Игорь Дужнов сотта соңғы сөзін айтты
Игорь Дужнов сотта соңғы сөзін айтты
© exk.kz
348
оқылды
2021 жылы 20 қыркүйекте Алматыда үйден шығару туралы сот шешімін орындауға келген сот орындаушыларына, полиция қызметкерлеріне және үйдің жаңа иесі мен оның өкілін аңшы мылтығымен атып өлтірген Игорь Дужновтың бүгін сотта айтқан соңғы сөзін небәрі 2 минут 48 секундқа созылды. Бес адамның өмірін қиған алматылық кінәсін мойындамады, тіпті ол әрекетіне өкінген де жоқ, - деп жазады halyq-uni.kz Сотталушы, ең алдымен, адвокаттары Николай Харченко мен Екатерина Безлатневаға тергеу мен сот процесіндегі адалдығы мен қажырлы еңбегі үшін алғыс айтты.
«Біздің елде банктер адамды тонайды. Банктің ішінде алаяқтар бар, олар да адамдарды тонаумен айналысады. Оған бір дәлел – Тұрғановтың (Дужновтың қолынан қаза тапқан үйдің жаңа иесі) 72 аукционға және кепілге қойылған мүлік саудасына қатысып, менің үйімді қора (сарай – ред.) бағасына сатып алуы. Әрине, тергеу тарапынан бұған қатысты ешқандай сұрақ туындамады», - деді Дужнов соңғы сөзінде.
Игорь Дужнов өзіне қатысты тергеудің біржақты жүргізілгенін айтып, айыптаушы тарапты заңды өзіне ыңғайлы түрде қолданды деп айыптады.
«Менің отбасым көптеген заңсыз шешімнің кесірінен қиын жағдайға тап болды. Бірақ мен әрқашан отбасымды және қажет болған жағдайда елімді қорғауға дайынмын. Осы оқиғадан кейін Қазақстан президенті үйден шығаруға мораторий енгізіп, отандастарымның өмірін улаған көптеген заңның күшін жойғанына қуаныштымын. Біздің елде билікті деолигархизациялау процесі басталғанына қуаныштымын», - деді Игорь Дужнов.
Игорь Дужнов бостандыққа шығу үшін күресін жалғастыратынын айтып, сөзін қорытындылады. Еске салайық, 19 сәуірде мемлекеттік айыптаушы мен жәбірленуші тарап соттағы жарыссөз барысында Игорь Дужновты өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады.