Қазақстанның сыртқы қарызының тежеусіз өсуі халықтың алаңдаушылығын тудырып, көңілін күпті етіп келе жатқан жайы бар. «Алмақтың салмағы бар» демекші, оның қазынаның қалтасына түсіретін жүктемесі өз алдына, болашақта мемлекеттің қаржылық тұрақтылығына да кері әсер етуі әбден ықтимал.
Қаржы министрлігінің есебіне сүйенсек, бүгінде Қазақстанның сыртқы қарызы 166,5 млрд доллардан асты. Оның 37,1 млрд доллары мемлекеттің кепілдігімен алынған Үкіметтің және квазимемлекеттік сектордың берешегі. Бұл Ұлттық қор қаржысының 67 пайызына тең (55,3 млрд долл). Ал адам басына шаққанда 8,5 мың доллардан асады.
Сыртқы борыштың ең үлкен бөлігі Нидерландқа тиесілі – $44,7 млрд. Сондай-ақ Ұлыбританияға – $23,3 млрд, Бермуд аралдарына – $10,2 млрд, Ресейге – $9,7 млрд, Қытайға – $9,7 млрд, Жапонияға $5,5 млрд. қарыз екенбіз. Бұдан бөлек, Гонконг, АҚШ, Франция, Италияға, Виргин аралдарына, Біріккен Араб Әмірлігіне, Германияға, Бразилияға, Колумбияға, Конгоға, Мавританияға берешегіміз бар. Тіпті, басқасын айтпағанда, соғыс отына оранып, өз күнін өзі әзер көріп отырған Сирияға $100 мың берешек екенімізді естігенде естен тана жаздадық.
Қарыз күліп келіп, жылап қайтады
Қазақстанның сыртқы берешегіне қатысты мәселеге былтыр Үкіметтің кеңейтілген жиынында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі ерекше назар аудартқан болатын. Президент борыштың мемлекеттік бюджеттің ұзақмерзімді тұрақтылығы мен болашақ мүмкіндігіне жағымсыз әсері зор екенін ескерткен.
«Алдағы 25 жылда мемлекеттің жоспарлаған міндеттемесін өтеу шығындары алты есе артатын болады. 2025 жылға қарай сыртқы қарыздың үлесіндегі үкіметтік борыш 21 пайыздан 49 пайызға дейін ұлғаяды деп болжанып отыр» делінген Ақорда сайтынан таралған ақпаратта.
Бүгінде барлық министрліктердің, сондай-ақ жекелеген жергілікті атқарушы органдар мен квазимемлекеттік сектордың мойнында берешегі бар. 1995-2021 жылдар аралығында Үкімет кепілімен жалпы сомасы 12,2 млрд доллар болатын 52 сыртқы қарыз алынған. Оның игерілгені – 80 пайыз (9,8 млрд долл) деңгейінде. Оның үстіне мемлекеттік органдардың, әкімдіктердің және квазимемлекеттік сектордың көптеген жобалары бойынша қол жеткізген жетістіктері туралы ашық ақпарат жоқтың қасы әрі қаржыны игеру мерзімі ұдайы кейінге шегеріле береді. Сондай-ақ жобаларды жүзеге асырудың әлеуметтік-экономикалық мәні толықтай ашылмаған және олар бойынша бақылау мен мониторинг жүргізу әлсіз. Мұның бәрі сыртқы қарыздың жылдан-жылға ұлғаюына ықпал етіп отыр.
Сенат депутаты Нұрлан Бекеновтың айтуынша, сыртқы қарыздың ұлғаюына бірнеше фактор әсер етеді.
«Кейбір келісімдер бойынша бекітілген төлем кестесін кешеуілдету фактісі көп кездеседі. Қаржы тәртібінде бұл сыртқы борышты өтеуге қызмет көрсетуге байланысты бюджетке қосымша салмақ түсіреді. Ал қарызға алған ақшаның ұтымды жұмсалмауы оның тиімділігін төмендетіп, шығынды айтарлықтай арттырып жібереді», – дейді сенатор Н.Бекенов.
Сондай-ақ біздің мемлекеттік шенеуніктердің ақырына дейін егжей-тегжейлі ойластырмаған, маңызы күмәнді жобаларға да текке ақша шашпақ әдеті кесірін тигізіп тұр. Мәселен, Білім және ғылым министрлігінің «Технологияны коммерцияландыру» жобасы бойынша шетелден шақыртқан сарапшылары ақыл-кеңес бергені үшін қазынаның қалтасын 117 мың долларға жұқартып кеткен және бір түсініксіздігі – ол жоба сол күйі жүзеге аспай қалған. Яғни, мемлекеттің ақшасы текке рәсуа болды. Ал Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің құны 22,9 млн доллар болатын «Ұлттық статистика жүйесін бекіту» жобасы ешқандай тосын технология үшін сұратылмаған, ол бар болғаны мемлекеттік органның әдеттегі жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған. Сол үшін сырттан мұншалықты қарыз алудың неліктен қажет болғаны түсініксіз.
Бұдан бөлек, Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттігін арттыру» жобасы бойынша сырттан алған 24 млн доллардың толық игерілмеуі және сол бойынша міндеттемелердің орындалмауы салдарынан 9,4 млн. долларының күші жойылды. Бұл үшін министрдің, әйтпесе оған жауапты қандай да бір лауазымды тұлғаның жазаланғанын да естіген жоқпыз.
Шетелден қарыз алып, оны оңды-солды шашудың мысалы мұнымен шектелмейді. Оның небір бейбастақ түрін көріп жүрміз. Мәселен, «ҚазМұнайГаз» АҚ өзінің қомақты қаржысы бола тұра акционерлерге дивиденд төлеу үшін 2017 жылы үш жыл мерзімге 300 миллион доллар қарыз алған(!). Яғни, шетелден қарыз алып, оны өз қызметкерлеріне сыйақы ретінде төлеген. Оны өтеу мерзімінің аяқталғанына жылдан аса уақыт өтсе де, берешек әлі күнге қайтарылған жоқ.
Сенатор Нұрлан Бекенов сыртқы борышты тиімді пайдалану үшін мемлекеттің кепілімен алынатын қарызға талапты күшейту керек деп санайды.
«Сырттан қарыз алмас бұрын қаржыландырылатын бағытты егжей-тегжейлі сараптаудан өткізіп, оның жобалық-сметалық құнын нақты белгілеп алған абзал. Сондай-ақ әзірленетін жобаның сапасын арттырып, оның жауапкершілігін күшейту қажет. Әрі келісімшарттарды басқару мен сатып алу процестеріне қатаң бақылау қою маңызды», – дейді сенатор.
Жұрттың бәрі қарыз алады
Жалпы, ел экономикасын дамыту үшін сырттан қарыз алу тәжірибесі кеңінен тараған. Бұл механизмге дамыған мемлекеттер де жиі жүгінеді. Борышқа белшесінен бату әдетте экономикасы дамыған елдерге тән. Мәселен, әлемде ең көп қарыз алатын АҚШ-тың сыртқы берешегі 84 трлн доллардан(!) асып кеткен. Бірақ бұл елде борыш ақша біздегідей ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпейді, қайта еселеніп көбейіп, экономикаға жұмыс істейді.
Қарызды көршілеріміз де алады. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, Өзбекстанның сыртқы қарызы – 37,6 млрд доллар, Ресейдің сыртқы қарызы – 478,2 млрд доллар. Сондай-ақ қаржылық ұйымдар мен мемлекеттер қарызды да беретін елге береді. Бұл тұрғыдан алғанда, Орта Азияда Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы басқа елдерден анағұрлым жоғары. Біздің сыртқы борышымыздың көбірек болуының бір себебі де осы.
Экономист Қайырбек Арыстанбековтің айтуынша, Қазақстанның сырттан қарыз алуынан қорқатын ештеңе жоқ. Тек осы қаржыны ел экономикасын өркендету үшін тиімді пайдалану маңызды. Яғни, шетелден 1-5 пайыздық мөлшерлемемен алған қаржыны іске салып, одан еселеп табыс табуға мүмкіндік мол.
«Борышты ұзақ мерзімге және аз пайызбен алса, одан қорқатын ештеңе жоқ. Кейбір дамыған мемлекеттердің сыртқы қарызы ІЖӨ-ден әлдеқайда көп, тіпті еселеп артып жатуы мүмкін. Сондықтан Қазақстанның сыртқы борышы аса көп деуге келмес. Оның үстіне қарыздың негізгі бөлігі мемлекетке емес, жекеменшік компанияларға тиесілі. Ең бастысы, оның жыл сайын төлеп тұратын өтеуі көп болмағаны абзал. Егер ол бойынша жылдық төлем үлкен болса, бұл мемлекеттің инвестициялық әлеуетіне кері әсер етеді. Яғни, Үкімет ел экономикасын дамытуға жаратуы тиіс қаржыны қарызды өтеуге жұмсайтын болады», – дейді экономист.
Дегенмен жекеменшік компанияларға тиесілі қарыздың да біз ескере бермейтін қаупі бар көрінеді. Мәселен, 1997-1998 жылдардағы Шығыс Азиядағы қаржы дағдарысының бір себебі жекеменшік компаниялардың несиелік міндеттемелерін орындай алмауынан туындаған болатын. Дағдарыс 1997 жылдың жазында басталып, алдымен Тайландтың валюта нарығын сәтсіздікке ұшыратты, сосын бүкіл Шығыс Азияға тез жайылып кетті. Кейін АҚШ пен Еуропаны да шарпыды. Соның салдарынан көптеген мемлекеттердің экономикасы шатқаяқтап қалды. Міне, сондықтан да қарыздың көп бөлігі жекеменшік компанияларға тиесілі, оған мемлекет жауап бермейді деп селқос қарауға болмайды.
Сондай-ақ сыртқы міндеттемесін өтей алмаған елдердің мемлекеттік активтері мен стратегиялық маңызды нысандары борыштың орнына өтем ретінде жүретінін де естен шығармаған жөн. Мәселен, «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы аясында дүниежүзілік экспансия саясатын қарқынды жүргізіп келе жатқан Қытай қарызын қайтара алмаған кей мемлекеттердің (Замбия, Намибия т.б) жерін, маңызды нысандарын алып қойғаны да естеріңізде болар. Cондықтан «Қасқыр қарызын терісімен өтейтінін» ұмытпайық.
Берешегіміз Ұлттық қордан өтеледі
Кейінгі жылдары шетелдерге борышымызды Ұлттық қор есебінен өтеу жиіледі. Енді Ұлттық қор жинақтау режимінен тұтыну режиміне көшкен. Қазақстан Үкіметі Ұлттық қордан шетелге 2021 жылы 1 трлн теңгенің өтемін төлесе, 2023 жылы тағы 1,5 трлн теңге қайтаруы тиіс. Бұл жақын болашақтағы міндеттемелер, одан басқа ұзақ жылдарға арналған өтемдер көп.
Қордан республикалық бюджетке бөлінетін трансферт те ұдайы артып келеді. Ол 2020 жылы бюджет кірісінің 40 пайызын құраса, 2021 жылы 36 пайызын құраған. Болашақ үшін деп жиған қазынаны осылай жырымдай берсек, бір күні оның түбі көрініп қалары анық.
Бұдан бөлек, Ұлттық қордан республикалық бюджетке жыл сайын бөлінетін кепілдендірілген трансферт тағы бар. Оның мөлшері 2021 жылы – 2,7 триллион теңге, 2022 жылы – 2,4 триллион, 2023 жылы – 2,2 триллион, ал 2024 жылы 2 триллион теңге сомасында белгіленді. Ал әлемдік пандемия тұсында Ұлттық қордан бюджетті толтыруға берілетін жоспарлы 2 трлн тенгені 6 трлн-ға көтерді.
Соның салдарынан Ұлттық қор жылдан-жылға жұқарып барады. Мәселен, қорда қордаланған салымның ең жоғарғы көрсеткіші 2014 жылы 77,2 млрд доллар болған. Осы кезде ондағы қаржы жинағын 100 миллиардтық межеге жеткіземіз деп өзеуреген еді. Бірақ оның мөлшері керісінше азайып, қазіргі 55 млрд долларға дейін құлдырады. Ашық дереккөздерге сүйенсек, 2001-2015 жылдары Ұлттық қорға 147 млрд доллар түсім түскен болса, осы уақытта дейін оның 83 млрд доллары түрлі қажетке жұмсалып кеткен. Енді Ұлттық қорға оның үстіне шетелдерден алған борышты жабу міндеті қоса жүктелді. «Арық атқа қамшы ауыр, жыртық үйге тамшы ауыр» демекші, бұл да Ұлттық қорға оңай тимейтін түрі бар.