Павлодар облысында алимент төлеуден жалтарып жүргендермен күрес күшейтіліп, оларға жұмыс ұсынылмақ.
Мамандардың айтуынша, қазір өңірде балаларына алимент өтемей жүрген 500-ден астам ата-ана бар. Олардың берешегі 400 млн теңгеден асып кеткен.
Облыстық әділет департаментінің басшысы Маржан Имятованың мәліметінше, жыл басынан бері 250-ден астам ажырасу тіркелген. Ал өткен жылы 1100-ден астам неке қиылған. Салдарынан алимент төлеушілер қатары өсуде.
– Облыста алимент өтемей жүрген азаматтар жетерлік. Бұл – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Алименттен жалтарғандармен заң жүзінде күресу аздық етіп отыр. Сондықтан біз дін өкілдерімен және қоғамдық бірлестік ұйымдарымен бірге жұмыс істемекшіміз. Ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігі заң жүзінде ғана емес, дінде де қарастырылған. Түрлі дін өкілдері мешіттер мен шіркеулерде халықты жауапкершілікке шақырса, отбасылық құндылықтар туралы уағыз айтса, көмегі тиеді деген сенімдемін. Өңірдегі дін қызметкерлері тарапынан қолдау бар, – дейді Маржан Имятова.
Алимент төлей алмағандарға көмектесудің бір жолы – оларға жұмыс табуға көмектесу. Әділет саласының мамандары жұмыспен қамту орталықтарымен бірге бос орындар жәрмеңкесін ай сайын ұйымдастырады. Бүгінде Павлодар облысында алименттерді өндіру бойынша 14 мыңнан астам құжат бар. Олардың тоғыз мыңнан астамы міндеттерін орындап келеді.