Ислам әлемінде айтарлықтай орны бар ғалым Ибн Шәддадтың «Жеңімпаз патшаның тарихы» қолжазбасы қолымызға түсті. Қолжазба несімен құнды дейсіз ғой? Ибн Шәддадтың бұл еңбегінде Бейбарыс бабамыз жайлы тың деректер қамтылған екен.
Ибн Шәддадтың толық аты-жөні – Әбу Абдулла Иззуддин Мұхаммед ибн Әли ибн Ибраһим ибн Шәддад әл-Ансари әл-Халаби. 1217 жылы 16 наурызда Алеппо қаласында дүниеге келді. Әйгілі тарихшы Баһауддин ибн Шәддадтың шәкірті болды. Кейін Әйюби билеушісі әл-Мәлик ән-Насир Салахуддин Юсуфтың хатшысы қызметін атқарды. Хатшылық қызметті жақсы атқарған ибн Шәддад 1242-1243 жылдары салықтан түсетін кірісті тексеру үшін Харран қаласына тексеруші болып жіберіледі. Осы сапарында есеп-қисап және тексеру ісін жоғары деңгейде жүргізіп, билеуші әл-Мәлик ән-Насирдың көзіне түседі. Сөйтіп, оның өте жақын серіктерінің біріне айналады. 1251 жылы Мосул, Мардин (қазіргі Түркияның оңтүстік-шығысында орналасқан тарихи қала) және Жазира (Сирияның шығысындағы әл-Хасака провинциясында орналасқан аймақ) секілді аймақтардың билеушілеріне елші болып бірнеше рет жіберілді. Тарихшы Сафади оның Құлағу ханға да елші болып жіберілгенін айтады. Бейбіт келісім жүргізу үшін 1259 жылы Маяфариқинді (Түркияның Диярбакр провинциясындағы тарихи қала) қоршауға алған Құлағудың ұлы Яшмутқа елші болып барды. Моңғол әскерімен әртүрлі деңгейде жүргізілген келісімдердің нәтиже бермей һәм моңғолдар Сирияны толықтай басып алғаннан кейін көптеген саяси тұлға сияқты ибн Шәддад та Мысырға бет алды.
Ол Мысырда аз уақыт ішінде Мәмлүк сұлтаны әл-Мәлик әз-Заһир Бейбарыс пен оның уәзірі Баһауддин Әли ибн Мұхаммедтің сеніміне кірді. 1271 жылы Бейбарыс сұлтанның Шам елін моңғолдардың билігінен азат ету үшін ұйымдастырған әскери жорығына қатысты. Шам жеріне уәзір Баһауддиннің қолбасшылығымен ұйымдастырылған өзге де жорықтарға белсенді араласты. Осылайша, әйюбилер мен мәмлүктер кезеңінде өмір сүрген ибн Шәддад сол дәуірдің саяси, әскери, әлеуметтік тағы басқа уақиғаларына тікелей куә болды. Бейбарыс сұлтан дүние салған соң оның өсиеті бойынша ұлы Мәлик Сағид салдырған медресе мен кесене істерін жүргізетін уақыпқа басшы болып тағайындалды. Ибн Шәддад Бейбарыс сұлтаннан кейін билік басына келген оның ұлдары Мәлик Сағид Насируддин Береке ханмен, Мәлик Әділ Суламышпен, сондай-ақ Бейбарыстың атақты қолбасшысы Мәлик Мансұр Сәйфуддин Қалауынмен өте жақсы қарым-қатынаста болды. 1285 жылдың 24 сәуірінде Каир қаласында өмірден озды. Мұқаттам (Каир қаласының шығысында орналасқан) тауының етегіндегі мазарға жерленді. Әйюбилер мен мәмлүктер кезеңінде өмір сүрген тарихшы, жағрафияшы һәм сарай хатшылығы қызметін атқарған ибн Шәддад моңғолдар мен крестшілердің мұсылман жерлеріне жасаған шабуылдарын көзімен көрді. Өзінің жазған тарихи еңбектерінде куә болып, көзімен көрген жағдаяттар мен уақиғаларды керемет жеткізе білген.
Ибн Шәддадтың мәмлүктердің тарихына қатысты өзі куә болып, ешбір хабаршыға жүгінбей жазған еңбегінің бірі – «Тарих әл-Мәлик әз-Заһир» атты қолжазбасы. Бұл еңбекте Бейбарыс сұлтанның ғұмыры, тұлғалық қасиеттері, билік құрған кезеңі қамтылған. Алайда бізге осы еңбектің 1271 жылы басталып, сұлтанның дүниеден өткен уақытына дейін қамтылған ІІ томы ғана жеткен. Бұл қолжазбаның жалғыз нұсқасы Түркияның Эдирне қаласының Селимия қолжазбалар кітапханасында сақталған. Бұл мақалаға осы қолжазбаның көшірмесі арқау болып отыр. Қолжазбада Бейбарыс сұлтан заманындағы уақиғалар мен тарихи мәліметтерді жылдарға бөле отырып, хронология бойынша жазған. Сондай-ақ автор әрбір жылдың соңында сол жылы қайтыс болған кейбір тұлғаларды алфавиттік ретпен атап өтеді. Әрі олардың өмірбаянына тоқталады.
Аталған қолжазбаны бүгінге дейін кейбір Батыс және Шығыс зерттеушілері өзінің ғылыми-академиялық жұмыстарына негіз еткен. Атап айтар болсақ, Иоэль Кох (Yoel Koch) аталмыш еңбекті сыни тәсілдермен талдай отырып, 1978 жылы A Scholarly Edition of ‘Izz al-Dîn Ibn Shaddâd al-Halabî’s Ms. on the Sultan Baybars I, I-III, Bar-Ilan University, Ramat-Gan (Иззуддин ибн Шаддадтың сұлтан I Бейбарыс жайлы қолжазбасының ғылыми басылымы, Бар-Илан университеті, Рамат-Ган) деген тақырыппен докторлық жұмысын қорғады. Ливандық зерттеуші Доктор Ахмет Хутайыт 1983 жылы осы еңбекке сүйеніп Târî u’l-Meliki’-âhir [Die Geschichte des Sultans Baibars] атты докторлық жұмысын қорғап шықты. Шерефеттин Ялткайа бұл еңбекті 1941 жылы Baypars Tarihi: al-Melik al-Zahir [Baypars] Hakkındaki Tarihin İkinci Cildi (Бейбарыс тарихы: әл-Мәлик әз-Заһир жайындағы тарихтың екінші томы) деген атаумен түрік тіліне аударған.
Қолжазба туралы әңгімеден бұрын мәселеге назар аударуды жөн көрдік. Әуелгісі қолжазбаның толық нұсқасы, өкінішке қарай біздің заманымызға жетпеген. Қолжазбаның бірінші томы жоғалып кеткен. Біздің қолымызға тигені тек жалғыз нұсқасы сақталған екінші томы. Бағзы ғалымдар бұл нұсқа автордың өз қолымен жазылған деген көзқарасты алға тартады. Әйгілі шығыстанушы Клод Каэн «қолжазба Бейбарыс сұлтан опат болған соң жазылып, тәмамдалған» деген пікірді алға тартады (Cl. Cahen, op. cit., p. 75).
Екінші мәселе – қолжазбаның атауына қатысты. Шығыстанушы Клод Каэн қолжазбаны «әр-Раудуз-Зәһир фи сирати әл-Мәлик әз-Зоһир» деп атаған. Ал Дәиратул-Мағариф әл-Исламияда (Ислам энциклопедиясы) бұл қолжазбаның атауы «Хаяту Бейбарыс» делінеді. Ортағасырлық бағзы ислам тарихшылары еңбектерінде аталған қолжазбаны «Сирату әл-Мәлик әз-Зоһир» және «әр-Раудуз-Зәһир фи сирати әл-Мәлик әз-Зоһир» деп атайды. Ал қолымызға тиген қолжазбада еңбектің атауы «Тариху әл-Мәлик әз-Зоһир» деп берілген. Біз қолымыздағы қолжазбаның мұқабасында берілген атаумен аталғаны жөн деп санаймыз.
Қолжазба 272 парақтан тұрады. Әр бетте 15 қатар жазу бар. Жазуы ірі әріптермен насих стилінде (араб әліпбиінің баспада және жазуда ең көп қолданылатын түрі) жазылған. Ұзындығы – 26 см, ені – 19 см. Қағаздың абади (жібектен жасалған, жартылай күңгірт, жұқа немесе қалыңдау қағаз түрі) деген түріне түсірілген. Алғашқы бетінің жоғарғы жағында: «Барша мадақ Аллаға тиелісі. Біздің мырзамыз Мұхаммедке, оның отбасына Алланың салауаты мен сәлемі болсын! Бұл кітаптың авторы ең ұлы, аса құдіретті ұлы Алла Тағалаға шүбәсіз сенетін Әбу Бәкір ибн Омар ибн Әбу Бәкір ибн Омар» деген жазу бар. Алғашқы бетінің орта тұсында: «Жеңімпаз патшаның тарихы кітабының екінші томы, Алла Тағала оны өз рақымына бөлесін! Әмин!» деген сөз бар.
Қолжазба Бейбарыс сұлтанның он жеті жылдан астам билік жүргізген жылдарының он екінші жылынан басталады. Қолжазбаның алғашқы парағынан кейінгі екі парағы түсіп қалған. Мұны қолжазбаның екінші бетінде жазылған жазудан аңғардық. Онда қолжазбаның 277 парақтан тұратыны айтылған. Ал қолымызға тиген қолжазба 272 парақтан құралған. Сонымен бірге қолжазбаның соңғы жағынан да бірнеше парақтың түсіп қалғаны байқалады. Автор 192 парақтан бастап сұлтанның тұлғалық қасиеттері мен ерекшеліктеріне тоқталудан бастайды. Сұлтанның қасиеттерін он бес тарауға бөліп қарастырғанын да баяндайды. Алайда қолжазба он төртінші тараумен бітеді. Демек, еңбектің он бесінші тарауы бізге жетпеген. Бұл соңғы тарау болжаммен 3 парақтай болған. Еңбек жалпы 28 тарауға бөлінген.
Қолжазба һижра жыл санауымен VІІ ғасырда Мысыр жерінде жазылған. Сонымен қатар алғашқы бетіндегі «Алла Тағала оны өзінің рақымына бөлесін! Әмин!» деген дұға-тілек қолжазбаның сұлтан өмірден өткеннен кейін хатқа түскенін білдіреді...
Ибн Шәддад Сұлтан Бейбарысты еңбегінің басты тақырыбы етіп, ал оқиғаларды тарихи жыл хронологиясы бойынша жүйелі түрде әңгімелейді. Автордың еңбекті оқырманның оқуына барынша қолайлы етіп жазғаны байқалады. Еңбегінде әрбір оқиғаның жылы мен күнін нақты көрсетіп отырады. Оқиғалардың мазмұнын бірден білдіретін тақырыптар қойған. Сондай-ақ әрбір жылды сол жылы дүние салған мәшһүр ғұламалардың, әміршілердің және мемлекеттік маңызды тұлғалардың есімін атап, қысқаша өмірбаянына тоқталып аяқтайды. Осы бірізділікті сұлтан қайтыс болған һижри 676 жылға дейін жалғастырады.
...Жоғарыда айтылғандай, автор қолжазбада келтіретін мағлұматтардың дереккөздерінің басым бөлігі өз көзімен көрген оқиғалары және Бейбарыс сұлтан мен Мәмлүктер мемлекеті туралы өзі тікелей білген ақпараттар. Сол себепті автордың қолжазбаны жазуда өзге тарихшылардың еңбектеріне жүгінбегені байқалады. Осылайша, автор Бейбарыс сұлтан туралы еңбектер жазған өзге тарихшылардан ерекшеленеді. Сұлтанға қатысты саяси, әскери, әлеуметтік, тұлғалық тұрғыдан аса маңызды тарихи деректерді келтірген. Басқа тарихи еңбектерде кездеспейтін деректерді қамтыған. Міне, осы қырынан қолжазба аса бағалы теңдессіз тарихи еңбек болып саналады.
Қолжазбаның қолымызға тиген екінші томы Бейбарыс сұлтанның 1272-1278 жылдар аралығындағы ғұмырын қамтыған. Автор бұл еңбекте сұлтанның қол жеткізген жетістіктері мен жеке тұлғалық қасиеттерін әңгімелейді. Сұлтанның қайтыс болуын, жерленуін, артына қалдырған қайырымдылық мақсатындағы уақып істерін жан-жақты баяндаған. Автор сұлтанның мемлекет істеріне қатысты іс-әрекеттерін, қабылдаған шешімдерін мемлекеттің ішкі және сыртқы саясаты тұрғысынан қарастырған.
Мәселен, тарихшы ғалым мемлекеттің ішкі істерінде Бейбарыс сұлтан өзінің құзыретін қуаттау үшін исмаилиттердің (шииттердің алтыншы имамы Жағфар Садиқтің ұлы Исмаилды өздеріне көшбасшы еткен шииттік ағымдардың бірі) қамалдарын басып алуын, ара-тұра мемлекетке қауіп төндіріп шабуылдаған көршілес нубилерді (Ніл өзенінің жағасынан бастап Суданға дейінгі өлкені мекендеген африкалық жергілікті халық. Бұлар мекендеген өлке Нубия елі деп аталады) жазалауын, мемлекеттің ішкі ісіне араласып өзіне қарсы шыққан әміршілерді кешіргенін әңгімелейді. Сонымен қатар қолжазбада сұлтанның саяси шешіміне қарсы шыққандарды қалай жөнге салғаны, әскер арасында беделді әміршілерді әртүрлі тәсілмен өзіне жақындатуы айтылады. Соның ішінде Қалауын секілді әміршінің қызын ұлы Сағитке айттыруын келтіреді. Өз заманында ислам әлемінің көшбасшысы деңгейіне көтерілу үшін сұлтанның жұмсаған қайратын һәм сол биік мәртебеге дін жолындағы қажырлы еңбегінің арқасында жете білгенін егжейлі-тегжейлі жеткізген.
Шындығында, Бейбарыс сұлтан 1261 жылы Құлағу құлатқан халифалық билікті Мысырда қайта құрды. Мұсылмандардың құқын қорғап, шариғат тыйым салған істердің жүзеге асуын, мас қылатын ішімдіктердің сатылуын тоқтатты. Мемлекет ішінде әділдік орнауы жолында тиісті шаралар қабылдай білді. Тіпті, бұл жолда өзіне жақын жандарды жазалаған кезі де болды. Жаңа мешіттер салуға, ескі мешіттерді қайта жөндеуден өткізуге ерекше көңіл бөлді. Қажылық жасап, арнайы жасатқан жабуын ерекше салтанатпен Қағбаға жапты. Қағба жабуының жыл сайын Мысырда тігіліп, айрықша сән-салтанатпен жабылуын қамтамасыз етті. Міне, осы жасаған істері, тағы да басқа дер кезінде қабылдаған шешімдерінің арқасында Бейбарыс сұлтан аз ғана уақыт ішінде ислам әлемінің абыройлы билеушілерінің қатарына кірді.
Автор өз еңбегінде Бейбарыс сұлтанның елдің, саудагерлер мен кәсіп иелерінің жағдайымен санасып отырып іс жүргізгенін айтады. Атап айтқанда, елдің дамуына ықпал ететін мемлекеттің ішкі істеріне ерекше ыждағатпен көңіл бөлген еді. Соның бірі халыққа салық салу жөнінде пәрмен шығарып, алайда елдің бұл салықты төлеуден бас тартып, наразылық танытқанын естіген бетте салық жинаудан бас тартты. Сұлтан мемлекеттің ішкі қауіпсіздігін ерекше назарға алып, ел ішін әрдайым аралап отырған. Кейде салтанатты түрде, кейде хат таситын хабаршы ретінде, тіпті кей уақытта қарапайым адам ретінде елді аралап шығатын. Осылайша, өзі тағайындаған әкімдер мен уәзірлердің жұмысын бақылайтын еді.
Автор қолжазбасында Бейбарыс сұлтанның сыртқы саясатын екі тұрғыдан: әскери және саяси жағынан қарастыруға күш салғанын жазады. Әскери тұрғыдан сұлтанның елхандық моңғолдармен текетіресін сөз еткен. Себебі моңғолдар Сейфуддин Құтыз сұлтанның басшылығымен болған Айн-Жалұт (қазіргі Палестинаның солтүстік жағында Наблус қаласы мен Бисан қаласының арасындағы Жалут деген бұлағы бар жазық жердің аты) шайқасында күйрей жеңілсе де, енді ғана іргесі қаланған Мәмлүк мемлекетіне қауіп төндіруді қоймады. 1272-1276 жылдары моңғолдар бірнеше рет тынбастан жорықтар ұйымдастырды. Мәселен, олар 1271 жылы Харранға (қазіргі Түркия еліндегі Шаңлыурфа провинциясындағы ең ескі шаһар) шабуыл жасап, қаланы тас-талқан етіп қиратты. Алайда сұлтан дәл сол жылы Ефрат өзені бойында оларға ауыр соққы жасап, жеңіске жетті. Міне, осы шайқас туралы Ибн Шәддад әңгімелей келе сұлтанның әскерін өзеннен өткізу үшін арнайы көпір жасатқанын, әскерді өзі бастап өткенін, оның шайқаста көрсеткен батырлығын кеңінен баяндайды.
Автор қолжазбада Бейбарыс сұлтанның дипломатиялық мәмілегерлігін де тілге тиек етеді. Сұлтанның елдің сыртқы қарым-қатынасында тек әскери күшке ғана емес, әскери күштен кем ықпал етпейтін дипломатиялық саясатқа жүгініп отырғанын баяндайды. Мұны сұлтанның еуропалықтармен және елхандықтармен жүргізген дипломатиялық байланыстарынан көреміз. Ол елхандықтарға қатысты саясатында оларды әлсірету үшін Алтын Орданың ханы Беркемен қарым-қатынасты күшейтуге әрекет етті. Мұсылман дінін қабылдаған ханға алуан түрлі сыйлық пен жиі-жиі елшілер жіберіп отырды. Берке ханмен одақтас болуға өзара келісті. Елхандықтар мен алтынордалықтардың арасындағы келіспеушілік пен текетіресті арттыра түсу саясатын ұстанды. Сұлтанның Алтын Орда ханы Беркемен одастас болуының басты мақсаты парсы жерінде билік жүргізген Құлағу мен оның ұрпақтарына қарсы күшті нығайту еді.
Қолжазбада келтірілген осындай мағлұматтар Бейбарыс сұлтанның мемлекеттің ішкі саясатын шебер жүргізгенін және халықаралық аренада аса абыройлы әрі беделді билеуші болғанын көрсетеді.
Еркінбек ШОҚАЙ,
ҚазҰУ-дың Шығыстану факультеті
Арабтану орталығының директоры
Бауыржан ӘЛИҰЛЫ,
Нұр-Мүбарак университетінің
докторанты