Кеше Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреева «AMANAT» партиясы Кентау қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде бір топ азаматпен кездесті.
Өкілетті орган уәкіліне арыздана келген тұрғындардың басым бөлігі жұмыссыздықтың жайын айтып шағымданды. Сондай-ақ әлеуметтік осал топ санатына жататын жандар мемлекет тарапынан берілетін түрлі көмек мәселесін көтерді.
Мәселен, қала тұрғыны Ұ.Болсынбек тұрақты жалақы беретін жұмысқа болса деген өтінішін айта келіпті. Қабылдау сәтінде депутат Қ.Жантөреева қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен байланысып, мәселені шешу жолдарын қарастырды. Нәтижесінде, өтініш иесі «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының аясында ақылы қоғамдық жұмысқа қабылданды.
Осы секілді жұмысқа орналастыру жөнінде жалғызбасты ана Ж.Кененбаева мен Л.Сүлеймен де өтініш білдірді. Екеуіне де қысқамерзімді кәсіптік оқыту бағдарламасы түсіндіріліп, ұсынылды. Нәтижесінде, екі тұрғын да оқуға жолдама алып, партия филиалының қабылдау бөлмесінің қызметкерлеріне және депутатқа алғысын жеткізді.
Сондай-ақ қала тұрғыны, ІІІ топтағы мүгедек әрі көпбалалы ана Л.Өтенбаева қаржылай көмек сұрай келіпті. Айта кетейік, бұл кісінің жұбайы да мұқтаждығы ерекше әлеуметтік топ санатының І тобына жатады. Депутат анаға бірреттік қаржылай көмек көрсетті.