Су айдауыш мұнарадан әкім қора салған...
Жастайынан осы ауылда туып-өскен ауыл ақсақалы Ерік Шаймерденовтің айтуынша, ауызсу тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдардан бері жоқ. Ал Кеңестер заманында «Яблонов су құбыры» Көкшетау магистралды су құбырларын пайдалану басқармасы арқылы келіп тұрған. Бірақ тоқсаныншы жылдардағы «Байтал түгі бас қайғы» болып кеткен тұста ауылдағы ауызсудан әбден береке кетіпті. «Ауызсудан таршылық көргенімізге міне 30 жылға жетіп жығылды. Сол кездегі ауыл әкімі су айдау мұнарасын жекешелендіріп алды ма әлде басқалай амалын тапты ма, бұзып алып өзіне қора салып алған. Осыдан кейін ауызсуымыздың мүлде берекесі кетті. Тіршілік нәрінен тарыққан жұрт күні бүгінге дейін ит ішпейтін сары суды тұндырып ішіп отыр. Басқа амалы жоқ. Ал ауылымыз – Біржан сал ауылындағы ең көне ауыл. Ал көлігі барлар сонау қырық шақырым жердегі Макинка ауылынан тасып ішеді. Міне, ауданда осымен алтыншы әкім ауысты. Бірақ құрғақ қасық әлі де ауыз жыртып тұр. Уәдені үйіп-төккенімен біздің ауыл үшін бітірген түгі жоқ. Жыл сайын әкімдердің есептік кездесулерінде судың жайын айтып зар илейміз. Бірақ әкімдіктің сылдыр сөзді сертінен әбден жалықтық. Соңғы болған әкім Нұғыманов зейнеткерлікке шығар алдында екі жыл бойы әзірленген жобалық-сметалық құжаттамасын жасап кетіпті. Оған да шүкіршілік еттік. Сөнуге айналған үміт оты қайта тұтанғандай болды», – дейді ауыл ақсақалы Ерік Шаймерденов. Ақсақалдың айтуынша, Баймырза жалғыз емес. Ауылмен іргелес қоныстанған Шошқалы, Қаратал ауылдары да Баймырзамен тағдырлас. Бұл ауылдарда да ауызсудың жағдайы мәз емес. Ауыл белсенділері өткен жылы осы ауданнан шыққан Парламент депутаты Мұрат Теміржановқа арыз-шағымын жеткізген. Бірақ халық қалаулысынан күні бүгінге дейін жауап жетпеген... Тұрғындар аудан әкіміне де жағдайды тезірек шешуін сұрап хат жолдаған. Алайда әкім мәселенің қаржыға келіп тірелетінін, ал ол қаржының әзірге қолда жоқ екендігі жөніндегі жауаппен құтылыпты. Күні кеше Баймырза ауылындағы ауызсу мәселесі «AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдауында тағы бір мәрте көтерілді. Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Жұмабай Теміржанов бастаған топта облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының, облыстық «AMANAT» партиясының өкілдері қатысқан. Партияның жиынға қатысқан қоғамдық қабылдау бөлімі өкілдерінің айтуынша, қаржы мәселесінің шешілуі де біршама ұзақ уақытты қажет етеді. Дегенмен осы жылы ауылда су құбырын түбегейлі тартып, ауылды ауызсумен қамтамасыз ету жоспарға енгізіліпті. «Баймырза ауылындағы ауызсу мәселесін Біржан сал ауданында өткен «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдауына келген Баймырза ауылының тұрғыны Ерік Шаймерденов ақсақал көтерді. Бұл ауылда 400-ден астам адам тұрады екен. Ауыл халқы жекеменшік бірен-саран құдықтан су тартып күнелтеді. Аталған мәселе облыстық мәслихат депутаты Жұмабай Әміржановтың бақылауына алынды. Аталған жоба бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысымен жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген. Конкурстық рәсімдер өткізіліп, мердігер компания болып «Монолит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бекітілді. Қаржы мәселесі Қаржы министрлігінен қолдау тауып, 320,8 миллион теңге қаражат бөлінетін болды», – дейді «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Ақманат Әлімбетова. Партияның мәліметінше, жоба мақұлданғанымен оның жүзеге асырылуына да біршама уақыт кетеді. Егер барлығы уақытында жүзеге асырылса, мамыр айында қаржы бөлініп, баймырзалықтар үшін жаңа су құбырының құрылысы басталмақ. «Индустрия және даму, сондай-ақ қаржы министрліктерімен жобаға қаржы бөлу мақұлданғанымен қазір ол Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр. Мәжілісте қаралып, одан кейін Сенаттан өтіп Президент қол қойғаннан кейін ғана қаржы бөлінбек. Ал бұл рәсімдер бәрі дұрыс болғанның өзінде мамыр айына дейін созылуы тиіс. Қысқасы, баймырзалықтар үшін сүйінші жаңалық! Алдағы мамыр айында қаражат бөлініп, құрылыс басталады. Қайткенмен де осы жылы яғни құрылыс жұмыстарының жобасы 3 айдан 6 айға дейін екенін ескерсек, осы жылдың соңына дейін Баймырза ауылы ауызсумен қамтылуы тиіс деп ойлаймын», – деп толықтырды Ақманат Әлімбетова.P.S.
Өкінішке қарай, ауызсудан тарығып, билікке алақан жайып көмек күтіп отырған ауылдардың есебі жоқ. Ондаған жылдар бойы қарапайым суға зар болған ауылдар әлі де баршылық. Мәселен, тек Ақмола облысында ғана 16 ауыл күні бүгінге дейін тасымал суды талғажау етіп отыр...
Ақмола облысы