Жыл басында банк секторының шамамен алтыдан бір бөлігі ресейлік еншілес банктерге тиесілі болатын және олар бұл үлесін қарқынды түрде өсіріп жатты. Сол тұста ең жоғарғы рейтингке ие Сбербанк активінің көлемі жөнінен тек Halyk Bank-ті алдына салды. Шамалы уақыт өткенде Сбер Қазақстандағы №1 банкке айналуы мүмкін еді. Өйткені бизнес те, бұқара да жинақ-капиталын соған лек-лекпен тасып жатты. Бұл үрдісті ештеңе тоқтата алмастай көрінген. Ахуал лезде өзгерді. Қазір салымшылар, керісінше жинағын алу үшін ресейлік банктердің филиалдарына «шабуылдап» жатыр.
Алпауыттар әп-сәтте аласарды
Қазақстанда 3 ресейлік банк жұмыс істейді, бұлар Сбербанк, Альфа-Банк және ВТБ банкі. 2022 жылғы қаңтарда, яғни Украинадағы соғыстың қарсаңында олардың жиынтықты үлесі ғаламат 15,1%-ға жетті. Салыстыру үшін айтсақ, бір жыл бұрын 14,2%, ал бес жыл бұрын, 2017 жылы небәрі 9% болған. Басқаша айтқанда, ресейлік банктер Қазақстанның қаржылық секторына өз ойын ережелері мен талаптарын таңа алатын жағдайға жетті. Олармен ел Үкіметі санаса бастады: олар мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға тартылды, сол үшін бөлінген бюджеттік миллиардтарды игерді. Министрлер оларды да «отандық банктер» санатында атайтынды шығарды.
Бұл екпінмен бірер жылдан соң ресейлік еншілес банктер (ЕБ) қазақстандық банк секторының монополисіне айналуы да ғажап емес еді. Жағдайды Украинадағы қарулы қақтығыс өзгертті. Қазақстанда әрекет ететін барлық ресейлік ЕБ Батыстың санкцияларына душар болды. Бұл ретте Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (Office of Foreign Assets Control немесе OFAC) дерегінше, негізінен заңды тұлғалармен, бизнеспен көбірек жұмыс істейтін ВТБ банкі ең қатал санкциялық қысымға ұшырады, SDN тізіміне енгізілді.
Көршінің біздегі алпауыты Сбербанк болатын: оның активтері соңғы бір жыл ішінде бірден 27,5%-ға шарықтай өсіп, 2022 жылғы қаңтарда 4,2 трлн теңгеге жетті. Салыстырар болсақ, ең танымал банктер саналатын Kaspi Bank-тің жиынтықты активі 3,6 трлн, ал Отбасы банктікі 2,8 трлн теңге. Тәуелсіздік жылдарында биліктегі қолдауы арқасында алыпқа айналған Halyk Bank-тің активі 11,6 трлн теңгені құрайды.
Ресейлік Альфа-Банктің активі 926,9 млрд теңге, бір жылда байлығын 16,3%-ға арттырып, триллиондық межеге таяған. Ал ВТБ банкі активінің көлемі былтыр 36%-ға артып, биылғы жыл басында 506,3 миллиард теңгеге жетті. Бұл екеуі Қазақстандағы 22 банк арасында тиісінше 11 және 13-орында тұрған еді.
Ресейлік банктер қазақстандықтарды «қарызға батыруға» зор үлес қосты: елдегі бүкіл несие портфелінің 17,4%-ы – осы үшеуіне тиесілі. Бұл үлесі бір жыл бұрын ғана 15% болатын. Тарата айтсақ, Сбербанкке қазақстандық бизнес пен бұқара 2,7 трлн теңге қарыз. Бұл 2021 жылғы қаңтардағыдан 1,5 есеге көп! Альфа-Банк заем таратуды былтыр 36,8%-ға күрт арттырып, 534,8 млрд теңгеге жеткізді. ВТБ банктің несиесінің өсімі 24,1%-ға, 218,2 миллиард теңгеге дейін ұлғайды.
Қазақстандық компаниялар мен жеке тұлғалар барлық жинағының 13,6%-ын ресейлік еншілес банктерге салған. 2022 жылғы қаңтарда оларда 3,5 триллион теңге депозит жатқан. Оның 60%-дан астамы – бизнестікі, корпоративтік салымдар. Салыстырсақ, қазақстандық банктерде корпоративтік депозиттердің үлесі орта есеппен 46,9% ғана.
Енді осы триллиондардың қаншасын иелері әкетіп үлгергені белгісіз. Нақтыланған статистика кейінірек шығады.
Санкция клиенттерді сандалтты
Сарапшылардың айтуынша, екі ел арасындағы әскери қақтығыс басталғалы ресейлік барлық 3 банктен қазақстандық банктерге қарай депозиттер арқырай «ағып кетіп» жатыр. Бұл ретте тек жеке тұлғалар ғана емес, бизнесмендер де жиған-тергенін құтқарып қалуға талпынуда екен. Бірінші кредиттік бюроның дерегінше, наурыз айының өзінде аталған 3 банктен клиенттер 547 миллиард теңгесін әкеткен. Тек Сбербанктің өзінен 327 миллиард теңгесін алып қойды. ВТБ банктен қазақстандық клиенттері 141 миллиард теңгесін, ал Альфа-Банктен 78 миллиард теңге депозитін шығарып алды.
Сәуір айының қорытындысында бұл сома едәуір артары даусыз. Бірақ Ресейдің тегеурініне, іс-қимылының перспективтілігіне сеніп немесе салғырттық танытып, дер кезінде қимылдамағандар бүгінде Үкіметке, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгініп, әлгілердің жинақтарын бермей жатқанына шағымданады.
Ресейлік банктерде ұлттық компанияларға қатысы бар қаражаттар да бұғатталып қалған деседі. Мысалы, QazExpoCongress (бұрынғы EXPO-2017) ұлттық компаниясымен серіктес «Қазақстанның тұрба-құбыр технологиялары» ЖШС шағым айтып, қаржылық реттеушіге хат жазды. Компания 2020 жылдан бері «Альфа-Банк» АҚ ЕБ-нің клиенті екен.
«QazExpoCongress ұлттық компаниясымен арамызда бекітілген 2022 жылғы 10 қаңтардағы сатып алу шарты негізінде таяуда, 7 сәуірде Альфа-Банктегі шотқа 79 миллион теңгеден астам қаражат түсті. Алайда банк клиенттің ақша аудару туралы тапсырмасын орындамады. 8 сәуірде банктің бағдарламасы клиентке төлемді қалыптастыруға, қандай да бір соманы аударуға мүмкіндік бермеді. Тек сол күні кешке 3,8 млн теңге салықты төлеуімізге ғана жол ашты», – дейді компанияның атқарушы директоры Қ.Ищанов.
Оның хабарлауынша, салдарынан 146 жұмысшыға жалақыны төлеу, контрагенттерге, әріптес компанияларға келісімшарт бойынша көрсетілген қызметтердің, жеткізілген тауарлардың ақысын өтеу мүмкін болмаған. Сондай-ақ бірқатар салықты төлей алмады.
Елордалық белгілі стоматологиялық клиникалар желісінің де Альфа-Банктегі қаражаттарын ала алмауы салдарынан қызметкерлері мен өнім жеткізушілері алдындағы міндеттемесін өтей алмағаны белгілі болды. Осыған ұқсас шағым көп.
Елорда тұрғыны Абзал С. Альфа-Банктегі 21 миллион теңге жинағын Форте банкіне аудармақ болыпты. Ол алғаш рет депозитіндегі қаражатты 7 сәуірде әкетуге талаптанады.
«Алайда Альфа-Банк оны ұялы қосымшадан өзге банктегі есепшотыма аударуға рұқсат етпей қойды. Бұл жерде менің мүліктік құқығым, тұтынушы ретінде құқығым бұзылды. Туындаған проблеманың мән-жайын білмек болып, банктің Момышұлы даңғылындағы бөлімшесіне өзім барып, жүгіндім. Менеджеріне жолығып, жинағымды қалай шешіп алуға немесе басқа банктегі шотыма аударуға болатынын сұрадым. Айнұр есімді қызметкері банк басшылығы қолма-қол ақша түрінде шешіп алуға және электронды түрде аударуға 500 мың теңге шек-лимит қойып тастағанын хабарлады. Одан шек белгілеу туралы бұйрық немесе ресми құжатты көрсетіп, таныстыруды сұрадым. Менеджер жазбаша бұйрық жоғын, тек банк төрағасы ауызша өкім бергенін жеткізді», – дейді Абзал.
Содан 11 сәуірде салымын алу үшін қайта барады. Естігенінен естен тана жаздаған: менеджер бүгіннен бастап, аталған шек-лимит 200 мың теңгеге дейін төмендетілгенін мәлімдепті. Ол бұйрық та ауызша айтылған. Ресейлік еншілес банктің клиенті «өз қаржымды өз игілігіме жұмсай алмай қаламын ба?» деп қауіптенеді. Оның есепшотына ЖСО тарапынан еш бұғат қойылмаған. «Бұғатты» банк салып отыр. Бар қаржыдан айырылып қалмау үшін болса керек.
Айтқандай, Альфа-Банк 6 сәуірде ақпарат құралдары арқылы мәлімдеме жасап, қолма-қол ақшаны алуға және аударуға 2 миллион теңге лимит белгілегенін білдірген-тін. Клиенттер одан әлдеқайда аз соманы да бермей жатыр деп шулайды.
Ресейлік банктер сондай-ақ кредит беруді тоқтатқан. АҚШ пен Еуроодақ Ресейдің көптеген қаржы ұйымына доллар мен еурода есеп айырысуға, оны пайдалануға тыйым салғаны мәлім. Батыстың санкциясы олардың Қазақстандағы банктеріне де тарады. Салдарынан ақшасын ресейлік банктердің шетелдік валютадағы депозиттерінде ұстаған қазақстандықтар ол жинағын енді валюта түрінде ала алмайды.
Мәдина ханым неге мазасызданбайды?
Мәдина Әбілқасымова басқаратын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Альфа-Банкке қатысты мәлімдеме жасады: бұл банкке қарсы санкциялар 2022 жылғы 6 мамырда күшіне енеді. Бұл уақыт банкке ағымдағы операцияларын, контрагенттермен арадағы мәмілелерін аяқтап үлгеру үшін берілген. Содан кейін ресейлік банк шетелдік валютада есептесе алмайды, халықаралық төлем жүйелерімен аударма жасау, америкалық банктердегі корреспонденттік шоттарын қолдану мүмкіндігінен айырылады. Агенттіктің мәліметінше, 6 мамырға дейін барлық қазақстандық банк Альфа-Банкпен жұмыс істей алады, клиенттер депозиттерін соларға аудара алады.
Агенттіктің хабарлауынша, Альфа-Банк Қазақстанның төл клиенттері алдындағы міндеттемесі қазір 445 миллиард теңгені құрайды. Қарыз портфелі 480 миллиард теңге. Банктің төл қаржысы – 134 млрд теңге. Қаржылық реттеуші 7 сәуірден бері клиенттер Альфа-Банктен шамамен 100 миллиард теңгесін алып кеткенін мәлім етті.
Әбілқасымованың ұжымы ресейлік банктердің шек-лимит енгізгенінен хабардар және түсіністік танытып отыр: «Банк клиенттер алдындағы міндеттемелерін орындау бойынша жағдайды тұрақтандыру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр», – дейді М.Әбілқасымова.
Қаржылық реттеу агенттігі Альфа-Банк несиелік портфелінің бір бөлігін Қазақстанның банктеріне сатады дейді. Сол арқылы ол теңге қорын тартуға ниетті.
Бұдан бұрын Сбербанк те кредиттерін жаппай сатуға кірісті: Halyk Bank оның 330 миллиард теңге тұратын несиелік келісімшарттарын сатып алғаны анықталды. Halyk Bank пен «Сбербанк» АҚ ЕБ келісімге қол қойған, оның аясында цессия келісімі бойынша Халық банкі Сбербанктің кредиттік портфелінің ірі еншісін өз қанжығасына байлады. Мәмілеге Қазақстанның даму банкінің 4 пайыздық жеңілдікті несиелендіру бағдарламасы аясында берілген автокредиттер, кепілсіз кредиттердің бір бөлігі, шұғыл қажеттіліктерге арналған заемдар және ипотека кірген. Олар бойынша несиенің жалпы сомасы 330 млрд теңгеге тең.
Өз кезегінде Альфа-Банк санкциялық тізімнен шығу үшін акционерлерін толығымен өзгертуді қарастырады. Экономист Алмас Чукиннің айтуынша, Альфа-Банк өзінің басты акционері, ресейлік ірі олигарх Михаил Фридманның кесірінен «қара тізімге» еніп кеткен: «Оны қожайындарына қатысты проблема тұңғиыққа тартты. Негізгі акционері банкті тастап шықты, ол солай жасаса, банк санкцияға ілікпейді деп ойлады. Бірақ Батыс бәрібір санкция салды», – дейді сарапшы.
Қалай болғанда, қазақстандық Қаржы нарығын реттеу агенттігі әзірге ресейлік банктердің бірде-бірінің лицензиясын қайтарып алмады.
Ескертетін жайт, Американың OFAC-і Сбербанк Қазақстанның мәмілелерді аяқтау мерзімін тағы 3 айға – 13 сәуірден 12 шілдеге дейін ұзартты. Қаржылық реттеу агенттігінің дерегінше, Сбербанктің төл капиталы 400 млрд теңгені құрайды. Қайтарылмайтын несиелерін қоспағанда, жоғары сапалы кредиттік портфелі шамамен 1,6 трлн теңге. Әзірге оның 330 миллиардын сатып жіберді. Жергілікті ақпарат құралдары әр қалада Сбербанктің бөлімшелерінде, істеп тұрған банкоматтары алдында ақшасын алып қалуға жанталасқан адамдар ұзын-сонар кезек түзгенін хабарлап жатыр.