Қаржы министрлігі елден сыртқа заңсыз шығарылды делінген 1 миллиард доллар көлеміндегі қаражатты қайтару бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл туралы аталған ведомствоның басшысы, Үкімет басшысының орынбасары Ерұлан Жамаубаев айтты.
«Қаржы министрлігі тарапынан Ұлттық банкпен айтылған статистикалық ақпараттың бәрін зерттеп, сараптағанбыз. Нәтижесінде, Қаржылық мониторинг агенттігіне 8 іс бойынша шамамен 1 млрд АҚШ долларына жуық заңбұзушылық деп тапқан, тәуекелі бар істерді берген едік. Олар қазір тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бас прокуратураның тарапынан 20-дан астам құқықбұзушылыққа байланысты іс қозғалған болатын. Сол қозғалған істер бойынша шамамен 1 млрд АҚШ долларына болжанып отыр. Бірақ нақтылай ақпаратты, қай кездегі немесе қандай субъектілер бойынша екенін құқық қорғау органдарынан алу керек», – деді Қаржы министрі.