Халық саны азайған, оқушылары сиреген ауылдар
Түсінікті болу үшін айта кетсек, 2019 жылы Катонқарағай ауылында «Катонқарағай ауданының болашағына саналы көзқарас» атты инвестициялық форум өтіп, осы шара кезінде Серік Толықпаев, Қайрат Ахметов бастаған катондық меценаттардың «Катонқарағай ауданының тұрақты дамуы» деген қоғамдық қор құрғаны туралы айтылған еді. Сол жиында қор мүшелері соңғы 18 жылда аудан халқы 48 пайызға азайып, 20 мыңның үстінде ғана қалғанын, егер қазір тиісті іс-шаралар жеделдетіп қолға алынбаса, Катонқарағайдың 2 609 тұрғыны бар 13 ауылы 5 жылдан соң, 6 259 тұрғыны бар 15 ауылы 10 жылдан кейін, ал 14 339 тұрғыны бар 20 ауылы 10-15 жылдан кейін жабылуы мүмкін деген болжамын алға тартқан болатын. Әрине, ауыл десек әуелі мектеп еске түседі. Қор алдағы 2-4 жыл көлемінде Ақмарал, Жұлдыз, Жазоба, Үштөбе, Балғын, Қайыңды, Қабырға, Қызылжұлдыз, Көктерек, Еңбек ауылдарындағы 323 оқушысы, 220 мұғалімі бар 12 мектеп, 5-6 жыл көлемінде Сенное, Барлық, Жаңа-Үлгі, Аршаты, Солдатова, Жамбыл, Новополяковка, Топқайың, Майемер, Берел, Белқарағай, Кіші-Нарын ауылдарындағы 956 оқушысы, 250 мұғалімі бар 13 мектеп, ал 7-15 жыл көлемінде Ақсу, Солоновка, Шыңғыстай, Жаңа-Хайрузовка, Катонқарағай, Өрел, Үлкен Нарын ауылдарындағы 2 352 оқушысы, 300 мұғалімі бар 12 мектепке жабылу қаупі төніп тұрғанын да ескерткен еді. «Аудан халқының көшуін тоқтатып, елдің еңсесін көтеру үшін Катонқарағайда туристік, аграрлық және білім кластерін бірдей дамыту керек. Қор алдағы 10 жыл көлемінде аудандағы ең үлкен үш елді мекен – Үлкен Нарын, Катонқарағай мен Өрелді өмір сапасы әлемдік деңгейге сәйкес келетін ауылдар қатарына қосуды жоспарлап отыр. Үш ауылда шағын әуежай, фин үлгісіндегі балабақша, ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын жекеменшік мектептер, тәулік бойы жұмыс істейтін дәріханалар мен дәмханалар, жыл бойы тоқтаусыз қызмет көрсететін білім беру лагерін, заманауи құрылғылармен жабдықталған емханалар ашып, Арбат көшесі, балалар алаңдарын, «Ұрпақтар сабақтастығы» бағдарламасы аясында коттеджді квартал мен спорт кешенін салып, бизнес идеяларға шағын гранттар берсек дейміз. Біз қорды құрмас бұрын ауданның озық және осал тұстарын әбден сараладық. Сарапшылармен кездестік. Қорды құрудағы мақсат-мұратымыз – табыс табу, қайырымдылық көмек көрсету емес, ауданды көтеру, тұрғындардың жұмыс істеуіне мүмкіндік беру. Мұны осы қасиетті топырақта туып-өскен ауылдың тумалары, біз қолға алмасақ, сырттан келіп ешкім істемейді» деген еді сол кезде қоғамдық қордың құрылтайшыларының бірі Серік Толықпаев.Еуропалық үлгіде жабдықталған кабинеттер
Катонқарағайлық кәсіпкерлердің үш жыл көлемінде қолға алған жұмыстарының ішіндегі ең ауқымдысы – Үлкен Нарын, Катонқарағай мен Өрел ауылдарындағы мектептердің бірнеше кабинеттерін Назарбаев зияткерлік мектептері үлгісінде жабдықтауды бастауы. «Қор НЗМ-мен бірлесіп «Ауыл мектебі» жобасын жүзеге асыруда. Жобаның мақсаты – қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасының алшақтығын азайту. Қор үш ауылдағы мектептердің робот техникасы, информатика, математика және логика, инженерия, көркем еңбек, аспазшылық өнер кабинеттері мен кітапханаларын бастан-аяқ жабдықтап жатыр. Физика, химия, биология кабинеттерінің жанында оқушылардың ғылыммен шұғылдануына, практикалық жұмыстармен айналысуына мүмкіндік беретін зертханалар бар. Жабдықтардың кейбірі Еуропадан әкелінген. Өте сапалы. Бұл мектептерде жұмыс толық аяқталған жоқ. Оған уақыт керек. Жалпы, алты мектепті осылай жабдықтауды жоспарлап отырмыз. Бір мектепке орта есеппен 200 миллион теңгедей қаражат қажет болса, 6 мектепке 1 миллиард 200 миллион теңге керек. Мұның барлығы – кәсіпкерлердің өз қалтасынан шығып жатқан қаражат. Қазіргі жоспарымыз – жоғарыда аталған үш мектептегі жұмыстарды аяқтау», – дейді «Қатонқарағай ауданының тұрақты дамуы» қоғамдық қорының директоры Серік Жүнісов. Қоғамдық қор Катонқарағайға аттай қалап шақырған адамдардың бірі – белгілі этномузыкант Еділ Құсайынов. Қазір өнерпаз Катонқарағай ауылындағы Ластаев мектебі мен музыкалық мектепте, Үлкен Нарындағы музыкалық мектепте, Өрел ауылындағы мектепте сабақ беріп жүр. Сабаққа қажетті аспаптардың барлығын қор алып берген екен. «Катонқарағай негізі сыбызғының мекені ғой. Кезінде Шанақ Ауғанбаев деген сыбызғышы ағамыз болған. Алайда қазір ауданымызда сыбызғыны меңгерген жандар жоқтың қасы. Еділ аға төл өнерімізді қайта жаңғыртып, оқушыларға ғана емес, музыкалық мектептің мұғалімдеріне де білген-түйгенін үйретіп жатыр. Оқушыларымыз еуропалық үлгіде жабдықталған, барлық жарақтары сақадай-сай сыныптарда өздеріне қажетті көп нәрсені үйренуде. Мәселен, қыздарымыз шоппер сөмкелерді өздері тіге алады. Қазір мектеп мұғалімдері ноутбуктерімізді соған салып жүрміз. «Ауыл балалары қаланың балаларынан кем болмасын, терезесі тең болсын» деп жанталасып жүрген қордағы азаматтарға айтар алғысымыз шексіз», – дейді Катонқарағай ауылындағы С.Ластаев атындағы орта мектептің директоры Гүлтас Ернісова.ТҮЙІН:
Туған жеріміз өркен жайсын деп жүрген азаматтар білім саласына ғана емес, өңірдің туризм саласына да инвестиция құюда. Бір ғана мысал, қор бұған дейін туристерге қонақүй салғысы келген жергілікті тұрғындарға 25 грант беріпті. Экологияны да естен шығармай, 2019 жылы Үлкен Нарын мен Катонқарағай ауылдарын сан жыл қордаланған қоқыстан тазартып, 10 миллион теңгеге екі елді мекендегі қоқыс алаңдарын ретке келтіріп, арнайы қоршау орнатыпты.
Шығыс Қазақстан облысы Сурет автордікі