Ел тыныштығын сақтаған
Ел тыныштығын сақтаған
331
оқылды
Ел Президентінің амандығын қамтамасыз ететін күзет қызметінің құпиясы кім-кімге де қызық. Осыған орай 21 сәуірден бастап республикалық арналардан «Президент күзеті» атты жаңа деректі фильм көрсетілді. Қазақстан Президенті Телерадиокешені аталмыш фильмді Мемлекеттік күзет қызметінің 30 жылдығына арнап түсірген. Биыл Мемлекеттік күзет қызметі үшін мерейтойлы жыл. Себебі МКҚ ізашарлары – Қазақстан Республикасы Президентінің күзет қызметі мен республикалық Ұланның құрылғанына 30 жыл. Ширек ғасырдан астам уақыт бойы ел Президентінің және өзге де күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісін мінсіз атқарып келген құрылым қатары жас сарбаздармен толығып жатыр. Қызметтің әскери қызметшілері Президенттің қатысуымен өтетін барлық мемлекеттік іс-шараға қатысады, онда Қазақстан Президентінің ұлықтауын өткізу кезінде залға мемлекеттік атрибуттар мен президенттік биліктің рәміздерін енгізеді, «Ақорда» резиденциясында және әуежайдан шетел қонақтарын күтіп алудың салтанатты рәсімінде, әскери парадтарға қатысу сынды жауапкершілік жүгі ауыр әрі маңызды міндеттер әскери қызметшілердің мемлекеттік іс-шараларға қатысуының жарқын мысалы. Шеберлікті шыңдау және жүктелген міндеттерді орындау мақсатында әскери қызметшілер күн сайын тыңғылықты дайындықпен саптық жаттығулар өткізеді. Қызмет үміткерлеріне қойылатын талаптар да қатал. Ең бастысы, мықты денсаулық, білімімен қатар бойының сымбатты болуы шарт. Мәселен, бойы 180 сантиметрден 190 сантиметрге дейін, бойы мен салмағының қалыптылығы, орта (толық) білімінің, оқу және жұмыс орындарынан жақсы мінездеменің бар болуы. Айта кету керек, Мемлекеттік күзет қызметкерлері Президенттің қасында жүрсе де, камераға сирек түседі. Қызметкерлердің жеке деректері де құпия сақталған. Мемлекеттің тұрақтылығы мен еліміздің болашағы да күзет қызметкерлерінің жауапкершілігіне тікелей байланысты. Сондықтан көрерменге жол тартқан жаңа фильмнің қызық болары сөзсіз.