«Вейптің» буына балқып, уынан қалғып қалмасын!
«Вейптің» буына балқып, уынан қалғып қалмасын!
© коллаж: Елдар Қаба
618
оқылды
Елімізде 15 жастағы қыздардың 6 пайызы, ер балалардың 10 пайызы темекі шегеді. Соның ішінде мектеп оқушыларын электронды темекі еліктіріп отыр. Дамыған елдерде мұндай бәлекетке заңмен тыйым салынып, бағынбағандарға қылмыстық жауапкершілік көзделген. Ал бізде буыны қатпағандар да будақтатып жүр. Бұлай жалғаса берсе, ел ертеңі деп сенген ұрпақ қос өкпесі күркілдеген шылымқорға айналмай ма?

ТҮТІНСІЗ ТҮРІ ДЕ ТӘУЕЛДІ ЕТЕДІ

Елімізде ересектердің 21,5 пайызы темекі шегеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында мәлімдеген еді. Министрдің айтуынша, көпшілігі темекі шегуді 17-18 жасынан бастаған. Жас ағза никотинге тез тәуелді болатынын ескерсек, қазір түтінсіз түрін тартып жүргендер уақыт өте келе кәдімгі шылымның құлына айналмасына кепілдік жоқ. Сонымен қатар статистикалық мәліметтерге сүйенсек, еліміз­де халықтың 2 пайызы вейп қолданады. Алайда бұл статис­тикаға д сенім аз. Электронды темекі тәуелділерінің саны бұдан да көп болуы мүмкін. Өйткені жасөспірімдерден сауалнама алсаңыз, олар «темекі шекпейміз» деп жаза салады. 23 жастағы Зарина Кеңесова 2 жылдан бері электронды темекі шегеді. Күйзелістен құтылу үшін қолдана бастаған. Өкініштісі, қазір бірреттік темекісіз бір күнде шыдай алмайды. «Зиян екенін жақсы білемін. Күніне 40-50 рет тартамын. Жұмыста жүргенде шекпесем, тұра алмаймын. Қазір әдетке айналып кеткен. Бұрын 2 500-3 000 теңгеге апта сайын сатып алатын едім. Жақында 7 000 теңгеге жаңа құрылғы сатып алдым. Апта сайын 1 700 теңгеге сұйық құйылған картридж сатып алып отырамын. Жұмыста ойымды жинақтауға көмектеседі. Бірақ басқаларға шегуге кеңес бермеймін. Өкініштісі, інілерім де әуес. Айналамда бәрі шегеді. Сондықтан тастау өте қиын», – дейді ол. Кәмелет жасқа толған, ой-өрісі қалыптасқан азаматтың өзі тәуелді болып жатқанда, мектеп оқушыларының мәселесі алаңдатарлық. Бірден ашып алайық, біз оларды орынсыз сөгіп жатқан жоқпыз. Себебі оқушылар арасында «одноразка» деп аталатын электронды темекілердің аса сұраныста екенін астанадағы Қайым Мұхамедханов атындағы №90 гимназияның директоры Аятжан Ахметжанұлы да растап отыр. «Электронды темекі оқушылар арасында кең қолданыста. Себебі сатып алу оңай. Бағасы да қолжетімді. Иісі, сыртқы қағазы, бәрі қатты тартады. Індет кезінде тіпті өршіді. Қыркүйекте түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Ата-аналармен жиналыстар өткізіп, зиянын түсіндірдік. Екіжақты жұмыс нәтижесінде біраз тыйылды. Бастысы, ата-анамен бірлескен жұмыс керек. Соның өзінде түбегейлі жою өте қиын», – деді Аятжан Ахметжанұлы. Мектепте түсіндіру жұмыстары жүргізілгенімен, дүкендерде еркін сатылатындықтан, оқушылар оңай алып жүр. Өкінішке қарай, электронды және бірреттік қолданылатын темекілерді сататын дүкендердің саны елімізде жыл сайын артып келеді. Бір ғана астананың өзінде 60-тан аса сауда орны жұмыс істеп тұр. Балалар вейп сатылатын дүкендерге келіп, шылымның бұл түрін, оның сұйықтығын емін-еркін сатып алады. Бұл ғана емес, Instagram, Тelegram әлеуметтік желілерінде вейп сатумен айналысатын онлайн дүкендер өте көп. Тапсырыс берушіге тегін жеткізу қызметі де қарастырылған. Көптің көзіне түскісі келе бермейтін жас­өспірімдер осылай қалауына оңай қол жеткізуде. Ал осы өнімнің отаны саналатын елдер мұндай сұйықтықтардан бас тартқан.

ШЕТЕЛДІК ТӘЖІРИБЕ ҚАНДАЙ?

Вейпингтің кең таралуынан АҚШ-та 2 500-ден аса адам өкпе ауруына шалдығып, 50 адам ажал құшты. 2020 жылдың басында бүкіл АҚШ-та электронды темекілерге арналған жұпар толтырғыштары бар картридждердің көп түрін сатуға тыйым салынды. Шектеу жастар көп тұтынатын жалбыз, жеміс-жидек дәміне ие сұйықтықтарды қамтыды. Тек сұранысы шамалы темекі және ментол иісі шығатын толтырғыштар нарықта қалды. Бүгінде әлемдегі 25 мемлекетте вейпті сатуға заңмен тыйым салынған. Бельгия астанасында да бұл бәлекет 18 жастағы азаматтың өмірін қиды. Ол пневмонияға шалдығып, терең тыныстаудан қалған. Электронды темекіні 18 жасқа толғанда сыйлыққа алған екен. 2019 жылы Үндістан министрлер кабинеті электронды темекінің өндірісіне, сатылымы мен импортына тыйым салып, оның денсаулыққа қауіпті екенін мәлімдеді. Осы заңды бұзушылар үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы ықтимал. Себебі АҚШ пен Үндістанда жүргізілген зерттеу бойынша кейбір жастар вейпингті заманауи стильдің бір бөлігі деп санайды. Үндістан темекі өнімдерін тұтыну жағынан әлемде Қытайдан кейінгі екінші орында тұр. Осылайша, бұл елде жыл сайын 900 мыңнан астам адам темекі салдарынан болатын ауруларға шалдығып, көз жұмады. 2020 жылы Түркия да электронды темекінің кез келген түрін сатуға тыйым салынды. Тіпті, бұл мәселе жөнінде ел президенті Режеп Тайып Ердоған арнайы мәлімдеме жасап, әлемдік ірі компаниялардың түрік нарығына кіруіне тосқауыл қойған. Алайда электронды темекіні жасырын саудалайтындар әлі күнге дейін азаяр емес. Осыған байланысты мамандар шылым тартуға итермелейтін барлық заттарға тыйым салу қажет деп отыр. Негізі, былтыр Қырым федералды университетінің ғалымдары электронды темекіден немесе вейптардан шығатын бу өкпе тінін бұзатынын дәлелдеп шықты. Тіпті, никотин қосылмаған құрылғының өзі де адам ағзасына аса зиян. Егеуқұйрыққа жүргізілген тәжірибе нәтижесінде вейп сұйықтығы құйылған жануардың өкпесі 40 күннен кейін іри бастаған. Бұл дәлел шылым шегушілер арасында кең тараған «электронды темекінің зияны аз» деген пікірді жоққа шығарады.

Ол қарапайым құрылғы емес

Ал елімізде электронды темекі қолданушыларының арасында қарапайым құрылғы деген қате түсінік қалыптасқан. Адамдар зияны жоқ деген оймен оны жиі пайдаланады. Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының бас дәрігері Сапар Құттыбайұлы да электронды темекінің зардабы дәстүрлі темекіден асып түспесе, кем емес деп растап отыр. «Көпшілік вейп құрамында тек хош иіс­тендіргіш аэрозоль бар деп ойлайды. Электронды темекіде хош иістендірілген сұйық пропиленгликоль мен глицерин май мен никотинді аэрозоль барын айтады. Нарықта никотині жоқ вейп түрлері де бар.Жас­өспірімдер осы кейінгі түріне қызығып, артынша никотині бар вейп сатып алуға көшеді. Құрамындағы улы заттар жүрек, қан тамырлары жүйесіне әсер етіп, өкпеге зақым келтіреді. Тағы формальдегид бар, бұл химиялық элемент ағзаға түскесін бауырда жиналады. Ал құрамындағы улы заттың тәтті болуы тәуелділікке әкеледі», – деді Сапар Құттыбайұлы. 2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске қол қойған болатын. «Кодекстің 110-бабының 248-тармағында «Темекі бұйымдары – шегу, сору, шайнау, иіскеу немесе тұтынудың өзге де тәсілдері үшін, оның ішінде темекіні қыздыруға арналған жүйенің немесе кез келген өзге де аспаптың көмегімен пайдаланатындай етіп дайындалған шикізат ретінде темекі жапырағынан және (немесе) темекі өсімдігінің басқа да бөліктерінен толық немесе ішінара жасалған өнімдер» деп айқын жазылған. Вейптіқоғамдық орындарда ашықтан-ашық сатуға, пайдалануға тыйым салу керек. Бірақ олай болмай тұр. Жасөспірімдер арасында вейп эпидемиясы белең алып барады. Кодекстің 261-тармағында тұтынудың электронды жүйелері ретінде құрамында никотин бар немесе жоқ сұйықтықты құрылғылар айқындалған. Себебі вейпке никотинді қалауыңыз бойынша қостырып алуыңызға болады. Сонымен не десек те, елімізде бірреттік электронды темекіге әзірге тыйым салынбайды. Оны наурыз айында Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Жалпы, тыйымның өзі тиімді ме? Әуелі соны анықтап алсақ. Мысалы, көрші Ресейде 2014 жылы темекіні ашық орналастыруға тыйым салынғаннан кейін AC Nielsen халықаралық агенттігінің мәліметінше, темекі өнімдерін заңсыз сату 2013 жылғы 19,3 пайыздан 2016 жылы 28,3 пайызға дейін өскен. Ирландияда тыйым салынғаннан кейін шағын дүкендерде сату төмендесе де, керісінше заңсыз сауда айтарлықтай ұлғайды. Қазір Ирландияда заңсыз өнімнің үлесі нарықтың жалпы көлемінің 25 пайызын құрайды. Былтыр күзде Қазақстанда бірреттік электронды темекіге толық тыйым салу мәселесі талқыланған еді. Бірақ кейін Денсаулық сақтау министрлігі бұл норманы Техникалық реттеу жобасына енгізбеді. Себебі темекі индустриясының өкілдеріне қастандықпен тең. Сосын көлеңкелі бизнесті көбейтеді. Сондықтан министрлік құрамын зерттеп, арнайы техникалық регламент әзірлеу үстінде.Дегенмен арбаны да сындырмаймыз, өгізді де өлтірмейміз деп жүргенде зардабын оқушылар тартып отыр. Сол үшін істі жылдамдату керек сияқты. Екіншіден, Салық кодексіне өзгерістер енгізілсе, қыздырылатын темекінің бағасы қымбаттар еді. Тиісінше, электронды темекінің де құны қымбаттап, оқушыларға қолжетімсіз бола түседі. Өйткені Экономика министрлігіне қыздырылған темекіге бір данадан өндіріп алу бойынша түзетулер енгізді. Ол келімен елге жеке-жеке, стиктермен әкелінеді. Темекіге қолданылатын салық қыздырылатын темекіге де қолданылуы тиіс. Бұл мәселемен күреске ата-ана, мектеп, мемлекет бірдей атсалысса ғана нәтиже берері анық.