Қазақ тарихында көш аз болған жоқ. Қазір де ұлан-ғайыр жерімізді иесіз қалдырмау үшін оңтүстіктегі жұрт солтүстікке қоныс аударып жатыр. Алайда биыл «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аяқталды. Ендеше теріскей көшіне серпін беру үшін осы бағдарламаға балама қажет сияқты. Көшті жандандыруда неге мән беру керек? Қандай шаралар мемлекеттің назарынан тыс қалды? Болжам бойынша 2050 жылға қарай оңтүстік аймақтардағы халық саны 5 миллион 300 мың адамға дейін жетіп, жұмыссыздық мәселесі одан әрі ушығуы мүмкін, ал солтүстік өңірлерде тұрғындар саны 900 мыңға азайып, сәйкесінше жұмыс күшінің жетіспеуі ықтимал. Бұл жорамалды негізсіз дей алмаймыз, себебі қазір елдің солтүстік өңірлеріндегі халық саны орналасу тығыздығы 6,8 млн адам тұратын оңтүстік өңірлермен салыстырғанда едәуір аз. Оның үстіне, солтүстік өңірлерде егде жастағы адамдар үлесі артқан. Қартаю индексі Солтүстік Қазақстан облысында – 53,1, Қостанай – 51,1 және Шығыс Қазақстан облыстарында 46,2 пайыздан жоғары, ал оңтүстікте керісінше егде жастағы адамдардың саны көп емес (Түркістан облысында – 12,1, Қызылорда облысында – 14,9 пайыз). Бұл – аймақтарда табиғи өсім жоқ деген сөз емес. Көрсеткіштің төмендеуіне аталған аймақтарда тұратын өзге ұлт өкілдерінің тарихи Отанына бет бұруы басты себеп болып отыр. Статистика дерегі бойынша, былтыр 45 мыңнан астам қазақстандық шетелге қоныс аударыпты. Оның 76 пайыздан астамы – өзге ұлт өкілдері. Аймақтардағы осы тектес диспропорция және демографиялық теңсіздікті реттеу мақсатында нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылды. 5 жыл ішінде халықты қоныстандыруға 2 миллиард теңге жұмсалған. Алайда көшіп барған 9 мың (2700 отбасы) адамның 600-і оңтүстікке қайта оралған.
Жергілікті билік жауапсыз
Шын мәнінде бұл көш бұрынғы көштен өзгерек еді. Себебі жер аумағы кең мемлекетте халықтың жайлы қоныстануы – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықтың кепілі. Әрбір азаматтың орнықты жұмысы, баспанасы бар болса, бұл халық өсіміне де оң әсер ететіні анық. Еліміздегі демографиялық ахуалды, жұмыссыздық мәселесін ескере келе мемлекеттің әрекеттерінен, қабылданған бағдарламалар неге нәтиже бермеді? Мәжіліс депутаты Құдайберген Ержанның айтуынша, кей жерлерде, жергілікті әкімшілік немқұрайлық танытып, азаматтар өз проблемаларымен бетпе-бет қалған. Сонымен қатар, мал шаруашылығы және егіншілікпен айналасуға шабындық, жайылым, жер телімдерінің болмауы да мәселені ушықтырыпты. – Жылдап игерілмей бос жатқан жерлер бола тұра, әртүрлі себептерді алға тартып жергілікті атқарушы органдар халықтың сұранысын орындауға асықпайды. Елді мекенге баратындар кімдер? Ең бірінші, шаруалар. Оларға мал асырап, егін егуіне жер телімдерін беруіміз керек. Ол үшін жер қоры жөнінде ақпараттың ашық болуын, әр өңір ауыл шаруашылық бағытында пилоттық бизнес жобаларды әзірлеуді ұсынамын, – дейді Құдайберген Ержан. Көшіп барған азаматтың жаңа жерге үйренуі де үлкен мәселе. Тәуекелге бел буған жан болашағын сол жермен байланыстырып, отбасының жағдайын жақсартсам, жұмыс істесем деп барады. Сондықтан ең бірінші барған ағайынды жұмыспен қамту қажет. Бағдарлама еңбек күші аз елді мекендерге арналған. Ал осыны жергілікті мекемелер дұрыс түсінбей, халықты әуре-сарсаңға салып жатқаны жасырын емес. Жауапты органдар ақшаны игеріп, құжат жүзінде ғана есебін түгендеуді әдетке айналдырған. Барған азаматтарды кеудеден итермей, қатарға қосу назардан тыс қалып отыр. Сондықтан көшуге ниеттенген азамат ең бірінші Жұмыспен қамту орталығынан мамандығы бойынша қай өңірде бос жұмыс орындары бар екенін біліп алғаны дұрыс. Ережеге сай, әрбір азаматтың мамандығы жоқ болса да қалаған жеріне көшіп бару құқығы бар. Алайда теріскейдегі кей мекеме ағайынды жатсынғаны ма, олардың мамандығы жоқ болса, мың сылтау айтып көшу процесін ұзаққа созады екен. Депутаттың айтуынша, Қостанай, Павлодар облыстарындағы ағайын кері көшпейді. Тек Солтүстік Қазақстандағы азаматтар жерсінбегендіктен қайта оңтүстікке оралады. – Жаңадан ашылып жатқан облыстарға да осындай бағдарлама керек. Өйткені Ұлытау облысында экологиялық мәселе өршіп тұр. Оны біліп, көріп жүрген жұрт онда қоныстанбайды. Сондықтан Ұлытауды экономикалық тұрғыда тиімді облысқа айналдыруымыз тиіс. Менің ойымша, солтүстіктің басшыларын да, аудан әкімдерін де оңтүстіктен қою керек. Сонда ғана азаматтар жікке бөлінбей араласады, – дейді Құдайберген Ержан.Көш неге бәсеңдеді?
Шыны керек, Солтүстік Қазақстанға көшірудің мотивін өзгертпесе, көштің бәсеңдегені, келген жұрттың кері қайтқаны қайтқан. Халық күнделікті ақпарат құралдарынан солтүстікке көшіп барған жұрттың халінің мүшкіл екенін, жерсінбегенін жиі естиді. Сондықтан да олар көшке серпін беруге асықпайды. Ендеше үкімет тарапынан бірінші атқарылатын жұмыс – көшті дұрыс насихаттау. Солтүстікқазақстандық атанып, көпшілікті теріскейге көшуге шақырып жүрген қоғам белсендісі Бурахан Дақановтың айтуынша, солтүстікке көшіп барған көп адамдардың не жағдайы, не үйі жоқ. Оңтүстіктегі жағдайы жоқ жандар солтүстікке келіп бұл жақтағы кедейлер санын көбейтіп отыр. – Сондықтан жұмыс беруге мүмкіндігі бар кәсіпкерлерді көшіруге тырысу керек. Бірақ оңтүстікте кәсібі дөңгелеп тұрған адам солтүстікке көше салмайды. Ендеше арнайы бизнесті қолдайтын жоба қарастырып, кәсіпкерлерді солтүстікке қызықтыру қажет. Адамдарды көшіру емес, көшіп барғандарды сол мекенде ұстап қалу қиын. Өйткені Солтүстік Қазақстанда жұмыс көзі аз, өмір сүру деңгейі төмен, – дейді Бурахан Дақанов. Оның пікірінше, көшіп барған адамдарға жеткілікті деңгейде қолдау көрсетілмейді. Оларға берілетін баспана мен әр адам басына төленетін 200 мың теңге ағайынның аяқтан тік тұрып кетуіне жетпейді. Бұрын көрмеген жерде, сай-саласы белгісіз өңірде жаңа өмір бастау кім-кімге де оңай емес. Бұл тұрғыда жергілікті мекемелер көшіп барған жұртқа ары қарай да моральдық-материалдық қолдау көрсетуі керек еді. – Көшіп барған азаматтар екі сөмкемен солтүстікқазақстандық атанады. Алған үйінің ішінде не жиһаз жоқ. Жұмыс тапқанша алған 200 мың теңгесі күнделікті ішіп-жемінен артылмайды. Жұмыспен қамту орталығы ұсынатын жұмыстардың ішінде таңдау мүлдем жоқ. Алатын жалақың – 60 мың теңге. Жергілікті мекемелер көшіп барған отбасылардың санын есептеуден ары аспайды. Мәселенің түбіне барып, көшіп барған азаматтардың жағдайын бақылап отырған ешкім жоқ. Сондықтан мен солтүстікке көшіп барған ағайынды қолдайтын, көшті ұйымдастыратын «Тәуекел» қоғамдық ұйымын құруға кірісіп кеттім, – дейді Бурахан Дақанов.Сапасыз үй салғырттықтан
Ал көштің басын кері бұрғандардың себебі әртүрлі. Бірі – қатаң климаттық жағдайға төзе алмағанын алға тартса, енді бірі отбасылық жағдайын сылтау етеді. Арасында бір реттік қаржылай көмекті алу үшін көшіп келгендер де жоқ емес. Бағдарлама ережесі де мұндай көзбояушылыққа жол берген. Солтүстікте толық бір жыл тұрып көшіп кетсе, алған көмегін қайтармайды. Ал бір жылға шыдамағандар мемлекет тарапынан төленетін материалдық көмекті қайтаруға міндетті. Қарыз өтелмесе, әкімдік ақшаны сот арқылы өндіріп алады. Кері көшкендердің жиі айтатын себебінің бірі – тұрғынүйдің сапасыздығы. Осы уақытқа дейін салынған үйлердің сапасы шынымен де сын көтермейді. Қабырғасы шытынап, шатыры тесіліп, едені ортасына түскен небір оқиғалар кездескен. – Үйлердің сапасыз болуының басты себебі салатын компаниялар басқа аймақтардан келеді. Олар жолының, құрылысшылардың шығындарының барлығын үйге бөлген қаржыдан өтейді. Сондықтан сапасыз үйлер көп, – дейді Бурахан Дақанов. Негізі, бес жыл ішінде солтүстікке көш өз нәтижесін көрсетіп, басқа өңірдегі шекаралық аймақтарға да жол табуы керек еді. Алайда бөлінген миллиардтаған қаржы тек құжат жүзінде ғана игеріліп келген. Әлеуметтанушы Шыңғыс Төрездің айтуынша, азаматтарды тұрғын үймен, жұмыспен қамту көшті ұзақ ұстап тұра алмайды. Сондықтан бағдарламаны қайта пысықтап, сарапшылардың интеллектуалды мүмкіндіктерін пайдаланып, арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізу керек. – Біздің зерттеуімізше, көшке кері әсерін тигізіп жатқан жағдайлардың бірі – тұрғын үйдің сапасыздығы. Екінші, жұмыс мәселесі. Үшінші, инфрақұрылымның жағдайы. Төртінші, оңтүстікпен салыстырғандағы солтүстіктің экономикалық нарығының төмендігі. Теріскейде кәсіп ашып, оны жүргізу қиын. Сонымен қатар көшке климат жағдайы, тіл мәселесі, адамдардың өмір сүру құндылықтарының сәйкес келмеуі де әсер етіп отыр, –дейді Шыңғыс Төрез. Жалғыздың үні шықпас. Ендеше көштің көбеюі, солтүстіктің қазақылануы –бір ғана адамның айналысатын жұмысы емес. Осы тұрғыдан алғанда, солтүстікке көшу мәселесін мемлекеттік деңгейде қадағалау керек секілді. Өйткені бұл – ел болашағына тікелей қатысты міндет.