Қазақстандықтарды маскүнем етіп көрсету кімге тиімді?
Қазақстандықтарды маскүнем етіп көрсету кімге тиімді?
594
оқылды
Еліміздегі бірнеше сайттар алкоголь тұтыну деңгейі бойынша Қазақстан әлемде алғашқы ондықта екені жайлы хабар таратты. Ақпарат көзі ретінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният аталған. Ол ДДСҰ-ның зерттеуіне сілтеме жасай отырып, жылына орта есеппен қазақстандық ер адам 25 литр алкоголь, ал әйел адам шамамен тоғыз литр ішімдік тұтынатынын мәлімдеді. Бұл туралы министр 5 сәуірде өткен Үкімет отырысындағы есеп беру кезінде айтқан. Әлемдегі ішімдік ішу деңгейі және оның салдарынан болатын өлім-жітім туралы барлық ақпарат, сондай-ақ осы тақырыпқа қатысты басқа да рейтингтер ДДСҰ-ның 2018 жылғы баяндамасында толық қамтылған. Аталған зерттеу бойынша Қазақстан туралы деректер 271-бетте жинақталған. ДДСҰ-ның 2018 жылғы зерттеуіне сәйкес, қазақстандықтар тұтынатын алкоголь өнімдерінің мөлшері жылына 7,7 литр таза спиртті құрады. Мұндай көрсеткішпен Қазақстан әлемдік рейтингте 76-шы орында тұр. Ал ерлер 25 литр, әйелдер 9 литр ішімдік ішетіндігі туралы ақпарат маскүнемдерге қатысты айтылған. Сонымен қатар БҰҰ құрамындағы зерттеу институты жариялаған деректер де қазақстандықтардың ішімдік тұтыну деңгейі бойынша алғашқы орында емес екеніне дәлел болады. БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының 2019 жылғы зерттеу нәтижесі бойынша Қазақстанда алкоголь тұтыну мөлшері бір адамға 5 литр таза спиртті құраған. Еліміздегі бірқатар ақпарат порталдары таратқан хабарларында министрдің мәлімдемесінен бөлек, шетелдік күмәнді рейтингтің сілтемесін көрсеткен. Аталған рейтинг британиялық маскүнемдікпен күрес емханасының сайтында жарияланған. Ол жерде зерттеудің қандай мәліметтер негізінде жасалғаны туралы бірде-бір ақпарат жоқ. Отандық БАҚ-та тараған Қазақстанның алкоголь өнімдерін тұтыну деңгейі бойынша 10-шы орында екені жайлы ақпарат – жалған.