Бір жеті бұрын бес министрліктің қарауынан өтіп, Үкімет отырысында қолдау тапқан Жамбыл облысындағы білім нысандарына тарихи тұлғалардың есімін беру туралы шешім шыққан. 43 мектеп пен бір мәдениет үйі атауының өзгергеніне жалпы бұқара қарсы емес. Алайда «Бұған дейін Алаш ардақтысының атымен аталған мектептен тарихи тұлғаның есімін алып, оның орнына басқасын беру қаншалықты дұрыс?» деген сауал халықтың санасына салмақ салып, ойларын сан саққа жүгіртіп қойды. Ең әуелі Үкімет қаулысына келсек, Әулиеатадағы 43 мектепке Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин, Оралхан Бөкей, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Ораз Жандосов, Қаныш Сәтпаев, Мұхтар Әуезов, Дінмұхамед Қонаев, Асанбай Асқаров, Шерхан Мұртаза сияқты Алаш және қоғам қайраткерлері,ғалымдар,жазушылар және басқа да тарихи тұлғалардың есімдері берілген. Ал Жамбыл ауданындағы мәдениет үйі енді Шәмші Қалдаяқовтың есімімен аталады. Мұндағы жұрттың айтуынша, мәдениет үйі орналасқан Жалпақтөбе ауылында вальс королі Шәмші Қалдаяқов 18 жылдай өмірін өткізген екен. Сондықтан мәдениет ошағына аңыз адамның есімі берілгеніне көпшілік дән риза. Бұдан бөлек, жамбылдықтарды шындықтың шырақшысы Шерхан Мұртазаның есімімен төрт бірдей мектеп аталатыны қуантты. Оның бірі Жуалы ауданында №1 мектеп-гимназия болса, екіншісі – Қордай ауданындағы №6 мектеп. Сондай-ақ Тараз қаласындағы №30 мектеп-гимназия мен Шу ауданындағы бұрынғы Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп Шерағаның атымен аталатын болды. Әрине, бұл – бас бармақпен бағалайтын шешім. Алайда халық арасында «Шу ауданындағы мектепті Тұрардан алып, Шерханға беру дұрыс па еді? Шерхандай тұлғаға беремін десе, басқа мектеп құрып қалып па? Екі бірдей тарихи тұлғаны бір мектепке таластырып қойғаны несі?» деп көңіл толмаушылық білдіргендер болды. Мәселен, қоғам белсендісі Жеңіс Сариевтің айтуынша, ұлыларды ұлықтау бұлай жүргізілмеуі керек екен. «Облыстағы бірқатар білім ошақтарына қазақтың ұлы тұлғаларының есімдері берілгені туралы жазған хабарға қуандық. Толық танысу үшін Үкіметтің қаулысына көз жүгіртіп едім, тиісті мекемелердің түсіндіруі қажет ететін сұрақтар шыға келді. Сарысуда бір мектептен С.Сейфуллиннің атын алып тастап, Д.Қонаевтың есімін беріпті. Шу ауданы бойынша тіпті қызық. Жамбылдың атын алып тастап, А.Байтұрсыновтың атын берсе, Төле бидің орнына Д.Қонаев, Ы.Алтынсариннің орнына К.Әзірбаев, Т.Рысқұловтың атын Ш.Мұртазаға, М.Әуезовты М.Дулатовқа ауыстырған. Бұл не сонда? Қандай себеп болды екен? Төле би, Жамбыл, Алтынсарин, Рысқұлов, Әуезов, Сейфуллин аудан әкіміне, ономастика комиссиясына, Үкіметке несімен ұнамады екен? Ұлыларды жерге таптады дейін десем, сол қаулыда Рысқұлов, Әуезов, Сейфуллин есімдері басқа аудан мектептеріне берілген. Осының алдында мектептердің ескі атауларын өзгертіп, «1,2,3» деп нөмірлеп еді. Енді қайта өзгертілді. Алаш ардақтылары мен ұлт зиялыларын құрметтегісі келсе, облыс көлемінде Кеңес Одағынан қалған, «1,2,3» нөмірлі атауы бар мектептер жетеді ғой. Мысалы, өзім тұратын Аса ауылында нөмірі 1 және Гагарин мектебі бар. Білім басқармасы ондайларды неге қалдырды? Білім ұйымдарының атауларын жылда ауыстырмай, бір қаулымен неге реттемеді?», – дейді Ж.Сариев. Жалпы, әлеуметтік желі қолданушыларының жазбаларының дені осы пікірге сайып тұр. Сондықтан біз бұл мәселеге жауапты мекемелер қалай жауап беретініне зер салған едік. «Үкіметтің шешімімен облыста 44 нысанға тарихи тұлғалардың есімі беріліп, кейбірлері қайта аталғаны туралы хабарлама берілген еді. Нысан саны көп болған соң биыл мерейтойлары аталып өтіп жатқан тұлғаларды жекелеп көрсеткен болатынбыз. Алайда сұрақтар туындауда. Сарысу және Шу аудандарындағы Төле би, Т.Рысқұлов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, Жамбыл, Ы.Алтынсарин атындағы мектептердің қайта аталуы бойынша. Кезінде Сарысу ауданы мен Жаңатас қаласы, Шу ауданы мен Шу қаласы қосылғандықтан кейбір мектептердің атауы қосарланып кеткен. Олар бір аумақтық бірлікте орналасқан соң қиындықтар туғызуда, осыған орай ауыстыру туралы өтініштер бірнеше рет түсті. Осыған орай қолданыстағы заңнамаларға сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілді. Ата- аналар, мектеп ұжымдарынан қолдау тапты. Осыны ескере отырып ауыстырылды. Бірақ өзге тарихи тұлғалар атындағы мектептер сол аудандарда бір-бірден сақталып қалды», – дейді облыстық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова. Әрине, байыбына бармай жатып, байбалам салудан аулақпыз. Алайда Тілдерді дамыту басқармасының жауабы бұқара тарапынан туған түсінбеушіліктерге нүкте қойды дей алмаймыз. Шынтуайтына келгенде, Тараз қаласында маңдайына таңбаланған нөмірден, ал аудандарда Ломоносов, Горький, Гагарин, Пушкин, Трубицын, Савва, Гродекова, Чкалов сынды атаулардан арыла алмай келе жатқан мектептер аз емес. Егер осы нысандарға тарихи тұлғаларды бір-бірімен таластырмай, бірінің есімін берсе, ешкім қой демес еді. Әттең, ұлыларды ұлықтауда да солақай саясаттың солқылы сезіліп тұрғаны іш қынжылтады. Бұдан біздегі билік ертең емес, бүгін бір сабақ шығарады деп сенеміз.
Жамбыл облысы