Тоқсан жылдық тарихы бар ауыл 30 жылдан бері сусыз отыр
Тоқсан жылдық тарихы бар ауыл 30 жылдан бері сусыз отыр
504
оқылды
Тіршілік нәрі – судан таршылық көрген ауылдардың бірі Біржан сал ауданындағы Баймырза ауылы. Бес жүзден астам адам түтін түтеткен ауыл отыз жылдан бері ауызсудан таршылық көріп келеді. Ауданға келген әр әкім «қатырамыз» деп уәде бергенімен, күні бүгінге дейін баймырзалықтар таза суға зәру. Көлігі барлар қырық шақырымдағы Макинка ауылынан күнбе-күн су тасыса, қаражаяулар ауылдағы бірен-саран ескі құдыққа қауға тартып ішеді. Сап-сары ішуге жарамсыз техникалық мақсаттағы су екі-үш флягтен кейін таусылып та қалады екен. Жергілікті биліктің қаржыға әкеліп тіреген түйінді мәселенің қашан толықтай тартқатылатыны әлі беймәлім болып тұр...

Су айдайтын мұнарадан әкім қора салған...

Жастайынан осы ауылда туып-өскен ауыл ақсақалы Ерік Шаймерденовтың айтуынша, ауызсу Тәуелсіздік алған 90-жылдардан бері жоқ. Ал кеңес заманында «Яблонов су құбыры» Көкшетау магистралды су құбырларын пайдалану басқармасы арқылы келіп тұрған. Бірақ 90-жылдардағы «Байтал түгі бас қайғы» болып кеткен тұста ауылдағы ауызсудан әбден береке кетіпті. «Ауызсудан таршылық көргенімізге міне 30 жылға жетіп жығылды. Сол кездегі ауыл әкімі су айдау мұнарасын жекешелендіріп алды ма, әлде басқалай амалын тапты ма бұзып алып өзіне қора салып алған. Осыдан кейін ауызсудың мүлде берекесі кетті. Тіршілік нәрінен тарыққан жұрт күні бүгінге дейін ит ішпейтін сары суды тұндырып ішіп отыр. Басқа амалы жоқ. Ал ауылымыз – осы Біржан сал ауданындағы ең көне ауыл. Ал көлігі барлар сонау қырық шақырым жердегі Макинка ауылынан тасып ішеді. Міне, ауданға осымен алтыншы әкім ауысты. Бірақ құрғақ қасық әлі де ауыз жыртып тұр. Уәдені үйіп-төккенімен біздің ауыл үшін бітірген түгі жоқ. Жыл сайын әкімдердің есептік кездесулерінде судың жайын айтып зар илейміз. Бірақ әкімдіктің сылдыр сөзді сертінен әбден жалықтық. Соңғы болған әкім Нұғыманов зейнеткерлікке шығар алдында екі жыл бойы әзірленген жобалық-сметалық құжаттамасын жасап кетіпті. Оған да шүкіршілік еттік. Сөнуге айналған үміт оты қайта тұтанғандай болды», – дейді ауыл ақсақалы Ерік Шаймерденов. Ақсақалдың айтуынша, Баймырза жалғыз емес. Ауылмен іргелес қоныстанған Шошқалы, Қаратал ауылдары да Баймырзамен тағдырлас. Бұл ауылдарда да ауыз судың жағдайы мәз емес. Ауыл белсенділері өткен жылы осы ауданнан шыққан Мәжіліс депутаты Мұрат Теміржановқа арыз-шағымын жеткізген. Бірақ халық қалаулысы күні бүгінге дейін жауап бермеген... Тұрғындар аудан әкіміне де жағдайдың тезірек шешуін сұрап хат жолдаған. Алайда әкім мәселенің қаржыға келіп тірелетінін, ал ол қаржының әзірге қолда жоқ екендігі жөніндегі жауаппен құтылыпты. Күнікеше Баймырза ауылындағы ауыз су мәселесі AMANAT партиясының мобильді қоғамдық қабылдауында тағы бір мәрте көтерілді. Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Жұмабай Әміржанов бастаған топта облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының, облыстық AMANAT партиясының өкілдері қатысқан. Партияның жиынға қатысқан қоғамдық қабылдау бөлімінің өкілдерінің айтуынша қаржы мәселесінің шешілуі де біршама ұзақ уақытты қажет етеді. Дегенмен осы жылы ауылда су құбырын түбегейлі тартып ауылды ауызсумен қамтамасыз ету жоспарға енгізіліпті.
«Баймырза ауылындағы ауыз су мәселесін Біржан сал ауданында өткен AMANAT партиясының қоғамдық қабылдауына келген Баймырза ауылының тұрғыны Ерік Шаймерденов ақсақал көтерді. Бұл ауылда 400-ден астам адам тұрады екен. Ауыл халқы жекеменшік бірен-саран құдықтан су тартып күнелтеді. Аталған мәселе облыстық мәслихат депутаты Жұмабай Әміржановтың бақылауына алынды. Аталған жоба бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысымен жобалық-сметалық құжатамасы әзірленген. Конкурстық рәсімдер өткізіліп, мердігер компания болып «Монолит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бекітілді. Қаржы мәселесі Қаржы министрлігінен қолдау тауып, 320,8 миллион теңге қаражат бөлінетін болды», – дейді AMANAT партиясы Ақмола облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Ақманат Әлімбетова.
Партияның мәліметінше жоба мақұлданғанымен оның жүзеге асырылуына да біршама уақыт кетеді. Егер барлығы уақытында жүзеге асырылса мамыр айында қаржы бөлініп, баймырзалықтар үшін жаңа су құбырының құрылысы басталмақ. P.S. Өкінішке қарай ауызсудан тарығып, билікке алақан жайып көмек күтіп отырған ауылдардың есебі жоқ. Ондаған жылдар бойы қарапайым суға зар болған ауылдар әлі де баршылық. Мәселен, тек Ақмола облысында ғана 16 ауыл күні бүгінге дейін суды тасып ішіп отыр...

Ақмола облысы