Аудандағы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Жанат Мұсатаева бала жай ғана тасқа сүрініп құлағанын айтып отыр. «Сол күні ата-аналардың бастамасымен балабақша тәрбиеленушілерін тасымалдайтын опель маркалы жеңіл автокөлігінен заңды өкілінің еріп жүруінсіз, яғни ата-анасынсыз түсіп, өз тәрбиешісіне қарай жүгірген кезде тасқа сүрініп құлаған. Салдарынан баланың беті мен бас терісі сырылған, аяғының сан сүйегі сынған. Уақытылы хабар бермегені үшін балабақша меңгерушісінен түсініктеме алынды», – деген еді бөлім басшысы.
Баланың анасы Ажар «құлап қалды» дегенге сенбей отырғанын айтады. Балабақша меңгерушісі мен тәрбиеші келіп, арыз жазбауын, шу шығармауын айтып, өтініш жасапты. «Бірақ мен соңына дейін барамын. Полицияға арыздандым. Бұлар менен бір нәрсе жасырып отыр. Әйтпесе, жай құлаған бала бұлай болмайды. Балабақша қызметкерлерінің әлі де жағдайға немқұрайды қарап отырғаны жаныма батады» деп ашынды ана.
Істі тіркеген аудандық Полиция басқармасы ертесіне баланы көлік қаққанын растады. «Бала көлік қағып кету салдарынан дене жарақатын алған. Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 345-бабы 2-бөлігі (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы, абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiруге әкеп соғу) бойынша тіркелді. Опель маркалы автокөлік айыптұрағына қойылды. Сараптама тағайындалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның толық мән-жайы тергеу барысында анықталатын болады», – деді облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ аудандағы кейбір шенеуніктер баланың анасының туыстарына хабарласып, істі ушықтырмай кешірім беруін өтінген. «Соңына дейін барамын, балабақша жабылсын» деп ана қатты ашынып отыр.
«Ауруын жасырған өледі» дегендей, өздерінің бас тыныштығын ойлаған балабақша қызметкерлері осылайша жағдайды ушықтырып алды. Енді көлік жүргізушісімен қатар жауапты мамандар да заң аясында жазаға тартылуы тиіс.
Түркістан облысы