Қазақтың табағы толмай қалмасын
Қазақтың табағы толмай қалмасын
322
оқылды
БҰҰ, өзге халықаралық ұйымдар әскери жанжал­дар кесірінен әлемдегі біраз елге аштық қаупі төнгенін ашық мәлімдеді. Ахуал­ды планетада жыл сайын өршіген қуаңшылық пен климаттың өзгеруі ушық­тыр­ды. Енді әр мемлекет ең алдымен өз халқын та­­мақ­тан тарықтырмаудың жайын ойлауы қажет. Сон­дық­тан бас­қа елдер қатарлы Қазақстанның кейбір азық-түлік түрлерінің экс­пор­тына шектеу енгізуі орын­ды болса керек. Осы орайда «Қа­зақ­стан азық-түлік­тің қандай түрлерімен өзін толық қамтамасыз етеді, қайсысын немен қамти алмайды?» деген сауал туады.

Не баршылық, ал не тапшы?

Қазақстан жаһандық дағдарысқа дейінгі «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманда да ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен түпкілікті молықтыра алмады. Енді посткеңестік кеңістікте кең ауқымды қақты­ғыс басталып, санкциялар кесірінен жеткізілімдер тізбегі бұ­зылған кезде елдегі дү­кендер­дің сөрелерінде бағалар апта сайын өзгеріп жатыр. Импорттық тамақ өнімдерінің бағалары жыл басынан бері орта есеппен 21,3%-ға қымбаттаған. Тіпті, бағасы екі есеге шығандаған өнімдер де бар. Тұтастай алғанда, биылғы жылдың басында қазақстандық өндірушілер ішкі нарықты ұнмен – 99,7%-ға, жұмыртқамен – 97,2%-ға, күрішпен – 96,6%-ға, етпен және құс етімен – 95,5%-ға, өсімдік майы­мен – 88,8%-ға, сондай-ақ макаронмен, кеспемен және сол тәрізді ұн өнімдерімен 85,1%-ға қамти алды. Ендеше осы өнімдердің сөрелерден жо­ғалып кететініне қатты алаңдамауға болады. Қазақстан халқы сүт өнім­дерінен де жоқ­шылық көрмеуі тиіс: ол бойынша жер­гілікті өнді­рушілердің үлесі – 84,4%. Де­ген­мен кейбір сүт өнімдерінің ассор­тименті күрт азаюы ықтимал, мы­салы йогурт не­гізінен шетелден тасылады. Сондай-ақ қазақстан­дық компаниялар хал­қымыздың майға деген сұра­нысының тек 67,9%-ын, ірімшік бойынша небәрі 53,7%-ын өтеп отыр. Бірақ бұл көлемге сиыр са­уып, майы мен ірімшігін ба­зар­да, аулада немесе жол бойында сататын тұрғын­дардың өнімі қосылмаған. Өйткені олардың жеткізілімі жүйеге кел­тірілмеген, әрі тұрақты емес. Азық-түліктің өзге түрлеріне қатысты оптимизм аздау: олар бо­йынша Қазақстан импортқа көбірек тәуелді. Атап айтқанда, қазір шұ­жық-колбасаның – 62,3%-ы, же­містен және көкөністен жасалған шырындардың – 50,2%-ы, өңделген және консервіленген балықтың, шаянтәріздестердің – 47,6%-ы, қанттың 35,8%-ы ғана – отандық. Статбюро дерегіне жүгінсек, тіпті шоколадтың – 36,2%-ы, шай­дың, кофенің 29,9%-ы да қазақ­стандық өнім көрінеді. Әйтсе де, бұл көзбояушылық болса керек, себебі елімізде Coffea кофе өсімдігі мен жидегі, какао ағашы, шай жапы­рақтары өспейді. Бұл өнімдердің шикізатын контейнерлермен тасып, елімізде қаптап, соны «Қазақстанда жасалған» таңбасымен сататын компания жетерлік.

Алаңдамайық, әлеует бар!

Негізі, егер тиісті жағдай жа­салса, алтын бесік ауылымыз Қа­зақстан тұрғындарын қажетті та­мақпен 100 пайыз қамтуға қабілетті. Мысалы, 2022 жылғы қаңтар айын­да республикада 83 мың тонна мал еті, құс еті және олардың қалдық­тарынан дайындалатын субөнімдер өндірілген. Бұл былтырғы ұқсас мерзімнен 8%-ға көп (2021 жылғы қаңтарда 76,9 мың тонна болған). Сектор өндірісті айына 87 мың тон­наға жеткізуге әлеуетті. Нәтиже­сінде, биылғы жыл басында осы өнім­дердің импорты 3,9 мың тонна­ны ғана құрады, былтыр 5,5 мың тонна болып еді, яғни алыстан арба­лағанымыз 29,3%-ға кеміді. Ал шұжық өндірісіне келсек, қажеттілік туындаса, әрі Ре­сей­ден және Бела­русьтен бұл өнімді жет­кізу толық тоқтаса, біздің шұ­жық цех­та­рымыз бен кәсіпорындарымыз оның өнді­рісін екі еседей арттыруға дайын. Мысалы, биылғы қаңтарда 4,6 мың тонна шұжық-колбаса жа­сал­ған (өткен жылғы ұқсас кезеңде 4 мың болды, өсім 14%). Кәсіп­орын­дардың ресурсы бір айда 7,4 мың тонна шұжық шығаруға жетеді. Шетелден 2,8 мың тоннасы импорт­талды. Жеміс, көкөніс шырындарының 4,6 мың тоннасы (былтыр 3,7 мың, өсім 24,7%) өндірілді, әлеует 9,1 мың тоннаны құрайды. Сырттан 4,5 мың тоннасы әкелінді. Өсімдік майының елімізде 46,1 мың тоннасы жасалды (2021 жылғы қаңтарда 43,6 мың, өсім 5,8%). Отандық кәсіпорындар өндірісті 51,9 мың тоннаға дейін ұлғайта ала­ды. Бір айда өзге елдерден 5,8 мың тоннасы тасымалданды. [caption id="attachment_193214" align="alignleft" width="1200"]қазақтың табағы © коллаж: Қуаныш Сапарбай[/caption] Балғын сүтті қоспағанда, сүт өнім­дерінің 69,3 мың тоннасы қаңтарда өзімізде шығарылды, былтыр 72,1 мың тонна болған, яғни 3,9%-ға кеміп кетті. Алайда өндірісті 82,1 мың тоннаға дейін арттыруға қабілетті. Шетелден 12,8 мың тоннасы импортталды, яғни 39,6%-ға артты. Қаңтарда жұмыртқаның 369,7 миллион данасы өндірілді, бұл былтырғы жыл басынан 18,4%-ға көп (312,2 млн). Әлеует 380,4 мил­лион межесін бағындыруға жетеді. Көрші елдерден 10,7 млн дана жұмыртқа тасылды.

Дабылдар қаншалықты негізді?

Кейінгі апталарда ақпарат құ­рал­дары диірменшілердің дабыл-дақ­пыртына сеніп, елімізде ұн тап­шылығы туындауы мүмкін деп алаңдаумен болды. Шынында, өзі мол астық алатын республикамызда биылғы қаңтарда 246,8 мың тонна ұн тартылды. Бұл былтырғы қаң­тардағыдан 17,2%-ға артық (210,6 мың тонна). Ресурс бір айда 247,5 мың тоннасын жасауға жетуі тиіс. Шетелдік импорт бар-жоғы 700 ке­ліні (тонна не центнер емес) құрады. Кеңес кезінен бергі әдет бойын­ша адамдар дағдарыс туса, жаппай жарма өнімдерінен қор жасай бас­тайды. Ел бұған да дайын: осы жыл­ғы қаңтарда 28,4 мың тоннасы өн­ді­рілді, бұл былтырғыдан 31,4%-ға көп. Әлеует оны 29,4 мың тоннаға де­йін арттыруға жарайды. Шетелден 1 мың тонна ғана жарма импортталды. Бұқара үшін макарон, кеспе секілді ұн өнімдері де маңызды: биыл­ғы алғашқы айда оның 11,6 мың тоннасы жасалды, бұл был­тырғы сәйкес кезеңдегіден 8,2%-ға жоғары (10,7 мың). Жат елдерден 2 мың тоннасы тасымалданды, бұл 5,5% кем. Өндірушілер бір айда 13,6 мың тоннасын шығарып, елді қарқ қыла алады. Дағдарыс кезінде сұраныс күрт артатын өнімнің бірі – қант. Оның өндірісі кейінгі айларда құлдырай бастады. 2022 жылғы қаңтарда бар-жоғы 14,1 мың тоннасы өндірілді, былтырғы қаңтарда 19,1 мың тонна болған, яғни 26,1%-ға азайды. Бірақ ресурстар айына 39,4 мың тонна құмшекер жасауға жетеді. Есесіне, импорт барған сайын өсуде: бір айда 25,3 мың тоннасы әкелінді, өсім – 48,1%. Өңір әкімдіктерінің және Сауда желілері одағының мәлімдеуінше, «сауда нысандарында және жер­гілікті тұрақтандыру қорларында халықтың 3 ай бойғы сұранысын қанағаттандыруға жетерлік қант қоры бар». Бұған қоса, Еуразиялық экономикалық комиссияның кеңесі Қазақстанға 2022 жылғы 31 тамызға дейін алыс шетелден 126 мың тонна қант пен шикі құрақ қантын бажсыз әкелуге рұқсат етті (Қазақстан 250 мың тоннаны сұраған). Ел Үкіметі одақтан бұл квотаны арттыра түсуді өтінді. Қазақстанға Бразилия, Үн­дістан, Таиландтан қант құрағы им­портталуы мүмкін. «2021 жылы Қазақстан өзінде 276,9 мың тонна қант өндірді, бұл 2020 жылғыдан 89%-ға жоғары. Алай­да бұл да жетпейді. Қазақстанда тұтынылатын қант пен сірненің ша­­мамен 60%-ын импорттық өнім құрайды. 2021 жылы Қазақстанға басқа елдерден 506,9 мың тонна қант және қант шикізаты импорт­талды. Соның ішінде Ресейден 275,8 мың тоннасы әкелінді. Бұл 2020 жылға қарағанда 12,7%-ға аз. Бразилиядан – 164,6 мың, Беларусь­тен – 35,5 мың, Мексикадан 30,4 мың тонна импортталды», – деп хабарлады Сауда және интеграция министрлігі. Ал АШМ-нің мәліметінше, Тараз қант зауыты айына 17-20 мың тонна қантты үздіксіз өндіреді. Сәуірде Көксу қант зауытында 9 мың тоннасы өңделеді. Мамырдан бастап, Меркі қант зауытында ша­мамен 18 мың тонна «тәтті» қосым­ша өндіріледі деп жоспарланған. Министрліктің байламынша, «аталған зауыттардың жиынтық өндіріс көлемі елдің қантқа деген ішкі қажеттілігін толығымен өтеуге мүмкіндік береді».

АШМ «ашықпаймыз» дейді

Ауыл шаруашылығы министр­лігі отандық нарықта азық-түлік тауарларының тапшылығы жоқ деп мәлімдеді. АШМ-нің Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры Назгүл Хатепова «Қазақстанда азық-түлік тауарларының тапшылығы жоқ және болмайды» деген сенімде. Бі­рақ бұл елді қымбатшылық жай­ла­майды деген сөз емес. Сондықтан ведомство әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасын тұрақтандыру шараларын қабылдап жатыр. Н.Хатепованың айтуынша, тұ­рақ­тандыру қорларын қалыптас­ты­ру және «айналым схемасы» ая­сында кредит беру үшін әкімдіктер 76,2 миллиард теңге шығындайды. Алда қосымша 16,2 млрд теңге бөлу жоспарланған. «2022 жылдың 13 сәуіріндегі жағдай бойынша республикада ӘМАТ қоры 635 мың тоннадай. Де­сек те, ішкі нарықта тапшылықтың туындауына жол бермеу мақсатында тарифтік емес реттеу шаралары қолданылып жатыр. Ірі қара және ұсақ малды 6 ай мерзімге сыртқа әке­туге, қантты экспорттауға ты­йым са­лынды. Бұдан бөлек, өзгесіне шек­теулер енгізілді: тауарлық кар­топты шетелге шығару квотасы 144,5 мың тоннамен, тұқымдық кар­топ – 57,5 мың тоннамен, күнба­ғыс тұқымы – 125 мың тоннамен, ал күнбағыс майы 114 мың тоннамен шектеледі», – деді АШМ департа­ментінің директоры. Мұның сыртында жаһандық нарықта қазақстандық бидайға де­ген сұраныстың күрт өскенін, тиі­сін­ше елдегі барлық астық қоры сырт­қа, қымбатқа сатылып кетуі мүм­­кін екенін ескере отырып, Үкі­мет азық-түлік қауіпсіздігін қамта­ма­сыз ету мақсатында тек 1 млн тонна бидай мен 300 мың тонна ұн шығаруды қарастыратын шектеу енгізді. Ел ішінде отырған адам көштен қалмайды, аштан өлмейді деген сөз бар. Түрлі әлеуметтік зерттеу жүргіз­ген халықаралық ұйымдардың дере­гінше, Қазақстанда 2020 жылы тұр­ғындардың 4,4 пайызы ашыққан не­­месе ашқұрсақ жүрген. Қиын шақ­­та әлеуметтік осал топтарды қор­ғауға мемлекет күш салып жатыр. Экономист Алмас Чукин ел Үкі­метіне «екінші тың көтеруді» ұйым­дастыруға кеңес берді. Оның пікі­рінше, дәл қазір Қазақстан ауыл шаруашылығын дамытуға баса мән беруі керек. «Бізге екінші тың көтеру науқа­ны қажет. Халық егіс даласында, жай­лауда қалай жұмыс істеуге бола­тынын мүлдем ұмытып қалмай тұрғанда, барлығы қалаларға көшіп алмағанша, ауыл кәсібін серпінді дамытуымыз қажет. Мемлекет ауыл шаруашылығы жерлеріне су, жол, электр қуатын жеткізуі шарт. Құла түзге ешкім бармайды. Сондай-ақ бос жатқан территорияларымызды кең игеру үшін оны Қазақстан азаматтарына тегін таратуға болады. Ұлы далаға иеміз дейміз, бірақ оның басым бөлігі иесіз, игерусіз жатыр. Бұл – дұрыс емес. Өздеріңе керек болмаса, бізге беріңдер деп емек­сіте­тіндер айналада көбеюі мүм­кін», – дейді сарапшы.