СУБСИДИЯНЫҢ ТИІМДІЛІГІ ДӘЛЕЛДЕНДІ
Субсидияны күтумен биылғы жылдың бірінші тоқсаны аяқталды. Тапқан-таянғанын осы кезеңде түгел жұмсаған кәсіпкерлер енді қалай күн көрерін білмей дал. Соңғы екі жылда елімізде төрт құс фабрикасы банкротқа ұшырап, жабылып тыныпты. Солтүстік Қазақстан облысының қажеттілігін бір ғана фабрика өтей алатынына қарамастан, әзірге өңірде бес құс фабрикасы жұмыс істеп тұр. Тимур Қожахметовтің пікірінше, солтүстікқазақстандық құс өсірушілер – талай қиындықты бастан кешіріп, әбден шыныққан, мықты, бәсекеге қабілетті кәсіпкерлер. Олар құс тұмауынан тауықтардың жаппай қырылуы, жемазық бағасының қымбаттығы, жұмыртқа бағасының арзандығы, Ресей өнімінің импорты сияқты дағдарыстардан сәтті өте білді. Бүгінде еліміздің басқа өңірлерімен қатар, Ресей Федерациясындағы әріптестерімен де еркін бәсекеге түсе алады. Себебі Тимур Боданұлының айтуынша, ресейліктер, әсіресе көршілес елдің мұсылмандары халал өнімді жоғары бағалайды, сондықтан дүкен сөресінде қатар жатқан ресейлік және қазақстандық өнімнің соңғысын таңдайды. Себебі халал стандарты қатаң сақталатынынан хабардар. «Сондықтан біздің экспорттық әлеуетіміз зор. Өз тұтынушымыз бар. Ресей және Беларусьпен еркін бәсекелесе аламыз. Әрі жалпы ішкі өнімді екі есеге арттыруға мүмкіндік бар. Тәжікстан мен Ауғанстанға да экспорттаймыз. Қазірдің өзінде еліміз бойынша құс шаруашылығының жұмыртқа өндірісі беретін жалпы өнім жылына 120 миллиард теңгеге жеткен. Қарапайым тілмен айтқанда, біз қазір тек ұқсатушы болып отырмыз. Яғни, 60 миллиард теңгенің бидайын сатып алып, жылына 5 миллиард жұмыртқа, яғни 120 миллиард теңгенің жалпы ішкі өнімін өндіреміз», – дейді құс фабрикасының өкілі. Ал мемлекет қолдауы – осының тек 3 пайызы. Егер 3 теңгеден субсидия төленетін болса, 10 пайызды құрамақ. Соңғы кезде субсидияның тиімділігі туралы мәселе жиі қозғалып жүр. Жұмыртқа өндірісі – мал шаруашылығы саласында импорт алмастыруға қол жеткізген жалғыз дерлік сала. Тимур Қожахметов түсіндіргендей, Тәуелсіздіктің 30 жылында берілген субсидия көлемі мен импорт алмастыру пайызы көрсеткіштерін салыстырсақ, құс өсірушілер 100 пайыз импорт алмастыруға қол жеткізген. «Субсидия алған басқа салалармен салыстырсақ, импорт алмастыруға қол жеткізе алмағандар баршылық. Осы аспект арқылы құс өсірудің жұмыртқа өндіру саласы қаншалықты тиімді жұмыс істегенін айқын көруге болады», – дейді Тимур Қожахметов.ЕҢ ҚОЛЖЕТІМДІ АҚУЫЗ
Бұл сала тұрғындарды жұмыспен қамтып отыр. Якорь құс фабрикасында жыл он екі ай, тәулігіне 24 сағат бойы 100 шақты адам жұмыс істейді. Олардың 60 пайызы – әйелдер, 40 пайызы – ер адамдар. Ел Президенті қолдап отырған отбасылық әулеттер де бар. Ел саясатын жүзеге асыра отырып, бүгінде қиындыққа тап болған кәсіпкерлер өз мәселесімен Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсіновке жүгінді. Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген Рустам Манарбекұлы түсіндіргендей, бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігі құс өсіру саласын қолдау үшін тиісті ереженің жобасын Мәжілістің мақұлдауына ұсынған екен. Ереже қабылданса, сәуір айының соңында субсидия бөлу тәртібі, талаптары айқындалмақ. Ал жемазық мәселесіне қатысты бизнес-омбудсмен азық-түлік корпорациясына қаржы бөлінгенін, қазір құс фабрикаларын арзандатылған жемазықпен қамту мәселесі қарастырылып жатқанын жеткізді. «Жұмыртқа – әлеуметтік маңызы бар тауар екенін, бағаны көтеруге болмайтынын түсінеміз. Мемлекеттің ешқандай қолдауынсыз шекті бағаны ұстап тұрмыз. Әкімдікпен меморандумға қол қойдық. Біздің мәселемізден жергілікті әкімдік хабардар, түсіністік танытып отыр. Өзге өңірлерде жасалған сауда есебінен жергілікті қазынаны толықтырып отырмыз. Енді мемлекет тарапынан бізге азғана қолдау көрсетілсе, жоғары жақ бізге қарай бір қадам жасаса болғаны. Себебі біздің өнім – ең қолжетімді, табиғи ақуыз», – дейді солтүстікқазақстандық құс өсірушілердің атынан Тимур Қожахметов.Солтүстік Қазақстан облысы