Ауылдықтардың арызы партия бақылауында
Ауылдықтардың арызы партия бақылауында
272
оқылды
«AMANAT» партиясы шал­ғай­да ор­наласқан елді ме­кен­дерде мо­бильді қоғамдық қабылдауларды жүргізуді жал­ғастырады. Осы жолы партия­ның Ақмола облыстық филиа­лының мо­бильді қабылдау бөлмесі Бурабай, Бұ­ланды ау­дандарында болып, ауыл тұрғындарының арыз-шағымдары мен талап-тілектерін тың­дады. Бурабай ауданына қарасты Ве­деновка ауылдық округіне жалпы саны бір мыңнан аса тұрғыны бар 4 елді мекен кіреді. Қоғам­дық қабыл­дау­ға келген жұрт өздерінің жеке бас­тарының жайларынан бөлек тұ­тас ауыл үшін қажет өзекті мәсе­ле­лерді де көтерді. Оның қатарында ауыл мектебін және көлік жүретін көпірді жөндеуден өткізу, балалар мен жастар үшін спорт алаңын салу, одан қалды көшелерді жарықтан­дыру, жолды қалпына келтіру, ин­женерлік желілер мен әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту сияқ­ты жергілікті жердің тұрмысына қа­тысты сан алуан арыз болды. Мәселен, ауыл тұрғыны Айгүл Қазбекова ауызсу мәселесін көтерді. «Су құбырларының тозығы әбден жеткендіктен, жиі-жиі істен шығып, тұтас ауылдың сусыз қалатын күні аз емес. Сондықтан сумен жабдықтау тора­бын толықтай күрделі жөндеу­ден өткізу қа­жет. Бүгін «AMANAT» партиясының қа­былдауы болаты­нын естіп, біз көп жыл бойы шеші­мін таппаған осы мәселені шешіп беруін сұрай келдік. Биыл шешілсе екен дейміз», – деді арызданушы. Ауылдық округ әкімі Мақсат Имам­баев­тың айтуынша, су тора­бын күрделі жөн­деуден өткізудің жобалық-сметалық құжаты дайын екен. Енді салалық министрлікке бюджеттік тапсырыс жіберілмек. Ауылда сондай-ақ медицина мамандары тапшы. Ауыл медбикесі Татьяна Прехель дәріхананың жоқ­тығын да алға тартты. Оған аудандық жұмыспен қамту бөлімінің маман­дары түсініктеме берді. Егер ауыл тұрғында­рының арасынан фарма­цевт болуға тілек білдіретіндер та­былса, ондай үміткерді ар­найы ұйым­дастырылған курстан өткізу мүм­кіндігі бар көрінеді. Медицина маман­дары­ның кадр тапшылығын да шешуге болады. Партияның облыстық қоғамдық қа­былдау бөлмесінің меңгерушісі Ақманат Әлімбетова ауылдықтар өзара шешуге болатын мәселелерде пысықтық танытуы қажетін алға тартты. Сондай-ақ мектеп ди­ректо­рына балаларды кәсіптік бағыттау ісін мықтап қолға алу керек екенін жеткізді. Одан бөлек, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтыл­ған не болмаса көп­балалы отбасыдан шық­қан түлектер үшін аудан әкімдерінің грант­тары бар екенін ескертті. Ауылдықтарды тағы бір мазалап жүрген мәселе – орта мектептің әб­ден тозығының жеткені. Мектеп үйінің салынғанына жарты ғасырдай уақыт өткен, содан бері бірде-бір рет күрделі жөндеу көрмеген. Алайда білім ошағында апатты оқиға бол­маған соң оны ғимаратын жөндеу ісі кейін шегеріле берген. Бұл проблема партиялық бақылауға алынды. Мобильді топ Бұланды ауданы­ның Вознесенка ауылында да болды. Бұл елді мекеннің де «бас ауруы» же­терлік: ойдым-ойдым жол, апатты жағдайда тұрған көпір, тозығы жет­кен сумен жабдықтау торабы – бұл тұрғындарды толғандыратын көп сұрақ­тың тек бір парасы ғана. «Сумен қамту желісі бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзір­леніп, тендердің жа­риялануын күтіп отырмыз. Ал жолдарды жөн­­деу және жарықтандыруға келсек, бұл жұ­­мыс­тарды сумен қамту торабын толық жаңар­­­тылған соң ғана қолға алмақ­шымыз. Жол төсемін қайтадан қо­па­рып жатпас үшін оған сумен жаб­дықтау мәселесін шешкеннен кейін бір-ақ кірісеміз деп ұйғар­дық»,– деді Ақ­­мола облыстық Саяси кеңесінің мүшесі, ау­­дандық мәсли­хат депутаты Клара Меңдібаева. Қабылдау барысында ауыл кө­некөзде­рінің бірі Виктор Коваленко ауыл жаста­ры­ның екі қолына бір күрек таба алмай жүргенін айта ке­ліп, одан соң өзінің жеке жайына көшті. «23 жыл жерастындағы шахтада еңбек­теніп, зейнетке шықтым. Алай­да зейнетақым мардымсыз. Бұрын мал ұстаған едім. Күш кеткен соң жеке шаруашылықтан қол үздім, енді мал бағуға жарамаймын. Зей­нетақым дәрі-дәрмектен арылмай­ды. Оның үстіне, бәрі қымбаттап жа­тыр. Осы мәселелерді партия шешіп берсе, жақсы болар еді. Жалпы, «AMANAT» партиясының біздің шалғай жатқан ауылға кел­геніне қуаныш­тымын, жұмыстарына жеміс тілеймін»,– дейді Виктор Коваленко. Жас маман Олег Прокопенко ауылда спортпен айналысқысы ке­летін жастардың көп екенін айтты. Бірақ бір қынжылтатыны – елді мекенде спорт алаңы жоқ. Ол партия осы мәселенің тездетіп шешілуін өз бақы­лауы­на алса жақсы болар еді деген тілегін жеткізді. Партияның Ақмола облыстық Саяси кеңесінің мүшесі, аудандық мәслихат депу­таты Клара Меңді­бае­ва бұл жобаға 21 млн 49 мың теңге бөлінетінін айтты. Қазір бұл жұ­­­мысты орындау үшін байқау жариялана­тын болыпты. Қабылдауға қатысқан аудандық мәсли­хат депутаттары мен аудан әкімі Талғат Ерсейітов, жергілікті билік өкілдері мен об­лыстық бас­қарма мамандары ауылдық­тардың сұрақтарына жауап беріп, атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Партияның облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің мең­герушісі Ақманат Әлімбетова­ның ай­туынша, жауапты тұлғалар ха­лық­тың әрбір өтінішінің орындалу мерзімін белгілейді. Ал оның орын­далуы партиялық бақылауға алы­нады. Кейбір түйткілдің оң­тай­лы ше­шілуі мақсатында депутаттық сұраулар жолданатын болды.