүктер сол бойы елге келмейді. Өнім үшін деп аударылған қыруар қаржының сайда саны, құмда ізі қалмай, жым-жылас болады. Мамандардың айтуынша, қа­зіргі заманда капиталдың үлкен бөлігі сондай-ақ криптовалютаға салу арқылы әкетіледі.

Батпандап кетіп, мысқалдап оралады

Негізі, Қазақстаннан қанша мил­лиард қаржы шетелге әкетіл­ген? Бұл сұраққа дәл жауап тіпті құзырлы органдарда да жоқ деседі. Tax Justice Network халықаралық ұйымының дерегінше, соңғы 20 жылда Қазақстаннан тек офшор­лық аймақтарға ғана 160 миллиард доллар жылыстатылды. Отандық сарапшылардың бағалауынша, тәуелсіздік жылдарында респуб­ликадан 200 миллиард доллар шығарылған. Халықаралық рейтингтерге сәйкес, Қазақстан капиталдың тұрақты түрде шетелге жылыста­тылуы жөнінен әлемдегі 20 елдің қатарына кіреді. Пандемияға дейінгі кезеңде мемлекет бүкіл соманың тек 90 мил­лион (миллиард емес) долла­рын ғана қайтартқыза алғаны айтылды. Неге жылыстатылған қаражат­ты оралту сонша қиын? Әлде бұл құзырлы органдардың қырсыз­ды­ғынан ба? Қаржылық мониторинг агент­ті­гінің түсіндіруінше, заңсыз жол­мен алынған активтерді шетелден қайтару ісі бірқатар проблемамен астасып жатыр. «Біріншіден, бірқатар шет мем­лекеттердің құзыретті орган­дары­ның құқықтық көмек көрсету ту­ра­лы сұрауды орындау мерзімі жарты жылға дейін созылады. Екіншіден, активтер әкетілген мем­лекеттер оны қайтаруға әрда­йым жәрдемдесе бермейді: ел қаржысын ұрлаған қылмыс­кер­лерді ұстап беру, шот­тарға тыйым салу, коррупциялық активтерді тәркілеу және кері қай­тару мәсе­лелерін саясиландырады. Қазақ­станда ұрланған біраз актив шет елдерде анықталды және бұғат­талды, соған қарамастан, Қазақ­станға оның мардымсыз көлемі ғана қайтарылды. Үшін­шіден, заңсыз қаржы ағындарының кө­лемін есепке алудың әдістемесі әлі күнге жоқ», – деп түсініктеме берді ведомство. Мұның сыртында халықаралық ынтымақтастықты жолға қою мәселесі де, активтерді қайтару жөніндегі жұмысты ішкі ұйым­дастыру ісі де жетілдіруді қажет етеді, тәсілдері ескірген, жұмыс істемейді. Кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласын да­мы­тудың жаңа тұжырымдамасында осы және өзге проблемалар еске­ріліп, оларды шешудің жолдары көрсетілген. Жуырда Премьер Әлихан Сма­йылов Үкіметте осы тақы­рыпқа арналған жеке кеңес өткізді. Жиында капиталды шетелден елге қайтаруды ынталандыру және елі­мізден қаражаттың жылыстауына қарсы тұруға бағытталған шара­ларды күшейту жөніндегі ұсы­ныстар талқыланды. Үкімет бас­шысының өкімімен комиссия аясында 5 жұмыс тобы құрылды. Олар қаражатты жылыстату схе­маларына талдау жүргізеді, сон­дай-ақ шектеу шараларын енгізу, шығарылған капиталды қайтару шараларын қабылдау үшін қажетті ұсыныстарды әзірлейді. Үкімет тіпті қайтадан мүлік-капитал амнистиясын өткізуі де ықтимал. Сондай-ақ резидент емес­терге, шетелдік компания­лар­ға дивидендтер төлеу кезінде салықтық жеңілдіктерді жою (ел­ден алған табысты әкетудің бір жолы осы), резидент емес өзара бай­ланысты тұлғалар көрсеткен материалдық емес қызметтер бо­йынша шегерімдерді шектеу секілді шаралар қарастырылады. «Трансферттік баға белгілеу тура­лы» заңын жетілдіруге бағытталған нормалар әзірленді. Басқа да іс-шаралар көзделмек. Комиссия жұмысының қорытындысында пысық­талып, құпталған ұсыныстар Президентке жолданады.